Жантурин Сәлімгерей, 1864 жылы дүниеге келген. Қоғам қайраткері. ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі. Орынбор гимназиясында орта білім алып, Мәскеу университетінің физика-математика факультетін және Санкт-Петербург университетінің заң факультетін (1889) бітірген. 1905 жылдан бастап патша өкіметіне оппозицияда болған саяси күштердің қызметіне араласқан. «Автономияшылар одағын» құруға тікелей атсалысып, 1905 жылы 19 қарашада өткен автономияшылдар съезіне қатысты. Кадеттер партиясына («Халық бостандығы») мүшелікке өтті. Бірінші орыс революциясы жылдары бүкілресейлік мұсылмандар съезін өткізуді ұйымдастырушылардың бірі болды. Бүкілресейлік мұсылмандардың үшінші съезінде «Ресей мұсылмандары одағы» («Иттифақ ул-муслимин») ұйымының ОК құрамына сайланды. Бірінші Мемлекеттік Думаның мүшесі болды. Онда мұсылман фракциясының құрамына кірді. Выборг үндеуіне қол қоюшылардың қатарында болды. Сол үшін патша өкіметі тарапынан айыпталып, 3 ай абақтыда отырды. Жантөрин өз қаражаты есебінен «Ғалия» медресесіне жәрдем ретінде 20 мың сом қаржы бөлді. Түрлі оқу орындарында оқитын қазақ жастарына көмек көрсетіп тұрды. 1911 жылы түркі тілдеріне енген араб-парсы сөздері жайлы кітап шығарды. 1914 жылдан Санкт-Петербург қаласында татар тілінде «Миллят» газетін шығаруды қолға алды. 1916 жылы Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясының жанындағы бюрода қызмет етті. Онда ана тілінде оқыту мәселесіне көп көңіл бөліп, ол жөнінде мұсылман фракциясына нақтылы ұсыныстар жасады. М. Шоқаев, С. Мақсұдов, А. Салихов секілді қайраткерлермен бірге майданның жұмысына Түркістан өлкесі мен Қазақстаннан алынған адамдардың хал-ахуалы жайлы мәліметтер жинастырып, оларды мұсылман фракциясына жеткеріп тұрды. 1917 жылғы Ақпан төңкерісі нәтижесінде патша өкіметі құлатылғаннан кейін қалыптасқан жағдайға сай империядағы түркі тілдес мұсылман халықтарының саяси іс-әрекеттерін бір ізге түсіріп, үйлестіріп отыру үшін Бүкілресейлік мұсылман съезін өткізу керектігін жақтады. Осы жылы Уфа губернаторынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Еділ-Орал автономиясының ұлттық жиналысына депутат болып сайланды. Алашорда үкіметіне қолдау танытып, оның жетекшілерімен тығыз қарым-қатынаста болды (Алашорданың белсенді мүшесі ретінде БҚО ПД архиві №П-2451 істе кездеседі; жалпы мағлұматтар мына кітаптан алынған: Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Құраст: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009).
Жантурин Сәлімгерей
- Аты-жөні: Жантурин Сәлімгерей
- Жаза түрі: Басқа
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ