Ғұмар Қараштың жерленген жері

0
1643

  Ғұмар Қараш (1875-1921) – қазақ халқының көрнекті ақыны, фольклоршы, дін және қоғам қайраткері, Алашорда арысы, ағартушы. Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында дүниеге келген, руы-ноғай қазақ. Ол өз шығармашылығында азаматтық асқақтығы мен нәзік лириканы шебер үндестірген тұлға, философ, батыстың менталитеті мен шығыстың қалыптасқан діни қағидаларының арасына алтын көпір бола білген адам.

Алдымен жергілікті медреседе сауатын ашып, кейін Уфа қаласындағы медреседе жоғары діни білім алған, кейбір мәліметтер бойынша, оқуын Стамбулда жалғастырған деген ақпарат бар. Ғұмар Қараш- Ресей империясының Шығыс бөлігі мұсылмандарының Діни кеңесінің қазақтардың арасынан шыққан алғашқы мүшесі. Мұсылмандық білім алған соң, Ғ.Қараш біраз уақыт діни мансапқа ұмтылады. Алайда көп ұзамай ол ағартушылық идеяны насихаттай бастайды, бұрынғы қазақ мектебін реформалауды қолдайды, сөйтіп дін тарату ісінен біржолата алшақтайды. Бұдан әрі ол бар күш-жігерін әдебиетпен айналысуға, қазақ поэзиясының үлгілерін жинақтап, кітап етіп бастырып шығаруға жұмсайды. Алаш партиясы мен өкіметіне жақтас болған Ғұмар Қараш қоғамдағы қалыптасқан құрылымды күшпен жоюға жан-тәнімен қарсы болды. Осыған байланысты «Алаштың азаматтарына», «Неден қорқамын», «Күн туды» өлеңдер жинағын шығарды. Алайда көп ұзамай ауылды кеңестендіруге қарсы күреске араласып кетті.

Ғұмар Қарашты 1921 жылы 12 сәуірде Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылдық округі жеріндегі Құнаншапқан деген жерде жаулары қылыштап өлтірген. Ақын Жәнібек ауданының Талов ауылдық округінің аумағында жерленген. Жанында ұлы Абдолқадырдың зираты бар. Ғұмар Қарашқа Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Қараоба ауылында ескерткіш орнатылған. Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана Ғұмар Қараштың ардақты есімі мен мол әдеби мұрасы халыққа қайтарылды. Оның есімі Қазталов ауданындағы Қараоба мектеп-гимназиясына берілді, Орал қаласындағы бір көше ақын есімімен аталды.

Жарық жолға бастаушыға еремізбе,

Ақжүректі шын ерлерге сенеміз бе?

Таза қанды, кірсіз жанды қазақ

Өз алдына ел болғанын көреміз бе?- деп жырлаған Ғұмар ақын дербестікті, ұлттық фольклор қоры арқылы тілдің шұрайын, қазақтықты аман сақтап қалуды, азаттықты аңсады.

Қазталов ауданында Тіленшісай жәдид мектебін ашқан Ғұмар Қараш жәдидшіл қозғалыстың өкілі. Жәдитшілдік-Ресей империясы шегіндегі ақ патшаның қол астында мекендейтін, бұратана, артта қалған деп саналған мұсылман түркі халықтарының арасында қалыптасқан жаңару қозғалысы. Заманға сай озық процестерді-экономикалық және мәдени-ағарту тетіктерін айқын енгізуді, ұлт мәдениетін дамытуды жақтаған, сонда ғана ел мерейі үстем болып, қоғам дұрыс дамиды, дәуір талабынан шыға алады. Заманға сай бәсеке жарысқа бек лайық құралданған халықтардың ғана бағы жанады. Оқу, білім- сол жолдағы шамшырақ.