Жымпитыдағы Алашорда үйі

0
737

Алашорда үкіметінің батыс қанаты- күнбатыс Алашордасының орталығы болған Жымпиты селосында Алаш тарихымен байланысты бірнеше ғимарат салынған. Оның бірі- күнбатыс Алашорданың кеңсесі. 1918-1919 жылдары Жаһанша мен Халел Дсмұхамедовтар басқарған Күнбатыс Алашорда үкіметі Жымпитыдағы тарихи ғимаратта орналасқан. Алаш жұрты азаттыққа қол созған 1917-1918 жылдары Алашорданың батыс қанаты ең ұзақ: 19 ай -578 күн бойы өмір сүрген.

Бұл ғимаратта 1867 жылдары салынған, екі қабатты ағаш үй, қабырғасы саман  тастан тұрғызылып, сыртқы қабаты тақтаймен қапталған. Орыс саудагерлері осы ғимаратты салғаннан кейін 1890 жылдың аяғында астық тартатын механикалық диірмен салады. Онда сөктен бастап ең қымбат сапалы астық тартып, Орынбор, Оралға дейін жеткізіп сатқан. 1917 жылы шілде айында Алаш партиясы құрылды. Осы ғимаратта 1918 жылдың ақпан айынан 1920 жылдың қазан айына «Алашорда» үкіметі орналасты. Үкімет басшысы- Жаһанша Досмұхамедов, орынбасары болып Халел Досмұхамедов сайланды.

Бүгінде Жымпиты ауылында Алаш аллеясы, Алашорда музейі жұмыс істейді. Бұнда Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткіш пен Алаш арыстарының тас мүсіндері орналасқан.

Батыс және Шығыс Алашорда үкіметінің басшылары мен белді мүшелерінің мүсіндері сомдалған. Олар: Жаһанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов, Беркінғали Атшыбаев, Уәлихан Танашев, Ғайса(Иса) Қашқынбаев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев.

Алашорда арыстарына арналған ескерткіште қараңғылықтан жарыққа, жарқын болашаққа қалың қазағын соңынан еріткен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жаһанша Досмұхамедовтар, қолдарынан негізгі заң кітабы бейнеленген. Көкте жарқыраған күн- ол тәуелсіздік белгісі болса, соған жете алмай қалықтап ұшқан қыранның бейнесі сомдалған.

Елінің еркіндігін аңсаған Алаш қайраткерлерінің асыл армандарына қол жеткізе алмай орта жолда қуғын-сүргін құрбандарына айналғандығының бейнесі.

Арыстар арманы бүгінгі таңда орындалды. Алаш арыстарына арналып ашылған ескерткіш пен саябақ- ұлт перзенттеріне көрсетілген тағзым.

Күні бүгін бұл ғимаратта Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің «Алаш» залы орналасқан, бұл зал Алашорданың 95 жылдығына орай ашылған.

Осы ретте біз Алаш арыстарының аманатына адалдық танытып, мемлекетімізді нығайтып, Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз.