«Бөкей ордасы» тарихи кешені

0
1183

«Бөкей ордасы» тарихи-музей кешені облыс орталығынан 550 шақырым жердегі Батыс Қазақстан облысы Бөкей Ордасы ауданы Хан ордасы ауылында орналасқан. Хан ордасы екі ғасыр ішіндегі Бөкей даласында, кейін ауданда болған көптеген Қазақстан үшін маңызды саяси-экономикалық, тарихи-мәдени оқиғалардың орталығы болып табылады.

Ауыл көшелеріндегі хан Жәңгір кезеңінен қалған 40-тан астам ғимараттар мен XIX ғасырдан сақталған басқа да құрылыстар өлкенің даму тарихынан сыр шертеді. Мұндағы 1828 жылы салдырған хан Жәңгір сарайы қазақ жерінде сақталған бірден-бір хан ставкасы болса, Қазақстанда тұңғыш ашылған жәрмеңке, мектеп, дәріхана, аурухана, казначейство, қыздар мектебі, өрт сөндіру мекемесі, баспахана, оба індетіне қарсы станция, басқа да мекемелердің ғимараттары аспан астындағы музейдің ішіндегі дайын жәдігерлері іспеттес. Ал ауылды қоршаған қарағайлы орман мен Нарын құмы Хан ордасының сәнін асыра түседі. Әлі күнге дейін Жәңгір хан негізін қалаған Хан ставкасында, немесе бүгінгі таңдағы атауы бойынша Хан ордасында хан құрылыстары, сауда көшесі, аурухана кешені, мектеп қалашығының аймақтары сақталған. Бұл аймақтардың сауда көшесінен басқа республика деңгейінде танымал Бөкей ордасы тарихи-музей кешені территориясына кіреді.

Кешен құрамында 1828 жылы салынған Хан сарайы, XIX ғасырда салынған дәрігер А.А.Сергачев тұрған үй, 1835 жылы салынған Хан мешітінің жобасы негізінде қайта салынған мешіт ғимараты, 1868 жылғы Тарғын мектебі, 1883 жылы ашылған Қыздар училищесі ғимараты, XIX ғасырдағы мектеп қалашығының бес үйі, 1852 жылы ашылған аурухананың екі ғимараты және ауылдан 4 шақырым жерде орналасқан Хан Жәңгір, күйші Д.Шығаев, ғалым М.С.Бабажанов кесенелері құрайтын пантеон бар.

Бөкей ордасы тарихи-музей кешені 1962 жылы Қазан төңкерісінің 45 жылдығына орай қоғамдық негізде ашылған Орда тарихи-революциялық музейінен бастау алады. Музейге қарасты ғимараттардың көбеюіне байланысты Орда тарихы музейі 2002 жылы Бөкей ордасы тарихи-музей кешені дәрежесіне көтерілді. Бөкей ордасы тарихи-музей кешеніндегі Казначейство ғимаратында –Бөкей ордасының 200 жылдық тарихын баяндайтын «Бөкей ордасы тарихы», Хан мешітінде «Тәуелсіздік», Хан сарайының шығыс флигелінде- «Хан сарайындағы қару-жарақ палатасы» музейлері орналасқан. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының негізінде қайта, қалпына келтірілген Қыздар училищесінде 2007 жылы «Бөкей ордасында халыққа білім беру» музейі ашылды.

Кейінгі алаш зиялыларының саяси-идеологиялық қызметі осы Ордамен тығыз байланысты болды. Нысан атап өталған ерекшеліктеріне орай халық санасында, ел тарихында қалып отыр.