Жолдыбаев Молдағали, 1887 жылы Орал облысы Ілбішін уезі Құрайлы болысында дүниеге келген. Кезінде Алаш қозғалысына белсене қатысқан зиялылардың бірі. Ағартушылық қызметпен қатар қоғамдық-әлеуметтік істерге белсене араласқан. Ел өміріндегі өзекті мәселелерді көтеріп мақалалар жазған журналист ретінде де танымал болған. Әкесі Жолдыбай орта дәулетті шаруа адам болған. Ауыл молдасынан сауат ашты. Қарасудағы қазіргі Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы 6 сыныптық орыс-қазақ мектебін (1900), Орынбор орыс-қазақ мұғалімдер мектебін (1910) бітірген. 1910-1918 жылдары Жұбанышкөл, Бұлдырты 4 сыныптық бірінші басқыш мектептерінде және Қарасу 6 сыныптық орыс-қазақ мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген. 1913-1914 жылдары «Айқап» журналында «Қазақтардың қазіргі халі», «Болашақ», «Ауылда», «Құрметті Әлжановқа жауап» мақалалары, 1915 жылы Қазақ газетінде «Молдағали Жаңа байбақты» деген бүркеншік есіммен «Бала тәрбиесі», «Ғалымның надандықтан жеңілуі» мақалалары жарық көрген. 1917 жылы 1-ші Орал облысы қазақ съезін ұйымдастыруға қатысты. 1917 жылы шілдеде 1-Жалпықазақ съезін өткізуші бюроның атынан Бүкілресейлік құрылтай жиналысы депутаттығына кандидат ретінде ұсынылды, бірақ сайлау кезінде өтпей қалды. 1918 жылы қаңтарда Қаратөбеде өткен 3-Орал облысы қазақ съезінің делегаты болған. Орал губревкомы төралқасының 1920 жылы 8 шілдедегі қаулысымен Жымпиты уездік ревкомының уақытша құрамына төрағалық етті. Сол жылы жаңадан құрылған РК(б)П Жымпиты уездік комитетінің алғашқы мүшелерінің бірі болып сайланды және мәдени-ағарту бөлімінің меңгерушісі, уездік комитет жанындағы сауатсыздықты жою комиссиясының төрағасы, лекторлар тобының мүшесі болды. 1921 жылы РК(б)П Жымпиты уездік комитетінің төрағасы, 1921-1922 жылы Орал губерниясында атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1922 жылы Орынбордағы Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариатының Ғылым, баспасөз және әдебиет ісін басқаратын академиялық орталықтың (Қазақстанның білім ордасы) төрағасы қызметтерін атқарып, өлкедегі ғылым мен білім беру саласын, баспасөз бен әдебиетті дамыту ісіне елеулі үлес қосты. 1923-1924 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы міндетін атқарды. Сонымен бір мезгілде Қазақ халық ағарту институтында, Орынбор жұмысшы фронтында т.б. оқу орындарында орыс және қазақ әдебиеті тарихынан сабақ берді. 1927 жылы жаңадан шыға бастаған педагогиялық басылым – «Жаңа мектеп» («Қазақстан мектебі») журналының алғашқы редакторы болып тағайындалып, Қазақстан Халық ағарту комиссариаты жанындағы әдістемелік кеңестің төрағасы болды. Осы жылдары Т. Шонановпен бірге «Рабочая книга для чтения (1-й год обучения)» оқу құралын (1929, Қызылорда), М. Әуезов, Ә. Қоңыратбаевпен бірігіп «ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті» оқулығын (Алматы, 1933) және Ә. Қоңыратбаев, М. Қаратаевпен бірігіп 4-сыныпқа арналған «Әдебиет хрестоматиясының» екінші бөлімін (1934, Қызылорда) жазды. 1933-1937 жылдары БК(б)П ОК жанындағы Марксизм-ленинизм институтының Қазақ бөлімшесінің қызметкері болды. ҚазПИ-де, Алматы журналистер мектебінде фольклордан, ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихынан дәріс оқыды, доцент ғылым атағына ие болды. Қаламгерлік қызметінің өнбойында өз есімімен және «Ү», «Сасқан» бүркеншік есімдерімен, «Сын», «Әдебиет дүниесінде», «Исатай Тайманұлы» т.б. мақалалар, «Жол-жөнекей», «Айрылу», «Тірілу», «Бес қашқын» атты әңгіме-новеллалар жазды. Республикалық баспасөз бетінде Оралдағы Шалқар көлінің шипалы суын пайдалану, көлді сақтау жөнінде алғаш рет проблема көтерді. 1937 жылы желтоқсанда бұрын Алаш қозғалысына қатысқаны үшін «халық жауы» деген жалған айыппен тұтқынға алынып, 1938 жылы ақпанда айында атылды.
Зайыбы Мария Никифровна Жолдыбаева 1960 жылы қайтыс болды. Немере қарындасы – академик, жазушы Зейнолла Қабдоловтың зайыбы Сәуле Қабдолова Алматы қаласындағы №12 мектепте ұзақ жыл ұстаздық етті. Алаш қайраткерлерімен бірге ақталған. (мағлұматтар мына кітаптан алынған: Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Құраст: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009).