Көл-Шұбар

0
487

Жеті жүз он алтыншы ұлу жылы. Ақпан айы. Өтүкеннің ойында, Орхон суының бойында, киелі Қарабалықтағы қаған ордасында үлкен түсел. Түселде Білге қаған, оған қатарлас бас сардар Күлтегін, Тоныкөк бойла баға-тархан, орда бұйрығы Сабұқ Көл-еркін, тамғашы Тамған тархан, үлкен дегдар Ашиде Елтабір, Баға Тәңіркен шад, Меңүтай-шора бастаған бір топ бектер мен шадтар, еркіндер, ұласқан бұйрықтар отыр. Олар бәрі бірігіп батыстан бас көтерген Түркеш қағаны Сүліктің жәйін сөз етуде. Сүлік Түркешке қаған болды. Бізге бағынбай, Табғаш қағанға елші салып, «оң қол қаһарлы тосқауыл тайсанғұн, Түркеш тұтығы» деген мәнсап алыпты. Табғаш қаған оған нөкер сардар Ван Хуэйді мойшақпен жіберіп, тағы да оқалы тон, зер белбеу, жеті салпыншақты күміс кісе тарту етіпті. Соған қарағанда араларынан қыл өтпестей болған секілді, — деді Баға Тәңіркен бар жәйді қысқа қайырып. Өжелі мен ұлдарынан енді құтылдың па дегенде бұл қайдан шыққан Сүлік тағы? — деді Білге қаған алтындалған аса таяғын қымтай ұстап. Бұл түркештің қара әулетінен. Ал Өжелі сарының тұқымы. Түркештер Істеми қағанның кезінен қара, сары болып бөлінген. Сүлік солардың бәрінің басын бір жерге қосқан сыңайлы, — деді Күлтегін. Ендеше, бұған сәл қарауға болмайды. Оның үстіне, Табғаш қаған араласуын қоймаса, алда талай қанкешу тұрғаны анық, — деді қаған. Қаған ием, осының бәрі Қапаған қағанның қазасына тура келіп тұр. Табғаштар орайлы сәтті пайдаланып біздің ту сыртымыздан қол салмақ көрінеді.

Источник: https://e-history.kz/kz/contents/view/2429
© e-history.kz