Жетпісов Ғаббас, 1882 жылы желтоқсан айында Орал облысы Тайпақ ауданы №18 ауылда дүниеге келген. Батыс Алашорда қайраткері, әскери-далалық сот төрағасының орынбасары. Әкесі Жетпіс орта шаруалы адам болған. Болыстық орыс-қазақ мектебін, үш кластық Романов орыс-қазақ мектебін және Орал қолөнер училищесін бітірген. 1917 жылы Ақпан революциясына дейін түрлі мекемелерде, соның ішінде Ілбішін уезін фон Галлер басқарған 1914-1917 жылдары уез бастығы кеңсесінің іс жүргізушісі болып істеді. Ақпан революциясынан соң Б.Қаратаев, А.Әбеновтермен бірге Жайық сырты қазақтарын басқару жөніндегі азаматтық комитетті ұйымдастыруға, кейін оның орнына Ғ.Әлібековтің басқаруымен құрылған Уақытша облыстық қазақ комитетін жасақтауға қатысты. Жергілікті чиновниктер ішінен ұлттық интеллигенция өкілдерімен жалтақсыз идеялас болып кеткендердің бірі. 1917 жылы сәуірдегі І Қазақ Орал облыстық сьезін ұйымдастыру ісіне белсене араласты. Айтылмыш сьезде Хайырша хазірет Ахметжанов және Ермұхамед Арғыншиевпен бірге сьезд хатшысы болып сайланды.
1918 жылы сәуірдегі облыстық қазақ управасы мен Қазақ Войско үкіметі арасындағы одақтық келісімшартқа және сол жылғы мамырдағы ІV Қазақ Орал облыстық сьезінің большевизмге қарсы күрес жөніндегі қарарына сәйкес құрылған Ойыл уәлаятында большевизм салдарын жою жөніндегі айрықша комиссияны басқарды және Ж. Досмұхамедов басқарған әскери-далалық сот төрағасының орынбасары болды. Қоғамдық өмірдің әртүрлі саласында білікті мамандардың жетіспеушілігіне байланысты тергеу-тексеру ісі мен сот ісінің аражігі ұдайы сақтала бермеген, әрі соғыс үстіндегі уәлаят жағдайында атқарымдық міндеттері, негізінен, бір болған бұл екі құрылымның құрамына Алпан Кенжәлиев, Ескендір Көпжасаров, Қуат Төтебаев, конвой командасының командирі Жайсаңғали Домаланов т.б. кірді. Ғаббас Жетпісов айтылмыш комиссия төрағасы ретінде 1918 жылы желтоқсанда Жымпитыда жаңадан жасақталмақшы атты дивизионды толықтыру мақсатында жайғасқан жігіттердің баскөтеру себептерін тексеру және 1919 жылы көктемде Гнилов поселкесінде қолға түскен қызылдардың 443-бекініс батальоны құрамын тергеу ісімен айналысты. 1918-1919 жылдары майдандағы аумалы-төкпелі жағдайлар кезінде Ә. Әйтиев, С. Арғыншиев, М. Ипмағамбетов тобына келіп, Жаһанша және Халел Досмұхамедовтармен кездесуге шақырды, екі арада бітімгершілік қызмет атқарып, екі жақтың ымыраласуына күш салды.
1918-1919 жылдары Жымпиты уездік земствоуправасының мүшесі болып сайланды. Батыс Алашорда үкіметі таратылғаннан кейін РК(б)П қатарына өтіп, ауылды кеңестендіру ісіне қатысты. 20-30-шы жылдары сот, прокуратура саласында әртүрлі қызмет атқарды. 30-жылдары Жетісу округтік прокуроры болды. Жетпісов Ғаббас тұтқындалған кезде Ақтөбе қаласында Абражная, 32 мекенжайы бойынша тұрған, сол кездегі қызметі – облыстық загот.зерно. юрист-консультант, шыққан тегі – кедей шаруа отбасынан. 1917 жылғы революцияға дейін сотта аудармашы болып қызмет атқарған. Оның жанұясында әйелі Макима 37 жаста, ұлы Каким 1922 жылғы, ұлы Марат 1925 ж., ұлы Баязит 1927 жылғы, ұлы Мәжит 1930 жылғы. Жетпісов Ғаббасқа тағылған айып: контрреволюциялық ұйымның мүшесі, Батыс Алашорда үкіметінің қолдаушысы деп айыпталып, УНКВД-ның Қаулысымен 1937 жылы 15 қарашада ең ауыр үкім – ату жазасына кесілген. 1958 жылы 25 желтоқсанда Жетпісов Ғаббастың қылмыстық ісі қайта қаралып, істе қылмыс құрамының жоғына орай ақталады. Жетпісов Ғаббасовтың ақталғаны туралы анықтама №133 1959 жылы 30 қаңтарда шығарылады (мағлұматтар Орал қаласында тұратын Ғ. Жетпісовтың тумасы Сейфолла ағайдан алынды).