Жүндібаев Әбдіхамит (Ғабділхамит), 1893 жылы 29 наурызда Ақтөбе облысы Қобда ауданының Талсай ауылында дүниеге келген. Алаш қозғалысының қайраткері, Алашорданың Торғай тобының белсенді мүшесі, журналист, публицист, аудармашы. 1906 жылы Орынбордағы уездік орыс-қазақ мектебін, 1909 жылы Орынбор екі жылдық қазақ (қырғыз) мұғалімдер училищесін бітірген. Ақтөбе уезінде ауыл мұғалімі болып қызмет еткен. Осы кезден бастап саяси өмірге белсен араласып, Орынборда шыға бастаған «Қазақ» газетінде Ресей империясының отаршыл саясатына қарсы мақалалар жариялайды. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін жалпықазақ съездерін шақыруға белсене қатысқан. Сол тұста Алаш партиясын құру туралы бағдарламаға Ә. Бөкейханов және т.б. бірге қол қойған жеті саяси қайраткердің бірі. Азамат соғысы жылдары Ә. Жүндібаев Алашорданың Торғай тобында М. Дулатов, М. Есполов, А. Кенжин, С. Қаратілеуов және т.б. бірге саяси қызмет атқарған. Алаш милициясын жасауға қатысқан. Кеңес өкіметі орнаған соң баспасөз саласында қызмет еткен. Қоғамдық-саяси әдебиеттерді қазақ тіліне аударуға атсалысқан. 1924 жылы ауыр науқастан қайтыс болған. Туған ауылы Талсайдың маңындағы Бұлақ деген қыстауға жерленген (Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві).
Жүндібаев Әбдіхамит (Ғабділхамит)
- Аты-жөні: Жүндібаев Әбдіхамит (Ғабділхамит)
- Туған жері: Ақтөбе облысы Қобда ауданының Талсай ауылы
- Жаза түрі: Басқа
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ