Дәулетов Батырхан 1898 жылы 10 шілдеде БҚО Шыңғырлау ауданының Қарағаш ауылында дүниеге келген. Мамандығы – есепші, сауатты. Қаратөбе аудандық мемлекеттік банкінде бас есепшінің орынбасары болып жұмыс істеп жүріп, Совет Одағына қарсы халық арасында үгіт жүргізген деген айып тағылып, 1941 жылы қараша айының 10-ы күні тұтқынға алынған. Үйін тексерген кезде күдікті ештене табылмаған, қылмыстық істегі құжаттарға да солай жазылған. Тергеу барысында айыпталушы өзіне тағылған кінәнің бәрін де мойындаудан бас тартқан. Екі жылға жақын жүргізілген тергеу Б. Дәулетовті көндіре алмаған. Ары таза екеніне сенген ол қанша жауапталып, қиындық көргенімен, айтқанынан қайтпаған. Ақыры №3242 қылмыстық іс иесі ату жазасына ұсынылып, сотқа жолданған. 1943 жылдың маусым айының 5-і күні НҚВД-ның арнайы мәжілісі Батырхан Дәулетовке РСФСР-дың қылмыстық кодексіндегі 58-10-бап 2-бөлімі бойынша «халық арасында Совет Одағына қарсы үгіт-насихат жүргізгені үшін» деген айып тағып, еңбекпен түзету лагеріне 7 жыл қамауға алуға үкім шығарды. Қылмыстық істе ол кісінің соттан кейінгі тағдыры туралы ештеңе жазылмаған (БҚО Қаратөбе аудандық архиві).
Дәулетов Батырхан
- Аты-жөні: Дәулетов Батырхан
- Туған жері: БҚО Шыңғырлау ауданының Қарағаш ауылы
- Жаза түрі: Бас бостандағынан айыру
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ