Досмұхамедов Жанша (Жаһанша) 1887 жылы маусым айында Орал облысының Жымпиты уезіне қарасты Бұлдырты өзенінің бойындағы №3 Қарақұдық ауылында дүниеге келген. Алдымен ауыл молдасынан хат танып, кейін Жымпитыдағы болыстық мектеп «Приходская школадан» білім алады. 1896 жылы Орал қаласындағы әскери реалдық училищенің дайындық класына қабылданып, кейін осында оқу орнына түседі. Училищеде Халел Досмұхамедұлы, Жалмұхаммед Сүйінтұрұлы, Нұрғали Ипмағамбетұлы, Нұрғали Досболайұлы, Ғұбайдолла Бердіұлы, Шабазгерей Күсепқалиұлымен араласып, сырласты. Ұстаздардың ішінде Жаһаншаға жақын іш тартатын неміс тілінің мұғалімі Феликс Глизенгер болды. Ол жас шәкіртінің «халқыма қызмет ету үшін оқып жүрмін» деген жауабына риза болып, «Олай болса, тарихқа көбірек үңіл, заңдық қағидаларды зертте, халқың үшін қызмет істеуге көп, табанды дайындал» деп кеңес беріпті. 1906 жылы оқуын тәмамдап, сол жылы Мәскеудегі Императорлық университетке оқуға түседі. Мәскеу университетін 1910 жылы заңгер мамандығы бойынша бітіріп шығады. 1911 жылы Көші-қон басқармасының статист қызметінен еңбек жолын бастап, Ақмола, Торғай, Орал облыстары қазақтарының шаруашылығын зерттейді. 1911 жылы Томскіде отставкадағы генерал Черняев маңында земство бастығы болған К. Колосовскийдің қызы Ольгамен некеге отырады. 1911 жылы «Уральский листок» газетінің №9, 14, 20-сандарына «Несколько слов о киргизском обычном нраве и народном суде» атты мақаласы жарық көреді. Алдымен Томск қаласында мамандығы бойынша адвокат, кейін округтік соттың Каинск уезі бойынша прокуроры болып 1916 жылға дейін қызмет атқарады. 1916 жылы Ақпан төңкерісінен кейін Каинск уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарады. 1917 жылы Оралдағы уақытша Қазақ комитетінің арнайы шақыртуымен елге келіп, Орал қаласында 19-22 сәуірде өткен І Қазақ сьезінде төраға болып сайланды. Кейін Орынборда өткен І Жалпықазақ сьезіне делегат болып барады. Орал облысының Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат және Киев қаласында өтетін Федералистер сьезіне делегат болып белгіленеді. Орынбор қаласында өткен ІІ Жалпықазақ сьезіне делегат болып қатысып, «Автономия құру туралы» баяндама жасайды. Осы сьезде Алашорда үкіметі құрылып, оның төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланады. 1918 жылы Қаратөбеде Батыс аймақтарды басқаратын үкімет құру үшін облыстық құрылтай өткізеді. 1918 жылы сәуірде Жымпитыда ІV Орал облыстық қазақ сьезі өтіп, Уақытша үкімет – «Ойыл уәлаяты» құрылады. Үкімет құрамы 7 адамнан сайланып, оның құрамына Х. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, Д. Күсепқалиев, С. Омаров, Қ. Асанов, С. Сарғожин, Ғабдолғалым Қуанайбаласы сайланады. 1918 жылы қыркүйекте Уфа директориясын құру мәжілісіне Алашорда үкіметінен 12 делегат қатысып, осы мәжілісте «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметі таратылып, оның орнына Алашорданың Батыс бөлімін құру туралы шешім шығарылады. Оның төрағасы болып Ж. Досмұхамедов сайланады. Бір жыл сегіз ай қызмет жасаған Батыс Алашорда тараған соң заман күрт өзгеріп кетеді.
Алғаш рет Жаһанша 1920 жылы Орал қаласында тұтқындалады. Алайда ол өзін қорғап шығады. 1923 жылы ол Ташкентке кетеді. Онда ол ғылыми жұмыстармен айналысып, Орта Азиялық юристконсультант болып қызмет етеді және 1924 жылы кеңестік қылмыстық кодексті әзірлеп, «Жауыздық низамдамасы» деген атпен Ташкентте басып шығарады. 1927 жылы Қызылордаға көшіп келіп, УСНХ-да юристконсультант қызметін жалғастырады, 1929 жылы осы қызметі бойынша Алматыға ауысады, бірақ қарашада жұмыстан қуылады да, жұмыс таба алмай, Ташкентке қайта кетеді. 1930 жылдың наурызында Москваға барады, онда оның бажасы Тұрар Рысқұлов Ольга екеуіне Хавско-Шабловка қиылысындағы 11-үйден екі бөлмелі пәтер алып беріп, «Скотоводқа» жұмысқа тұрғызады. Осы жылы ол қамауға алынып, 5 жылға сотталады. Екі жыл түрмеде отырып, содан соң 1932-1935 жылдары Воронежге жер аударылады. Ол жақта экономист болып қызмет етеді. Жазасын өтеп болған соң Москваға оралады. Түрмеден келген соң денсаулығы сыр береді, сонда да Сәбит Мұқановтың кітаптарын аударумен айналысады. 31 сәуір 1938 жылы Мәскеудегі пәтерінен тұтқынға алынды. Ол тұтқындалған уақытта үйлерінде әйелі Ольга, енесі мен студент Қадес болған. Үш айға жуық Таганск түрмесінде отырып, Үштіктің шешімімен ең ауыр үкім – ату жазасына кесіледі. Үкім 16 шілде 1938 жылы шығарылып, сол жылдың 3 тамызында орындалады. Ұзақ уақыт бойына әйелі оның атылып кеткенін білмей келеді. Мәскеудегі Бутово полигонында 120 адаммен бірге таңғы уақытта атылған. Ол полигонда барлығы 20761 адам бірнеше шұңқырға көмілген және ұзақ уақытқа құпия түрде сақталып келген.
1957 жылы 2 желтоқсан №1811/57 іс бойынша Москваның қалалық соты Жаһанша Досмұхамедовтің кінәсі толық дәлелденген жоқ деп тауып және қылмыс құрамының жоқтығына орай істі тоқтатуға шешім шығарған. (Д. Сүлейменова, «Батыс Алаш орда» кітабы).