Ипмағамбетов Әмірғали 1903 жылы Орал облысы Орал уезі Қараоба болысы Бұлақсай ауылында (Қазіргі Теректі ауданы) дүниеге келген. Жайық өңіріндегі революциялық қозғалысқа қатысушы. 1911-1915 жылдары Қароба орыс-қазақ мектеп-интернатында оқыды. 1915 жылы немере ағасы Нұрғали Ипмағамбетовтің атына жазылып, майдандағы әскери дәрігердің баласы ретінде Орал реалдық әскер училищесіне қабылданды. 1918 жылдың басында училищенің 2-ші класын толық бітірместен, тегін оқытатын Орал кешкі қазақ гимназиясына ауысты. 1917 жылы Оралдағы қазақ шәкіртерінің «Ақ ниет» өзара көмек ұйымына кірді. 1918 жылы сәуірдегі Орал жұмысшы, шаруа, солдат және қазақ депутаттарының 1-съезіне қатысты. Орал губерниясы революциялық комитеті жанындағы үгітшілер курсында оқыды. 1919-1920 жылдары Орал губерниясы революциялық комитеті Ұлт істері жөніндегі коллегиясының нұсқаушысы. 20-жылдары Жайық өңірін кеңестендіру ісіне белсене қатысты. 1924 жылдан Гурьев уезіне қарасты Доссор РК(б)П аудандық комитетінің хатшысы. 30-жылдардағы Қарағанды облысында аудандық, облыстық деңгейде әртүрлі қызмет атқарды. 1936 жылы ақпанда БҚО Жәнібек ҚК(б)П аудандық комитетінің 1-хатшысы болып тағайындалды. 1937 жылы «халық жауы» I. Құрамысовпен байланыста болды және Батыс Алашордаға қатысқан әкесін кеңес қызметкері етіп көрсетті» деген айыппен қызметтен босатылып, партиядан шығарылды. 1938 жылы «бұдан әрі партиялық жұмыстан аулақтатылып, шаруашылық-кеңес қызметінде пайдаланылсын» деген шешіммен партияға мүшелігі қалпына келтірілді. Жайық өңіріндегі революциялық қозғалыс тарихына қатысты жазылған бірнеше мақала, естеліктердің авторы. 1959 жылы Тайпақ ауданына қарасты Базартөбе ауылы маңынан әкесі Меңдігерей Ипмағамбетов жерленген қорымды тапты (Қ.Хасанов. Қаратөбедегі Алаш музейінен алынған).
Ипмағамбетов Әмірғали
- Аты-жөні: Ипмағамбетов Әмірғали
- Туған жері: Орал облысы Орал уезі Қараоба болысы Бұлақсай ауылы (Қазіргі Теректі ауданы)
- Жаза түрі: Басқа
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ