Жұмағазы Хазірет кесенесі

0
808

Жұмағазы хазірет жас кезінде біраз жыл Түркістан қаласында, Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи мешітінде әрі білім алған, әрі қызметінде болған. Ол жайында кезінде ақсақалдардан естіген мынадай әңгімені айтады: «Бір күні атамыз бала кезінде намазға барыпты. Намаз оқылып болып, имам шығып кеткен соң, Жұмағазы әулие  сіздер жаңа кімге ұйыдыңыздар депті, сонда көпшілік не деп тұрсың, имамға ұйыдық деп жауап қайтарыпты. Сонда бала: «Жоқ, сендер көк сиырға ұйыдыңдар»,-депті. Содан баланы имамға алып барыпты. Имам: «Мен намаз оқып отырғанда ойым табыннан бөлініп кеткен көк сиыр қай жаққа кетті екен деген ойда отыр едім, мына бала соны біліп отыр депті. Мен тамшы, мына бала көл»,-деген екен.

Жұмағазы хазіреттің қасиетті, ерек тылсым күші туралы аңыз-әпсана толып жатыр. Солардың бірінде: «Жұмағазы хазірет Түркістаннан оралған соң қазіргі Сырым мен Теректі аудандары аралығындағы жерді жайлап отырған қазақ руларының ақсақалдарына жолығып, қоныс сұрапты. Бірақ рубасылар Жұмағазының өтінішіне құлақ салмайды. Сол кезде бұрылып кетіп бара жатқан Жұмағазы хазіреттің арқасынан лаулап от көрінген екен. Мұны байқаған бір ақсақал: «Оу, жұртым, мына адам тегін кісі болмады, киесі ұрар, өтінішін орындап, жер бөліп бермесек болмас!»-деген екен дейді. Қазіргі Тамасай, Үбінияз жайлауы деген жерлер сол кезде Жұмағазы хазіреттің үлесіне  берілген жерлер болса керек. Ал, қыста қыстауы Қараоба бетте болғанымен, жаз жайлауы оңтүстік батыс жақтағы Қауыз, Тамасай деп аталатын кең жазық болған. Оның бойындағы ерекше қасиетін сипаттаған келесі бір аңызда: «Жұмағазы хазіреттің ерте күзде жаңа қатқан Аңқаты өзенінің үстінен тарантас арбамен өтіп кеткендігі сөз болады. Сонда қабыршақ мұз арбаны қауырсын құрлы көрмей көтерген, ал арба соңынан ерген күшік ит малтығып, суға бата берген екен». Осы күндері оның жатқан жері- Қараоба Бұланы келім кетіменнен арылмайды. Алыс жақыннан әулиенінің басына арнайы зират етіп, түнеуге келгендер де жетіп артылады.