Досмұхамедов Ғаббас (Қабас) (1869(1868) жылы БҚО Жымпиты ауданы №15 ауылда дүниеге келген. Алашорда Батыс бөлімінің жетекшісі Досмұхамедов Жаһаншаның ағасы, молдадан ескіше хат таныған адам, шаруашылығына ұқыпты, ата-жұртына сыйлы, туған жерінде елдің ұйытқысы бола білген жан екен. 1929 жылы 19 маусымда Жымпиты ауданының №15, 19-ауылдарының ауқаттылары Досмұхамедов Ғаббас, Әбілғазиев Есқали, Бекетов Тілеуқайыр, Рамазанов Оспанғали, Әділов Хұсайын және т.б. ауыл адамдары астық дайындау кезінде жасырын жиналыс өткізіп, мемлекетке астық тапсырмау жөнінде келісім жасаған деген айып тағылады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық басқармасындағы архив құжаттарында №2917 қылмыстық іс бойынша аудандағы өкілге жедел тапсырмалар беріліп, жаппай қудалау басталады. 1929 жылы желтоқсанда Орал облыстық ОГПУ тарапынан тұтқындалып, 1930 жылы 15 наурызда Орал облыстық ОГПУ Үштігінің шешімімен РКФСР ҚК 58-8, 58-10-баптары бойынша сотталып, ең ауыр үкім – ату жазасына кесілген. Үкім орындалған. Ғаббасты Жаһанша Досмұхамедовтің ағасы деп танып, Батыс Алашорданың белсенді мүшесі ретінде Кеңес үкіметіне қарсылық көрсеткені үшін ату жазасына кесілгені туралы қылмыстық істе бірнеше дерек берілген. 1930 жылы атылған (БҚО ПДА №П-2917 іс, Габбас Досмухамедовтың қылмыстық ісі).
Досмұхамедов Ғаббас (Қабас)
- Аты-жөні: Досмұхамедов Ғаббас (Қабас)
- Туған жері: БҚО Жымпиты ауданы №15 ауылы
- Жаза түрі: Ату
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ