Туризм туған жерден басталады

0
687

Әлемдік жаһандану кезеңінде басқа елдермен тереземіз тең болып, өзіндік орнымызды айқындай түсу үшін білім мен ғылымды игеріп, туған өлкенің тарихын, әдебиеті мен мәдениетін терең біліп, салауатты өмір салтын мықтап ұстануымыз қажет. Осыған орай ойымдағы негізгі алты мәселені ортаға салып, өз пікірімше, соның шешу жолын ұсынбақпын.

Біз  білмейтін  туған  жер

Осыдан 100 жыл бұрын қазақ даласында автокөлік, пойыз, ұшақтың бірі де болған жоқ. Бірақ атам қазақ атпен-ақ кең байтақ жерімізді кезіп, құс қанаты талатын жерлерге дейін барды. Туған өлкесін тасынан, суынан, шөбінен-ақ танитын еді. Компассыз-ақ бағыт-бағдарын дәл айқындап, қажет жеріне бара алатын. Қазір ше? Тіпті ауылдан 15-20 шақырым қашықтыққа шығарып, енді ауылыңды өзің тап десе, жас түгілі, кей жағдайда ересек те адасып кетеді. Кейбірі қаланың қақ ортасында тұрып, оңтүстігі мен солтүстігін айырмайды. «Жайық өзені Еуропа мен Азияны бөліп жатыр, біздің жер – Еуропа мен Азияның қақпасы» деп мақтанамыз. Сөйте тұра, көпшілік жас Жайықтың қай беті Азия, қай беті Еуропа екенін білмейді. Бөкей хан қазақ елінің қамын жеп, өз басын қатерге тігіп, біліктілігі мен білгірлігі, дипломатиялық шеберлігі арқасында Жайық пен Еділдің арасынан жер алды. Туған елдің аумағын кеңітті. Енді бүгінгі жастан, тіпті кейде үлкеннен «Еділ өзені Жайықтың қай бетінде?» деп сұрасаң, абдырап қалады. Патша үкіметінің қазақтарды жерінен ығыстырып, отарлаудың шарықтау шегіне жеткеніне ашынған айтыскер ақын, жырау Мұрат Мөңкеұлы:

«Еділді тартып алғаны –

Етекке қолды салғаны.

Жайықты тартып алғаны –

Жағаға қолды салғаны.

Ойылды тартып алғаны –

Ойындағысы болғаны» – деп жырлады. Бір оқығанда, бәрі түсінікті. Міне, біз қазір Жайықтың жағасындамыз. Ойланайықшы: Еділ қайда, Ойыл қайда? Жаңа ғана бәрі түсінікті болған шумақ енді көпшілігіне түсініксіз. Алдыңызға жер сызбасының картасын әкелсе, жазулы өзендердің атауын жылдам табасыз. Әйткенмен, біз картаның үстінде емес, жердің үстінде өмір сүреміз.

Мектеп қабырғасында математика, информатика, геометрия, физика, химия пәндері қиын, ауызша сабақтар, яғни тіл, әдебиет, тарих, география іспеттес пәндер оңай деуші едік. Көпшілігіміз
11 жыл бойы мектепте оқығанда тарих, әдебиет, қоршаған ортамен таныстыру, астрономия, география пәндерінен төрт пен бес деген баға алып едік қой. Бұған төрт жылдық ЖОО-дағы білімді тағы қосыңыз. Сонда біз білім, ғылым арқылы көп нәрсені білеміз деп жүргенде, қарапайым туған жерімізді танымауымыз қалай?

Шытырлаған ақша  шетелге  кетуде

«Жүз рет естігеннен, бір рет көргенің артық» дегендей, қолың қалт еткенде демалып, туған жердің табиғатына сүйсініп, өлкеміздің шырайлы жерлерін барып көргенге не жетсін. Алысқа бармай-ақ, облысымыздың ау­мағындағы та­рихи маңызды орындар (ескі қалашық, қорғандар, мешіттер т.б.) мен тарихи ма­ңызды тұлғалардың туып-өскен, жерленген жерін көруді немесе табиғи көрікті орындарға баруды қаласам, маған кім жол сілтейді? Ол жерлерге қажетті инфра­құрылымдар жеткізілген бе? Тамақтану­ға, қонуға жағдай жасалған ба? Әрине, жоқ. Тіпті кімнен ақыл сұрарыңды білмей, апарып көрсететін адамды таба алмай, дал боласың.

Ал шетелде демалғың келсе, қайда не бар, қандай жағдай жасалған, бәрін ғаламтордан табасың. Үйіңнен шықпай-ақ ғаламтор арқылы билетіңді алып, қонақүйіңді брондайсың. Барғанда та­мағың тоқ, көйлегің көк күйіңде сол елдегі экскурсоводтың сілтеуімен жер көресің, ел танисың. Олар қалтаңдағы ақшаңды сыпырып алып, өздерінің табиғи көрікті және тарихи қызықты жерлеріне апарады. Ұтатын – шетел. Ұтылатын – біз. Жыл бойы тер төгіп еңбек етіп тапқан ақшамызды шетелге апарып құямыз. Солардың табиғи, тарихи жерлерін көріп мәз боламыз. Себебі онда жайлы қонақүй, әдемі шомылатын жер, түрлі тағам, көңілден шығатын қызметтер бар.

Балама не бердім?

Адам жыл бойы жұмыспен жүр­генде бала-шағаға көп көңіл бөлінбейді. Жылына бір рет еңбек демалысын алып, өз қалауынша демалады. Бірақ осы бір демалыста балаңа тәрбиелік мәні бар қандай іс қылдың? Балаңның дені сау, саналы, парасатты болуы үшін, есейгенде «кезінде менің әкем не анам мен мына жасқа толғанда айтып еді, көрсетіп еді, содан осыны түсіндім, білдім, осылайша өмірлік ұстанымымның қалыптасуына әсер етті» деп, болашақта ол өз ұрпағын тәрбиелейтіндей мәнді іс атқардың ба?

Тарихымызды  таныдық  па?

Жоғарыда жерімізді геогра­фия­лық жағынан танып білуден ке­ремет емес екендігімізді аң­­­ғар­дық. Ал тарихын қандай деңгейде білеміз? Тілін, дінін, тарихын терең білмеген елдің болашағы бұлыңғыр болары анық. Менің байқағаным, жай қарапайым адам түгілі, кей жағдайда тарихшылар­дың өздері туған өлкенің өткенін жан-жақты біле бермейді. Қазақстанды мекендейтін барлық халықты ұлттық рухта оқытатын тарихи білім беру жүйесі де жолға қойылмаған. Біз алысқа бармай-ақ, соңғы сегіз ғасырды алайықшы. Алтын орда, Ноғай ордасы, Бөкей хандығы. Өз деңгейінде тарихи бағасын алмаған бұл елдердің астаналары да осы жерде. Ойланып қараңызшы, хандарды айтпағанда, қанша батыр, би, әнші, күйші, жыршымызды білесіз. Саусақпен санамалап, онға жеткізе аласыз ба? Ел тағдырын қарақан басынан жоғары қойып, қиын-қыстау кезеңде білектің күшімен, найзаның ұшымен жер қорғаған батыр бабаларды, болашақты болжаған, алашын ойлап, қайғырған абыздарымызды, дау-дамайды шешіп, жұрт біткенді бітістіріп, қиыннан қиыстырып, сөз тапқан би-шешендерімізді, халықтың қуанышы мен мұңын ән мен күй арқылы шебер жеткізген өнерпаздарымыздың өміріне қаншалықты қанық екенбіз, ойланыңызшы. Білгенімізден білмегеніміз көп екендігін сезінеміз. Осыдан кеп тағы бір мәселе туындайды.

Көсемдерді  көшеден  көрсек

Қала мен ауыл-аймақта елге ерен еңбегі сіңген бабаларымыздың құрметіне жаңадан көше атаулары беріліп, ескерткіштер орнатылуда. Жаңадан көше атауы берілген, ескерткіш қойылған тұлғалардың дені соңғы 300 жылда өмір сүрген. Бұл 300 жыл Ресейге бодан болған кезең емес пе? Әрине, тұлғаларымыздың қай-қайсысы да – бодандық бұғауын бұзуға белсене атсалысып, болашақ ұрпағының азат елде ғұмыр кешуін бір табан жақындатқандар. Бірақ осы 300 жылға дейінгі кезеңдегі жаужүрек батырларымыз бен ел дегенде егілген абыздарымыз, би-шешен, ақын-жырау, әнші, күйшілерімізді неге ескермейміз?І Өз заманында төрткүл дүниеге танылған, бүгін есімдері аңызға айналаған жырауларымыз Асан қай­ғы Сәбитұлы, Шалкиіз Тіленшіұлы, Доспамбет Азауұлы, Қазтуған Сүйінішұлы, Жиенбет Бортоғашұлы, батырларымыз Едіге, Орақ, Мамай, Қарасай, Нәрік, Шора, тағы басқаларға тарих кітабының бетінен басқа ештеңе бұйырмады. Бұл бабалардың елге сіңірген еңбектерінің кемдігінен емес, ұрпағының өз тарихын дұрыс білмей, насихаттамағандығынан орын алып тұр. Егер осы олқылықтың орнын толтырсақ, Казақ елінің Ресейге бағынышты болғанға дейін өз алдына дербес, азат ел болғандығын өзге ұлт өкілі түгіл, өз қандастарымызға да жеткізер едік.

Жемқорлықты  жоюдың  жолы қандай?

Бүгінгі ақпарат құралдарын қа­расаңыз, «Жоғары қызметтегі пәлен деген мемлекеттік қыз­метші пара алып ұсталды, екінші біреуі мемлекеттің миллиондаған ақшасын жымқырыпты, біреуді біреу бопсалапты, анау мынаның тумасы екен т.б.» осы іспеттес ақпараттар қаптап кетті. Бұл – бүгінгі күннің ақиқаты. Шынымен, жемқорлық өршіп, ел болашағына қауіп төндіріп тұр.

Заңбұзушылық орын алса, кінәліні анық­тап, жаза қолдану басқалардың құқығын қорғау үшін қажет. Осылайша кінәлі дегеннің бәрін абақтыға тоғытамыз (экономикалық қылмыстарға қатысты жаза қолдануда барлық уақытта бірдей абақтыға қамау дұрыс па, әлде көлемді айыппұл не басқа жаза қолданған жөн бе? Ол басқа әңгіме). Енді біз 20-30 жылдан кейін де жемқорлықпен осылай күресеміз бе? Әлде басқа жолдарын іздейміз бе? 20-30 жылдан кейін жемқорлық дең­гейі қазіргіден төмен болу үшін бүгін не істеуіміз қажет?

Бұл үшін бабалардың бала тәрбие­сіндегі салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының бүгінгі күнге оңтайлы озық үлгілері ар­қылы ұрпағымызды жастайынан ұлттық құндылықтарды бойына сіңіртіп, өзінің тілін, тарихын жетік меңгертіп, терең бі­лім беріп, адамгершілік, имандылық ба­ғытта тәрбиелеу қажет. Ұлттық рухани мәдениеттің адамгершілік тәрбиесіндегі мәніне сүйеніп, жеткіншектердің өз Отанына деген сүйіспеншілігін, халық дәстүрлеріне құрметін арттыра білу керек. Қорқыт ата мұрасындағы тәлiмдiк өсиет бүгiнгi ұрпақ үшін де аса маңызды. «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман… Менмен, тәкаппар адамды Тәңiрi сүймейдi… Ақылсыз балаға ата дәулетiнен қайран жоқ… Қонағы жоқ қараша үйден құлазыған түз артық», – дейдi ұлы Қорқыт баба.

Бүгінгі баланың көпшілігі үйінде «ақша бәрін шешеді», «ақшасыз күнің жоқ», «ақшаң мен билігің болса ғана сені сыйлайды» т.б. осы іспеттес сөздерді естиді. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» де­гендей, өмірдің мәнін тек ақшамен байланыстырғанды көп естіген бала өскесін мол ақша табуды көздейді. Тапқан ақ­шасын еселеп көбейтуді ойлайды.

Қазақта бір мысал бар. Бір жүкті келіншек баласы өскен соң тәрбиелі, білімді, елге сыйлы азамат болуын қалайды. Содан көненің көзі – ақсақалға келіп, «Ішімдегі бала жақсы азамат болу үшін қашаннан бастап тәрбиелеген жөн?» – деп сұрайды. Ақсақал әйелден жүктілігіне неше ай болғанын сұрайды. Әйел: «Алты ай болды» – деп жауап береді. Ақсақал: «Шырағым, тәрбиені бастауға алты айға кешігіпсің» – депті. Яғни бала тәрбиесін ананың құрсағында жаралғаннан бастау қажеттігін ұрпақтың санасына бүгіннен сіңіруіміз қажет. Қазақта «Сүйекке сіңген тәрбие өзгермейді», «Ауру қалғанмен, әдет қалмайды» деген сөздер бар. Сонда сүйекке тәрбие қай жасқа дейін сіңеді. Атам қазақ «Он үште отау иесі» дейді. Бүгінгі жас он үште емес, жиырмада отау иесі болсын. Яғни жиырмадағы азамат­­тың өзі бала тәрбиелейтін жасқа келді деген сөз. Бұл жастағы адамға бағыт-бағдар беріп, оң тәрбие беруге ықпал жасауға болады, бірақ қайта түзетіп тәрбиелеймін деу бос әурешілік болар.

Махамбет батырдың:

«Еділ үшін егестік,

Тептер үшін тебістік.

Жайық үшін жандастық,

Қиғаш үшін қырылдық» – деп жырла­ғанындай, қаншама батыр бабаларымыз еліміздің ертеңі үшін жер жастанды. Осыдан 100 жыл бұрын ұлт зиялылары қарудың күшімен азаттық пен теңдікті ала алмайтындығымызды түсініп, қолдарына қалам ұстап, білім арқылы халық санасын оятып, азаттыққа үгіттесе, кәсіп үйрену арқылы жағдайын түзеуге жөн сілтеді. Кеңес үкіметі осы ұстанымы үшін бәрін атып өлтірді. Үрім-бұтағын қудалап, тоз-тоз етіп жіберді. Солақай саясат арқылы халықты әдейі аштан қырды. 6 миллион қазақтың 4 миллионы аштықтан өлді.

Әр жас бүгінгі бейбіт күннің арайлап атқан әр таңы аналарымыздың көз жасы, бабаларымыздың тері мен қаны арқылы келгенін жүрегімен сезінсе, біздің тектен тек кең байтақ жердің иесі емес екендігімізді түсінсе, мемлекетіміздің есебінен мәдениетке, білімге, ғылымға, тұрғын үй саласына, ауыл шаруашылығына, кәсіпкерлікті дамытуға т.б. салаларға бөлінген қаржыларды жымқыруға, талан-таражға салуға, ысыраптауға бармайды және соған жол бермейтіні анық.

«Ақ сүтпен бiрге сiңген жақсылық айнымайды еш,

Алғанша ажал қапсырып.

Ет сүйекпен бiрге бiткен қылығың,

Өзгермейдi салғанша ажал құрығын» – деп Жүсiп Баласағұн айтқандай, жемқорлықтың тек жазалаумен емес, дұрыс тәрбиемен жолын кесуге болады.

Ішкі  туризм  –  ең  күшті  туризм

Сонымен, алты негізгі мәселені айттым. Осы мәселелерді шешу жолының бірі – ішкі туризмді ғы­лыми тұрғыда зерттеп, дамытуды қолға алу болар еді. Елбасы биылғы Жолдауында: «Ағымдағы дамудың маңызды мәселелерінің бірі Қазақстан экономикасына тікелей шетел инвестициясы ағынын әртараптандыру болып табылады. Оларды перспективалы салаларға, мысалы, туризм саласына бағыттау қажет. Дамыған елдерде туристік кластердің үлесіне ІЖӨ-нің 10%-на дейін тиесілі. Бізде 1%-ға жетпейді. Тұтастай ел бойынша туризм өсімінің нүктелерін зерттеу қажет, олар аз емес», деген болатын. Мінекей, көп мәселенің шешімін шешуге Елбасы тапсырма берді. Ұрыста тұрыс жоқ. Енді ыждағаттап іске кірісуіміз қажет.

Біздің аймақ – табиғи әдемі мүйістері көп, кең жазық даласы, орманы, өзені, көлі, бұлағы бар, флорасы мен фаунасы бай, «қой үстінде боз торғай жұ­мыртқалайтындай» керемет жер. Сонымен қатар өлкеміз тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді өзінің тарихи орындарымен де қызықтыра алады. Сондықтан тарихи орындар мен тарихи тұлғаларымызға қатысты терең ғылыми зерттеулер жүргізіп, болашақ ұрпақты адамгершілігі мол, иманды, отансүйгіш етіп тәрбиелеуге ықпал ететін тұстарын ескеріп, ішкі туристік кластерлер жасақтауымыз қажет. Туристік кластерлер аудандық, ауданаралық, об­лыстық, аймақтық, республикалық дең­гей­лерге бөлінгені жөн. Тұтынушының қалауы бойынша атпен, түйемен, велосипедпен, автокөлікпен, ұшақпен аралауға мүмкіншілік жасалуы тиіс. Өткен жылы филология ғылымдарының докторы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Ғарифолла Әнес Атырауда болған жиында: «Махамбет-Мұрат басынан шыққандар Асан қайғының, Құрманғазының, Жұмекеннің кіндік қаны тамған жерді көріп, одан Хан ордасына соғып, одан әрі Ақтөбе асып, Исатай бабамыздың басына тәу етер еді. Қажытарханнан басталатын Құрманғазы-Дәулеткерей-Мұхит-Қазанғап.., Сарайшық хандары, Бөкей хан-Жәңгір хан-Әбілқайыр хан… мазарлары маршруттары, Ноғайлының 4-5 астана-бай­тақ Сарайларының арасын қосар күре жол туристік кластерге сұранып тұр емес пе?» -деген еді. Бұған Оралдың маңындағы – он төртінші ғасырдағы Жайық қалашығын, Бөрлі ауданы аймағындағы зерттелуін күтіп жатқан Қырықобаны қосыңыз. Алаш арыстарының жанқиярлығымен 18 ай бойы өмір сүрген Батыс Алашорда үкіметінің съезі өткен Орал-Ойыл-Қаратөбе-Сырым ауылдары – көп қаржылық шығынды талап етпейтін дайын мар­шрут. Тізе берсе, бірінен-бірі асып түсетін тарихи маңызды, қызықты жерлер көп. Тек осы тарихи байлықты ұқсата білсек болғаны.

Ғылыми тұрғыдан зерттелгеннен кейінқаржылық жағы толық есептелуі тиіс, яғни жаңадан қандай ескерткіш­тер қойы­­лып, ашық аспан астындағы мұра­жайлар жасақталады, қай жерлерді қайта жөн­дейді, инфрақұрылымдар тарту, қонақүй, жолдар, асхана т.б. салынатын, атқарыла­тын істер толық есептеліп, оларды қар­жыландыру жолдарын шешу қажет.

Нақты ішкі туристік маршруттар айқын­далып, қолайлы жағдай жасалғаннан кейін әр ата-ана балаларын мектеп қабыр­ғасында оқыған кезде міндетті түрде облыстағы маңызды деген туристік маршруттармен жүріп өтуін қамтамасыз ету қажет деп түсіндіру керек. Бұл іс әр ата-ана үшін баласына тәлім-тәрбие берудегі парызының бірі деп қабылдануы тиіс.

Менің ойымша, әр аудан бүгіннен осы мәселемен айналысып, өз ұсыныстарын дайындауы тиіс. Тіпті аудан ішінде туристік кластерлер ашып, жұмыстана беруіне болады. Аудандардағы кейбір мектептер осы бағытта жұмыс бастағанын естиміз. Бірақ бұл тек бір мектеп деңгейінде емес, жалпы аудан көлемінде дамыса, оң болар еді және де атқарып жатқан істері туралы ақпарат құралдарына кеңірек мағлұмат беріп, іс-тәжірибелерімен бөліссе, тіпті жақсы.

Туризм нүктелерін зерттеу барысында тек ақшалай пайда табудан басқа болашақ ұрпаққа тәрбиелік мәні бар жағдайларын мұқият ескерген жөн. Жастар – елдің болашағы. Оларға өз елінің тарихын, тілін жетік меңгертіп, отансүйгіш етіп тәрбиелеуге бүгін үлкен қаржы салсақ, есейгесін олар елге адал қызмет етіп, болашағымызды баянды ететіні кәміл.

Бұл жобаларды жүзеге асыру барысында ұрпақ тәрбиелеудегі маңыздылығы­мен қатар экономикалық тиімділігіне де мән берген жөн болар.

БҚО туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының туристік қызмет көрсететін мекемелерден жинақтаған ақпа­ратына зер салсақ, біздің елден шетелге шыққандар саны: 2009 жылы – 5536 адам, 2010 жылы – 7515 адам, 2011 жылы 9023 адам болыпты. Шетелге шыққан әр адам орташа 120 мың теңге жұмсайды деп есептесек, 2011 жылы шамамен 1 млрд. 82 млн. теңгеден артық қаржы өзге елдерді дамытуға кеткені көрініп тұр. Жылма-жыл шетелге шығу саны өсіп барады. Болашақта ішкі туризмді дамытып, демалушыларға қолайлы жағдай жасап, 2011 жылы шетелге кетуші адамның 30%-ын өз жерімізде демалдырсақ, кемінде 324 млн. теңге өзімізде қалар елді. Бұл қарапайым, долбарлап алынған есеп. Тап осылай болмағанымен, қаржылай да тиімділігі болатындығы айқын.

Түйіндей айтқанда, ішкі туризмді дамыту – ұрпақты отансүйгішке тәрбиелеу, тарихымызды түгендеу, бабаларды құрметтеу. Батыр бабаларымыз бен әулие аталарымыз, би-шешендеріміз, ақын-жыршы, әнші-күйші т.б. елге ерен еңбек еткен тарихи тұлғалардың жүрген жерін көзбен көріп, өмірін біліп, зиратына дұға етсе, тарихи қала, қорған, елді мекен орындарына барып, бас исе, ол адамның дүниетанымы кеңейіп, өмірлік көзқарасы айқындалып, Алланың шапағаты тиері анық.

Жантас НАБИОЛЛАҰЛЫ