Иманғазиев Төлеген 1874 жылы Орал облысы Ілбішін уезі Жақсыбай болысының Айтқали ауылында дүниеге келген. Ағартушы-педагог, Алаш қозғалысына қатысушы. Алашорданың батыс бөлімінде саяси қызметтер мен педагогикалық қызметтерді коса атқарған қоғам қайраткері. Әкесі Орал – Жымпиты – Ойылды жалғастыратын күре жолдың бойында лаушы, дәулетті адам болыпты. Оның үйіне елдің игі жақсылары көп келген, сондықтан Төлеген жастайынан төңіректің төрт бұрышынан хабар алып, көзі ашық болып ержетеді. Ол 1887 жылы Гурьев уезіне қарасты Есбол ауылында екі сыныптық болыстық мектебін, онан соң 1890 жылы Орал қаласындағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебін бітіреді. 1890-1894 жылдар аралығында Орынборда орыс-қазақ мұғалімдер мектебінде оқып, мектепті алтын медальмен бітіреді. Оқуын аяқтаған соң 1894-1896 жылдары Торғай облысындағы Әулиекөл болыстық орыс-қазақ мектебінде, Алшынбай ауылында, 1896-1904 жылдары Орынбор орыс-қазақ мұғалімдер мектебінде, 1904-1917 жылдар арасында ел ішінде мұғалім болады. 1904 жылы Жымпиты уезі Соналы болысының басқарушысы болып сайланады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін өзін-өзі басқару жүйесін құру ісімен шұғылданады. Батыс Алашорданың оқу-білім комитетіне мүше болып қабылданады. 1918 жылы Қаратөбеде өткен үшінші Орал облыстық қазақ съезінің делегаты болады. Алаш милициясының Ойылдағы мектебінде мұғалім болып, Алаш әскерлерін тәрбиелеумен айналысады. 1929-1937 жылдары Жақсыбай орта мектебінде мұғалім болады. 1937 жылы бұрын болыс болғаны және Алашорда үкіметіне қызмет еткені үшін «Панисламизмді насихаттаушы, белсенді алашордашыл» деген айыппен тұтқындалып, 1938 жылы 15 ақпанда Орал түрмесінде атылады (БҚО ПДА №3388 Т. Иманғазиев ісі).
Иманғазиев Төлеген
- Аты-жөні: Иманғазиев Төлеген
- Туған жері: Орал облысы Ілбішін уезі Жақсыбай болысының Айтқали ауылы
- Жаза түрі: Ату
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ