Жардемалиев Хаир (Жәрдемәлиев Қайыр) – бұрынғы Алашорданың белсенді мүшесі, әскери жасақтарын басқарған (БҚО ПДА, 6-қор, №П-563-іс, Джаканов Мизамғали ісі бойынша). 1893 жылы Бөкей ордасының Талөпке ауданы 1 Талап ауылкеңесінде туған. 1909-1910 жылдары Ғабдолғазиз хазірет Көбейұлы медресесінде оқыған. 1916 жылы тыл жұмысына алынып, Уфа қаласында болған. Сол жылы күзде өз қаражатына Уфадағы Ғұсмания медресесіне түскен. 1918 жылы елге қайтып, Орда қаласында тұңғыш ашылған педагогикалық курсқа жазылады. Қ.Жәрдемәлиевтің кейінгі өмірі Бөкей, Талөпке, Сламихин (қазіргі Жалпақтал) өңірлерінде білім саласымен байланысты. 1933 жылы Қ.Жәрдемалиев «кеңес үкіметіне сенімсіз элемент, бұрынғы молда» ретінде сотқа тартылған. Бірақ ақталып, Орал облыстық білім басқармасының кадр бөліміне меңгеруші болып тағайындалады. 1934 жылы Орал қаласында 1 басқышты мектеп мұғалімдерін қайта даярлайтын курстың меңгерушісі болады. Сонымен бірге Батыс Қазақстан облыстық советтік партия мектебінде сабақ береді. 1935 жылы қаңтарда БҚО Білім басқармасы жанын ашылған орталау мектеп мұғалімдерін қайта даярлайтын жылжарымдық педкурстың директоры болады. 1936 жылы 1 ақпаннан бастап Орал қаласындағы №4 қазақ орта мектебіне 5-7 сыныптарға ана тілі пәні мұғалімі болып қызметке жіберілген. 1936 жылы 10 шілдеде Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының жолдамасымен Ілбішін ауданындағы толық емес орта мектептің директорлығына жіберілген. Осы қызметінде жүріп, тұтқынға алынған. Оған «1933-1934 жылдары Орал қаласында жүрген кезінде контр-революциялық ұлтшыл ұйым құрамында партия мен үкіметтің шараларына қарсы әрекет жасады. Сол тұста облыстық партия комитетін басқарған Құрамысов, Балғаниязовтармен бірге, «Екпінді құрылыс» газетін басқарған Сәтбек Иманқұловтардың тобында болды, бұрынғы алашордашылармен ауыз жаласты, қызметке өзінің жақтастарын тартты» деген айып тағылған. 1937 жылы 13 қазанда атылған.
Жардемалиев Хаир (Жәрдемәлиев Қайыр)
- Аты-жөні: Жардемалиев Хаир (Жәрдемәлиев Қайыр)
- Туған жері: Бөкей ордасының Талөпке ауданы 1 Талап ауылкеңесі
- Жаза түрі: Ату
- Алаш әскері: Иә
- Алаш басшылары: Жоқ