Жәленов Кәрім, 1889 жылы Орал облысы Жымпиты уезі Байғұтты болысының 4-ші ауылында дүниеге келген. Батыс Алашорда қайраткері, әдіскер-математик, қазақтың алғашқы ауылшаруашылығы мамандарының бірі. Үш жылдық орыс-қазақ мектебін, екі сыныптық орыс-қазақ училищесін бітірген. Болыстық басқармада хатшы болып жұмыс істеді. 1905-1908 жж. Орал шаруашылық мектебін, 1908-1914 жылдары Орал реалдық әскери училищесін бітірген. Училищеде М.Х. Мырзағалиевпен бірге жастар үйірмесіне қатысып, жаз айларында Орал қаласы маңындағы Зеленов стансасында бай қазақ Астраханинге жалданып жұмыс істеген. 1916 жылы Б. Жанқадамов, М. Балтанов, М. Баймұхамедовтармен бірге қазақтан майданға адам алуды кейінге қалдыруды сұрап Петроградқа барған Жайық сырты қазақтары делегациясының құрамына кірген. Оқуын аяқтамастан, Түркістан генерал-губернаторлығы және Бүкілресей земство одағының және «Қазақ» газеті маңындағы ұлт зиялыларының шақыруымен тылдағы қазақ жігіттеріне жөн-жоба көрсететін мыңбасы, жүзбасы оқығандардың қатарында Батыс майданына келіп, осындағы 9 қос (жұмыс дружинасы) Кіші жүз жігіттеріне басшылық етуге қатысқан. Сол жылы наурыз-сәуір айларында Жайық сырты қазақтары управасының шақырумен I Қазақ Орал облыстық съезінде Жайық сырты қазақ комитетіне мүше болып сайланған. 1917 жылы мамырда Мәскеуде өткен Бүкілресейлік Мұсылмандар съезіне қатысып, кейін Жымпиты уездік атқару комитетінің төрағасы болған. Осы қызметте жүріп, Уақытша үкіметтің 1917 жылғы маусымдағы бұратана ұлттарға жергілікті басқару билігін земство жолымен беру жоспарында көрсетілген, қыстау бойынша уездік сайлау тізімін жасау тәртібіне орай бұрынғы әкімшілік бірліктерді қайта межелеу, саны аз руларды өз алдына болыс, ауыл етіп қоныстандыру жұмысын жүргізген. Бірақ бұл бастамасы саны мол, іргелі рулардың Салық Омаров, Кенесары Отаров, Жүсіпқали ақсақал секілді белгілі адамдарының, Ілбішін уездік атқару комитетінің Ғаббас Жетпісов, Мәулекеш Сарғожин тәрізді басшыларының наразылығын туғызды. Мұның аяғы наразы топтың Жымпиты уаткомы үйіне басып кіріп, Кәрім Жәленовтың орынбасары Бақтыгерей Игіліковті соққыға жығуына әкеп соқтырды. Жаңадан уатком құрамы жасақталды. Бірақ ұзамай ішінде Н. Ипмағамбетов, Ғ. Әлібеков бар облатком комиссиясының күшімен бұрынғы комитет қалпына келтірілді. 1917 жылы күздегі уездік земство басқармасына сайлау кезінде К. Жаленов басқарма мүшелігіне сайланбай қалады. Қазан айындағы Жайық сырты қазақтарының облыстық земство басқармасына баламалы негізде төраға сайлауы кезінде Х. Досмұхамедовтің кандидатурасын қолдаған. Облыстық атқару комитеті төрағасының міндетін уақытша атқарды. Жайықтың сол жағалауындағы құнарлы жерлерді қайтарып алу мәселесі көтерілген Құрылтай жиналысында қазақтарды жерге орналастыруды қолдайды. 1918 жылы қыста Қаратөбеде өткен III Қазақ Орал облыстық съезінде кедейлерге салынатын салық ауыртпалығын жеңілдету үшін салықты түтін басына емес, ауыл-ауыл, қауым-қауым бойынша бөліп салуды ұсынған Ғ. Әлібеков тобын жақтаған. Өзге мәселелер бойынша Жанша және Х. Досмұхамедовтар жағында болған. Осы кезеңде үйге қару сақтағаны үшін Казак әскери үкіметі тарапынан тұтқындалған. Е. Қасаболатов, Ә. Әлібеков, М.-Х. Мырзағалиевті кепіл болып босатып алады. 1918 жылдың бас кезінде өткен Орал большевиктері съезінен кейін большевиктер іс-әрекетінің жүгенсіз, анархияшыл сипатын әшкерелеп, оларға жақтас болғандар революциялық заң жолымен қатаң жазалатыны жөнінде облатком бұйрығын шығарды. Оралда оқитын қазақ жастарының мәдени-ағарту, өзара көмек көрсету бағытындағы «Ақ ниет» ұйымының құрылтай жиналысына қатысып, ұйымға қолдау көрсетті. Ұйымды құрушы А. Арыстанов, Б. Бейсенов, Ө. Ипмағамбетов секілді жастарға қамқорлық жасаған. 1918 жылы қаңтарда Орал қаласында өткен облыстық земство басқармасын сайлау кезінде облземуправ төрағасы Х. Досмұхамедовтің орынбасары болып сайланған. 1918 жылы наурыз-сәуір айларында Жанша және Х. Досмұхамедовтер басқарған делегация құрамында Мәскеуге барып, Совнарком Кіші коллегиясында екіжақты келісімшарт әзірлеу ісіне қатысқан. Сәуірдің аяғында Барбастауда Войско үкіметі мен облземуправа арасында жасалған одақтық келісімшартқа қол қойғандардың бірі болды. 1918 жылы 21 мамырда Жымпитыда өткен IV Қазақ Орал облыстық съезінде съезд президиумына хатшы болып сайланады. Ойыл уәлаяты құрылғаннан кейін Жымпиты уездік земство басқармасының төрағасы қызметін атқарды. Облыстық және уездік деңгейдегі земство басшысы кезінде Алаш милициясын, кейін Батыс Алашорда Халық әскерін жасақтау ісін ұйымдастырушылардың бірі ретінде белсенді қызмет атқарған. Бірақ Батыс Алашорда тізе бүккеннен кейін оның ең беделді қайраткерлерінің бірі ретінде Қазақстаннан аулақтатылып, 1920 жылдың басында Жанша және Х. Досмұхамедовтармен бірге Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті қарамағына жіберіледі. Батыс Алашорда басшылары атынан Кеңес өкіметі басшылығына тапсырылған Батыс Алашорда үкіметінің қызметі жайындағы хат-баяндаманы әзірлеп, оған қол қойғандардың бірі. 1920 жылы маусымда БОАК шешімен Орынборға, Қазәсревком қарамағына қызметке жіберіледі. Қазәсревком Президиумының хатшысы болып істеді. 1920 жылы қыркүйекте Қазақ Халық ағарту комиссариатының қатынас қағазымен, Түркістан Кеңес Республикасының төрағасы Т. Рысқұловтың сұрауына орай Түрік республикасы қарамағына жіберіледі. 1920-1923 жылдар аралығында Ташкенттегі Қазақ ағарту институтында және Орта Азия университетінің агрономия бөлімінде оқытушы, Түрік республикасы Жер Халкомының мүшесі. 1920 жылы тамызда Түрік республикасы Халық ағарту комиссариаты жанынан Х. Досмұхамедов ұйымдастырған Білім комиссиясының жұмысына қатысты. I және II мектептерге арналған физика оқулығынын екінші бөлімін жазумен айналысты. 1923 жылдың басында Х. Досмұхамедов, проф. А. Шмидт, Ә. Диваев, М. Жұмабаев, Н. Архангелькиймен бірге «Талап» қазақ мәдениетін көркейтушілер қауымын құрады. Сол жылы қыста Мәскеу ауыл шаруашылығы кооперативі институтына оқуға кетуіне байланысты «Талап» қауымы басқармасының құрамына енген жоқ. 1921-1922 жылдары Қазақстандағы ашаршылыққа байланысты өткен қазақ зиялыларының Ташкент кеңесіне қатысып, 1924 жылы Орал губерниялық жоспарлау комитетінде ауыл шаруашылығы секциясының меңгерушісі, 1924-1925 жылдары латын әліппесін тарату жөніндегі қоғам жарғысын жасауға қатысады. Белсенді қызметкерлер жиналысында бірауыздан қабылданған жарғы негізінде құрылған латын әліппесі жөніндегі комитетке мүше болады. Кейінірек Гурьев округтік мемлекеттік жоспарлау комитетінде жұмыс жасаған. 1929 жылы 8 қаңтарда БМСБ Гурьев округтік бөлімшесі тарапынан тұтқындалып, 1930 жылы сәуірде 5 жылға Воронежге жер аударылады. Жазаны өтеп келгеннен кейін 1937 жылы «алашордашы» ретінде қайта тұтқындалып, 1938 жылы 26 ақпанда атылған. 1988 жылы қарашада ақталған (Алашорданың белсенді мүшесі ретінде БҚО ПД архиві №П-2451 істе кездеседі.; жалпы мағлұматтар мына кітаптан алынған: Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Құраст: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009).
Жәленов Кәрім
- Аты-жөні: Жәленов Кәрім
- Туған жері: Орал облысы Жымпиты уезі Байғұтты болысының 4-ші ауылы
- Жаза түрі: Ату
- Алаш әскері: Иә
- Алаш басшылары: Жоқ