Зәлиев Нұғыман 1889 жылы 5 мамырда бұрынғы Астрахан губерниясы, Қамыс-Самар қисымының Жаңақала ауылында (Сетекбайтоғай) дүниеге келген. Алғашқы қазақ мұғалімдерінің бірі, қоғам қайраткері. Әкесінен оқып, сауатын ашқаннан кейін Қамыс-Самар бастауыш қазақ-орыс мектебін (1898-1902), Орда қалалық орыс-қазақ Романов училищесін, училище жанындағы педагогикалық курсты бітірді (1905). Сол жылы Қазан мұғалімдер семинариясының тындаушылары, жерлестері М. Сәрсембиев, С. Меңдешевтің ақылымен Қазан мұғалімдер семинариясына қазына есебінен 20 сом стипендиямен оқуға қабылданды. Осында жұріп И. Қашқынбаев, Ғ. Бердиев, Ә. Иманбаев сияқты қазақ студенттерімен, М. Уахитов, Н. Никольский, В. Охотников тәрізді татар, чуваш, мары ұлты өкілдерімен бірге Алафузов фабрикасы жанынан құрылған РСДРП ұйымының оқушылар ұясына кіргені үшін 1906-1907 жылы полицияның жасырын бақылауына ілінді. Семинарияны 1909 жылы бітіргеннен кейін Ғұмар Қараш, Ғ. Мұсағалиев сияқты белгілі ағартушылар ашқан Тіленшісай мектебінде (қазіргі Казталов ауданындағы Қараоба маңында) жағырафия, тіршіліктану пәндерінен сабақ берді. С. Меңдешев бастаған халық мұғалімдері тобы ұйымдастырған жартылай бейресми «Халық мұғалімдері қоғамының» жұмысына қатысты. 1911 жылы Астрахань, Казань қаласынан келген полиция қызметкерлері саяси сенімсіз адам ретінде үйіне тінту жүргізді. Хан ордасында 1911 жылы Е.Бұйрин, Ғұмар Қараштардың ұйытқы болуымен жарық көрген түбегейлі демократиялық бағыттағы «Қазақстан» газетін шығаруға қатысты. 1916 жылы қазақ жігіттерін тыл жұмысына алу дүрбелеңі тұсында С. Меңдешев, М. Сәрсенбиндермен бірге жұмысшы жасақтарына адам алуды шаруа жағдайына байланысты шегере тұруды талап етті. Сол жылы тамыз айында Хан ордасына келген Астрахан губерниясының губернаторы Соколовскийдің қабылдауына С.Меңдешевпен бірге кіріп, жағдайы төмен, күнкөрісі қиын отбасынан шыққан жігіттерге жеңілдік жасауды сұрады. Патшаның маусым жарлығына (1916) наразылығы үшін губернатор бұйрығымен С. Меңдешев екеуі бірге тұтқындалып, Астрахан түрмесіне қамалды. Абақтыдан 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін шығып, Бөкей өңіріндегі Залиев төңкеріске қызу араласты.1918 жылы 28 қазанда РК(б)П мүшелігіне кандидат, 1919 жылы 28 қазанда мүше болды. 1918 жылы өткен Бөкей облысы Кеңесі 1-съезінің, Бөкей өңірі мұғалімдерінің 1- және 2-съезінің делегаты. 1919 жылы қаңтардан Бөкей облысы атқару комитетінің жанындағы халық ағарту бөлімінің төралқа мүшесі, осы бөлім жанындағы ұлттық мектептер секциясының мүшесі. Сол жылғы тамызда С. Меңдешевтің орнына халық ағарту бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. 1920 жылы қаңтарда Ақтөбеде өткен қазақ қызметкерлері конференциясына Бөкей коммунистері атынан қатысқан делегат. Бөкей облысы 4-съезінде 1-Бүкілқазақ Кеңестер Құрылтай съезіне делегат болып сайланды. Қазақтың тұңғыш педагогикалық басылымы «Мұғалім» журналының (1919, Орда) авторы. 1920 жылы Қамыс-Самар уездік атқару комитетінің төрағасы. 1922 жылы 2-Өлкелік Бүкілқазақ конференциясында ҚАКСР халық ағарту комиссариатының төрағасы, кейін Кеңестердің 3-4-съездерінде ОАК-ға мүше болды. Шалғай ауыл-аудандарда мектеп ашу, мектеп жүйесін оқулықтармен, әдістемелік құралдармен жабдықтау, қазақша оқу құралдарын шығару ісін ұйымдастырды. В.Ленин шығармаларын қазақ тіліне аудару жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы болды.1924 жылы Гурьев уездік РК(б)П комитетінің хатшысы.1925 жылы ақпанда уездік атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Атырау жерінде мұнай, борат кәсіпшілігін, балық және мал шаруашылығын өркендетуге елеулі үлес қосты. Осында алғашқы серіктестіктер, Қосшы одақтарын ұйымдастыру, мәдени-ағарту саласын жолға қою ісі де оның есімімен байланысты. 1925-1926 жылдары Гурьев-Доссор тар табанды теміржолы оның басшылығымен салынды. 1927 жылы сәуірде Орал губерниясының атқару комитетіне төраға болып жоғарылатылды. 1930-1935 жылы Қостанай, Ақтөбе губерниясы Халық ағарту басқармаларының бастығы. 1936-1937 жылы Орынбордағы қазақ мұғалімдер курсының директоры. 1937 жылы 22 қыркүйекте ІІХК органдары тарапынан тұтқындалып, 1938 жылы 15 ақпанда КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегиясы «Үштігінің» қаулысымен Ақтөбе қаласында 57 адамдық топпен бірге атылды. Бейіті Ақтөбе қаласынан 25 шақырым жердегі Түйетөбе мекенінде орналасқан (БҚО ПД архиві №П2451 іс- Қ. Қосдәулетов ісінде аталады.)
Зәлиев Нұғыман
- Аты-жөні: Зәлиев Нұғыман
- Туған жері: Астрахан губерниясы, Қамыс-Самар қисымының Жаңақала ауылы (Сетекбайтоғай)
- Жаза түрі: Ату
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ