Жантілеуов Шайхы, 1898 жылы Орал облысы Ілбішін уезінің №7 ауылында дүниеге келген. Жымпиты уезінің Өлеңті болысында тұрған, қазақ, білімі орташа. Алаш қозғалысына қатысушы, Қазақстанның мәдени даму ісін ұйымдастырушы қайраткер. Болыстық орыс-қазақ мектебі және Жымпиты орыс-қазақ Романов училищесінен соң Орал мұғалімдер семинариясын бітірді (1917-1919 жж.). 1917 жылы сәуірде өткен I Қазақ Орал облыстық съезіне қатысты. Сол жылы ақпанда Орал облысында оқитын қазақ оқушыларын «Ақ ниет» өзара көмек қоғамын ұйымдастырушылардың бірі. 1918 жылы мамырда Жымпитыда өткен IV Қазақ Орал облыстық съезінің делегаты. 1919 жылы Ойыл облыстық земство басқармасының кеңесінде әртүрлі қызмет атқарды. 1919 жылдың күзінен 1920 жылы желтоқсанға дейін Жымпиты уездік залалсыздандыру (дезинфекция) комитетінің төрағасы. 1920 ж. маусымда РК(б)П қатарына өткен. Жымпиты уездік Рк(б)П комитетінің хатшысы. (1921, ақпан – 1921, қазан); Орал БК(б)П губерниялық комитетінің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары (1921, қазан – 1921, мамыр), губкомның бюро мүшесі және қосымша «Қызыл ту» газетінің редакторы. Одан әрі Семей РК(б)П губерниялық комитетінің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары (1923, мамыр – 1924, мамыр); Семей уездік атқару комитетінің төрағасы (1924, мамыр – 1925, қаңтар); Семей губерниялық жер басқармасының меңгерушісі (1925, қаңтар – 1926, мамыр), Сырдария губерниялық жер басқармасының меңгерушісі (1926, мамыр – 1928, сәуір); «Казсовхозтрест» акционерлік қоғамының директоры (1928, сәуір – 1930, наурыз), Алматы округтік атқару комитеті төрағасының орынбасары (1930, наурыз, 1932, ақпан), «Риддерзолото» тресі басқарушысының орынбасары (1932, ақпан – 1933 жж), ҚАКСР Халық ағарту комиссариаты төрағасының орынбасары (1933-1937 жж), ҚАКСР Халық ағарту комиссариатының төрағасы Т. Жүргеновтің идеялық мұраттасы. Қазақстан мәдениетін дамыту, республикада білім беру жүйесін жолға қою ісіне елеулі үлес қосты. Мәдени мұраны игеріп, кәдеге жаратуда барынша ұқыпты болу, оны заман сұранысына лайықтаған кезде халық музыкасының әрін жоғалтып алмау көзқарасын ұстанды. 1937 жылы қуғын-сүргін күшейген кезде «Халық жауы, Т. Жүргенов тобына қатысушы» деген айыппен РКФСР ҚК 58-2, 58-8, 58-11-баптары бойынша тұтқындалып, 1938 жылы 26 ақпанда КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегиясының қаулысымен ең ауыр үкім – ату жазасына кесілген. 1956 жылы 28 шілдеде КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегиясының қаулысымен ақталған (Алашорданың белсенді мүшесі ретінде БҚО ПД архиві №П-2451 істе кездеседі.; жалпы мағлұматтар мына кітаптан алынған: Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Құраст: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. 102-103-бб.).
Жантілеуов Шайхы
- Аты-жөні: Жантілеуов Шайхы
- Туған жері: Орал облысы Ілбішін уезінің №7 ауылы
- Жаза түрі: Ату
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ