Ибрагимов Нигметулла (Ибрагимов Нығметолла)1860 жылы Батыс Қазақстан, Жаңақала өңірінде №12 ауылда дүниеге келген. Жаңақазандағы Ғатауолла Ғалікеев медресесінде оқыған. 1910 жылы Жаңақазан қаласында қазақ балаларына арнап екіқабатты мектеп салдырған меценат. Өзінің 5-6 дүкені болған, сауда-саттықпен айналысқан ірі кәсіпкер. Нығметолла қалпенің мәрттігі, қазақ балаларына қамқорлығы жайында «Айқап» журналында, «Қазақстан» газетінде мақалалар шыққан. Онда «Нығметолла Ибраһимов халфе бек ғалым уа бай кісі. Һәм дін уа мағишат жолына қазіргі ғасырда бек ғайратлы еткен кісі» деп сипаттайды. Нығметолла Ибрагимов 1916 жылы Бөкейлік жұртының дін және жер жайындағы арызын патшаға жеткізу үшін Ғұбайдолла Ахметұлы, Сейітқали Меңдешевтермен бірге Петерборға барған делегацияны басқарған. Н.Ибрагимов, Ғ.Ахметов, С.Меңдешев және Ғұмар Қараш қол қойған «Бөкейлік керегі» атты мақала 1916 жылы «Қазақ» газетінің қос нөмірінде жарияланған. Совет өкіметі орнаған соң Нығметолла қалпе аз уақыт Жаңақала ауданы бойынша мұхтасиб қызметін атқарады. Бірақ 1923 жылдан бастап «жат элемент» ретінде қуғындалып, сайлау құқынан айырылады. Бірнеше рет сотталып, жер аударылады. Тергеу құжаттарында «молда Ибрагимов Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхановпен, Ахмет Байтұрсыновпен жақсы таныс. Халық арасында Мұстафа Шоқайды насихаттаған. Халықты Совет үкіметін құлатуға шақырған» деген айып тағылады. «Кеңес Одағында Кашафатдин Тәржіманов пен Маһди Мақұлов басқарған, Батыс Қазақстанда Қуанай Қосдәулетов пен Хасан Нұрмұхамедов басқарған антисоветтік контрреволюциялық панисламистік ұйымға мүше болды, Жаңақала ауданында осы ұйымның бөлімшесін ашты» деген айып тағылып, 1937 жылы 30 сәуірде қамауға алынған. РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-2, 58-11-баптары бойынша сотталып, ату жазасына кесілген. (БҚО ПД архиві№2895 іс Н. Ибрагимов ісі). Ақталмаған.
Ибрагимов Нигметулла (Ибрагимов Нығметолла)
- Аты-жөні: Ибрагимов Нигметулла (Ибрагимов Нығметолла)
- Туған жері: Батыс Қазақстан, Жаңақала өңірі №12 ауылы
- Жаза түрі: Ату
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ