Ипмағамбетов Нұрғали, 1883 жылы Орал облысы Орал уезі I Қараоба болысының Төлектөбе ауылында дүниеге келген. Жоғары білімді алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, Алаш қозғалысының қайраткері. Әкесі Ипмағамбет орта шаруалы адам болған. Тегі – «қарақалпақ» этнографиялық тобының бөкеней бөлімі. 1896 жылы Қараоба болыстық төрт сыныпты орыс-қазақ мектебін мақтау грамотасымен бітірген соң, ағасы кейін Жайық өңірінде революциялық қозғалысқа белсене қатысқан М. Ипмағамбетовтің көмегімен және Қараоба болыстық мектебінің директоры Василий Романовтың, Б. Қаратаевтың қолдауымен Орал реалдық әскер училищесіне түсті. Училищеде жүргенде «Уралец» газеті баспаханасының әріп терушісі, татар әдебиетінің болашақ классигі Ғабдолла Тоқаймен танысып, достасты. Ғ.Тоқай бірнеше рет Қараоба ауылында болды. Училищені 1905 жылы алтын медальмен бітіріп, бір жылдық жоғары оқу орнына әзірлейтін курстан өткеннен кейін 1904 жылы Санкт-Петербург әскери-медициналық академиясына түсті. Бірінші орыс революциясы тұсында студенттер толқуына қатысқаны үшін оқудан шығарылды. Төрт ай түрмеде отырған соң академияның озық ойлы оқытушыларының талап етуімен оқуға қайта қабылданып, оны 1911 жылы бітіріп шықты. 1911-1913 жылдары Термез қаласында дәрігер, Түркістан атқыштар дивизиясының 113-полкінде аға дәрігер, медициналық қызмет подполковнигі әскери атағы беріледі. 1914 жылы 1-дүниежүзілік соғыс басталған кезде Кавказ майданына жіберілді. «Қазақ» газеті 1915 жылы Кавказда, майданда жүргенде екі қайтара сүзек болып ауырып, екі ай демалыс алып келгенін хабарлады. 1916 жылы айтылмыш майдандағы орыс армиясының Бас хирургі болып тағайындалды. 1917 жылдың басында бірнеше дәрігер болып бірқатар жауынгерді жарамсыз деп әскер қатарынан босатқаны үшін тұтқындалып, Сібірге жер аударылады. Сібірден Ақпан төңкерісінен кейін соң оралды. Елге келіп, Алаш қозғалысына араласты. 1917 жылы шілдеде Ойыл бекінісінде өткен II Қазақ Орал облыстық съезіне Қараоба болысынан делегат болып қатысады. Айтылмыш съезд аясында өткізілген земство мекемелерін сайлаушылар жиналысында Орал уездік земство управасының мүшесі болып сайланды. 1917 жылы шілдеде өткен I Жалпықазақ съезінде Орал облысынан Құрылтай жиналысына депутат кандидаттығына ұсынылды және Алаш партиясы атынан Құрылтай жиналысы депутаттығына аталды. Сол жылы күзге қарай Досмұхамедовтерге қарсы топты бастаған Ғұбайдолла Әлібековпен, қыркүйекте онымен бірге Мәскеу, Петроград қаласында болды. Оралғаннан кейін ауыл интеллегенциясы өкілдерінен өздерімен пікірлес, жақтас топ құрды. 1917 жылы желтоқсанда II Жалпықазақ съезіне Орал облысынан делегат болып қатысты. Съезде Алаш автономиясын дереу жариялауды жақтап дауыс берді. 1918 жылы қаңтарда Қаратөбе кентінде өткен III Қазақ Орал облыстық съезіне қатысады. Съездегі идеялық емес, топтық арыздық кезінде Ғ. Әлібеков тобы жағында «Ақ жол» ұйымының құрамына кірді. Қаратөбе съезінен соң Орал қаласына келіп, Орал облыстық солдат, жұмысшы, шаруа және қазақ депуттарының құрылтай съезіне қатысты, облыстық Совдеп атқару комитетінің денсаулық сақтау комиссары болып сайланды. Орал Войско үкіметінің 29 наурызға қараған түнгі төңкерісінен кейін Темір уезіне келді. «Ақ жол» тобының мүшелері А. Кенжин, С. Қаратілеуов және Ғ. Есенқұловпен бірге сөз жүзінде Темір уездік атқару комитетінің халық шаруашылығы бөлімі деп аталған, іс жүзінде земстволық управа қызметін атқарған жергілікті басқару органының жұмысына қатысты. Айтылған қызметкерлермен бірге Ташкенттен келе жатқан Мұстафа Шоқайдың Орал, Орынбор бағытына өтуін ұйымдастырды, ақ казактардан қашып, Темір, Ақбұлақ маңына келген Ә. Әйтиев, М. Ипмағамбетовтерге көмектесті. 1918 жылы жазда Ақтөбе майданында Зиновьев басқарған Қызыл Армиясы жеңіске жетіп, Темір, Жұрын атырабы Фогельдің «Тарбо» отрядының қолына көшкеннен кейін елге, Оралға қайтты. Сол жылғы тамыз айында жергілікті қазақ атқару комитеттері мен Алаш партиясы атынан Самарадағы Құрылтай жиналысы мүшелері комитетіне (Комуч) мүше болып кірген 11 Алаш қайраткерлерінің бірі. Қазақ атқару комитеті атынан кірген Ғ. Әлібековпен бірге Комучтен қаржы алып, Жайық өңірінде Самара комитетінің билігін нығайту жолындағы үгіт-насихат жұмысымен шұғылданды. Комуч пен Сібір уақытша үкіметінің 1918 жылы қыркүйекте Уфада өткен мәжілісіне қатысты. Сол жылғы қыркүйекте Комуч тарапынан Алашорданы тану жөнінде декларация қабылданып, Уфа мәжілісінен кейін ресми түрде Алаш автономиясының батыс бөлігін басқару жөніндегі Алашорда бөлімшесі (Батыс Алашорда) құрылғаннан кейін жаңа ұлттық мемлекеттік құрылымның Уақытша Бүкілресейлік үкіметінің (Директория) саясатын жүргізуі жағында болды. 1919 жылы жазда Батыс Алашорда үкіметі М. Ипмағамбетовке қалаған қызметін атқаруды ұсынды. Ұсыныстың жүзеге асуына майдандағы текетірес жағдай және ағасы М. Ипмағамбетовтің Казак Войско үкіметі тарапынан тұтқынға алынуы кедергі жасады. 1919 жылы күзге салым Орал қаласына келіп, РК(б)П қатарына өтуге арыз берді. Сол жылғы қарашада Қызыл Армия ак қазақтардан босатқан Жымпиты, Қаратөбе атырабына дәрігерлік-санитарлық отряд бастап келіп, ауылдарда етек алған сүзек індетіне қарсы санитарлық өндеу, індет ошақтарын жою шараларын ұйымдастырды. Жымпитыда, Қаратөбеде стационарлық емдеу лазареттерін ашты. 1919 жылы желтоқсанда Қазәсревкомның ұсынуымен Орал облыстық ревкомы тарапынан Орал облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалды. Қазревкомның 1920 жылы 24 маусымдағы шешімімен Орал губревкомының жаңа құрамына мүше болып енді. РК(б)П Қазақ облыстық бюросы сол күнгі мәжілісінде оны осы құрамда қалдырды. ҚАКСР Кеңестерінің 1920 жылы Құрылтай съезінде ҚАКСР ОАК мүшесі болып сайланды. Бүкілресейлік Кеңестер съезіне делегат болып қатысты. Кейінірек денсаулығының нашарлауына байланысты қызметтен босап, ауылда шаруамен айналысты. 1922 жылы 13 тамызда қайталап соққан сүзектен қайтыс болады (Қ. Хасанов. Қаратөбедегі Алаш музейінен алынған).
Ипмағамбетов Нұрғали
- Аты-жөні: Ипмағамбетов Нұрғали
- Туған жері: Орал облысы Орал уезі I Қараоба болысының Төлектөбе ауылы
- Жаза түрі: Басқа
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ