Досмұхамедов Халел 1883 жылы 24 сәуірде Атырау облысы Қызылқоға ауданының Тайсойған құмында дүниеге келген. Алаш қозғалысының қайраткері, Батыс Алашорда жетекшілерінің бірі, дәрігер, ғалым, ұстаз. Халел Досмұхамедов – он балалы Досмұхамед отбасының жетінші баласы. (Хасен, Халел, Құлбайыс, Құлымжан, қалғаны қыздар) Тайсойған құмының Сорқуыс атты мекенінде айналасына мәлім «Машақ ауылы» деген қоныс болған. Машақ би – Досмұхамедтің әкесі, Халелдің атасы. Сол себепті де кей құжаттарда Машақов Халел болып жазылған-ды. Ауыл молдасынан хат таныған Халел кейіннен әскери реалдық училищеге оқуға түседі. Оны 1905 жылы бітіріп, Санкт-Петербургтің жоғары әскери медициналық академиясына түседі. Сол кезде Россияның алдыңғы қатарлы прогрессивтік топтарымен қарым-қатынас жасап, революцияшыл жастар арасында болуы Халелдің болашақ көзқарасын қалыптастыруға әсер етеді. Ол 1909 жылы Петербургтің жоғары әскери медициналық академиясын үздік бітіріп, 22-атты казак-орыс батальонында кіші дәрігер, кейін аға дәрігер болады.
Халел студент кезінде арнайы төрт бөлмелі үй салғызып, өзі демалысқа келген кезінде ауылдың адамдарын қабылдап, оларға екпе жасап, арнайы медициналық тексерістен өткізіп тұрған. Сол жердегі үлкен ескерткіш тастағы «Халелдің ставкасы» деген жазу күні бүгінге дейін сақталған.
1918-1919 жылдары Алашорданың белгілі насихатшысы және ұйымдастырушысы болады. Алашорданың съездерін ұйымдастырып, үкімет төрағасы орынбасарының қызметін атқарады. Халел 1920 жылы Ташкентте дәрігерлік институтта әуелі физикалық және хирургиялық емдеу ординаторы болады. Халық ағарту институтында сабақ береді. Өз халқының болашағын ойлаған ол Қазақ ғылыми ағарту комиссиясы төрағасының орынбасары, кейін оның төрағасы қызметтерін атқарады. Халел 1920-1923 жылдары Ташкенттегі ғылыми жұмыстармен де жете айналысады. Сол уақытта ол мектептерге арнайы жаңа бағдарламалар, ғылыми терминологиялық сөздіктер жасап енгізеді. Бұл жылдары Халел өзінің талантты ұйымдастырушы екенін де көрсетеді. Сондықтан да оны халық ағарту комиссариатының алқа мүшесі етіп тағайындайды. Елде обаға қарсы күрес комиссиясының төрағасы болады. Сол жылдары Халелдің қаламынан бірнеше бағалы ғылыми зерттеу еңбегі жазылады.
Қазақта ең алғашқы профессор атағын алған Халелдің жиырмаға жуық еңбегі бар. Ташкентте «Талап» қоғамын құрып, көзі ашық адамдарды айналасына жинай біледі. 1925 жылы Х. Досмұхамедов Қазақ мемлекеттік басбасы шығыс бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Ал 1926 жылы Орта Азиядағы Қазақ республикасының ресми өкілі болып қызмет жасайды. Осы жылы, яғни 1926 жылы Жоғары педагогикалық институт ректорының орынбасары болып тағайындалады. 1927 жылы Қазақ мемлекеттік университетін ұйымдастыру жөніндегі комиссияның төрағалығын атқарады. Алайда 1930 жылдың 14 қыркүйегінде Алашорда құрамында болғаны үшін саяси айып тағылып, тұтқындалады. 1932 жылы 20 сәуірде ОГПУ Үштігінің шешіміміне РКФСР ҚК 58-10, 58-11-баптары бойынша сотталып, 5 жылға Воронежге жер аударылады, кейін уақыты ұзартылып, 7 жыл жазасын өтеп болды дегенде, 1938 жылы 26 маусымда қайтадан тұтқынға алынады. 1939 жылы 24 сәуірде Әскери трибуналдың шешімімен ең ауыр үкім – ату жазасына кесіледі. 1958 жылы 28 қаңтарда Қазақ КСР Жоғарғы Сотының шешімімен толық ақталған.
Қазір туған жері Атырау облысы Миялы кентінде оған ескерткіш қойылған. Атырау университетіне, Алматы және Атырау қалаларындағы көшелерге Х. Досмұхамедовтің есімі берілген (БҚО МА 453-қор, 1-тізбе, 2-іс; сонымен бірге Д. Сүлейменованың «Батыс Алашорда» ... кітабынан).