Исеналин (Есеналин) Әлмұхамбет, 1899 жылы Сырым ауданы Қособа ауылында дүниеге келген. Алаш қайраткері, Алашорда үкіметінің әскерінде офицер болған. Шыққан тегі – Кіші жүз байұлының байбақты руынан, шолан тайпасы түкіш бөлімі. Әкесі Әжігерей Есеналин 1912 жылы Салық Омаровты сайлауда жеңіп, Өлеңті болысының управителі болып сайланған, орысша сауатты адам. БҚО ішкі істер департаментінің архивінде сақталған Ә. Исеналиннің қылмыстық ісінде ол туралы: «Бұрынғы Алашорда офицері, ірі бай-болыс управителінің баласы, қазіргі уақытта Райпотребсоюзда бухгалтер болып жұмыс жасайды» деп көрсетілген. 1916 жылға дейін оқушы, 1920 жылдан кеңестік мекемелерде қызмет еткен. 1920-1926 жылдары Волисполкомда сайланбалы қызметте болған. 1938 жылы 7 ақпанда тұтқындалғанға дейін Жымпиты ауылында аудандық тұтынушылар одағына (райпотребсоюзге) қарасты аудандық мал дайындау конторында (райзаготконторда) есепші (бухгалтер) болып қызмет атқарған. Алашорда үкіметінің батыс бөлімі құрылған кезде Ә. Исеналин юнкер мектебінде оқып, офицер шенінде Алаш әскерінде қызмет атқарған. Алаш Орда үкіметінің әскері үшін Орынбор қаласынан Жымпитыға қару жеткізген. Бұл туралы Алашорда үкіметінің әскерінде юнкер офицері, прапорщик болып қызмет атқарған Абылаев Айтқали мен Оспанов Әлмұхамбеттерді тергеу кезінде тергеушілердің «Кто подтвердит о расстрелах Абылаева?» деген сұрағына Ниталиев Сарсенгалий Авезович деген азамат былай дейді: «О расстрелах последних момент подтвердит бухгалтер райзаготскот Исеналин Альмухамбет, он бывший офицер Алашорды, который в это время перевозил оружие из города Оренбург в поселок Джамбейта к армии правительства Алашорды 1919 года». Азамат соғысы жылдарында Алаш әскерінің сапында қарулы ұрыстарға белсенді қатысқан. Қазір Орал қаласында тұратын Ә. Исеналиннің келіні (Ұлы Бәйімбеттің жары) Сақыпжамал Рыспаева атасының Қызылқоға жерінде ұрыста жараланғанын, кейінгі жылдары жарақатының әсерінен аяғын сылтып басқаны туралы айтады. 1937 жылдың 29 қазанында шыққан облыстық «Комсомол ұрпағы» газетінің №95 санында «Есеналин мен Жапалақовтың зиянды істерін әбден әшкерелеу керек» деген мақала шыққан. Авторы «Komsomols» деп көрсетілген мақалада «Бұлар бұрынғы Жымпиты центрінде болған алашордашылардың сенімді әпесері болып жұмыс еткен адамдар. Ақтар әскерінде болып, талай еңбекшілердің басына қамшы ойнатқандар. Байларды жақтағандар...» деп дәлелсіз айыптаған. Белгілі тарихшы-мұрағатшы Марат Хасанаевтың жасақтаған Алаш қайраткерлерінің тізімінде: «Есеналин Әлмұхамбет – Жиембайдағы (Жымпиты болса керек) тұтқындар үйінің коменданты, алашордашы» деп көрсетілген. Алашорда әскери офицерлері Абылаев пен Оспановтың ісі бойынша Әлмұхамбет Исеналиннің жауабында: «Я Аблаева и Оспанова знаю как одношкольной, с которым я окончил в конце 1918 года, начали 1919 юнкерского курсы ІІ потока, где Аблаев назначен комендантом города, а Оспанов командиром взвода особой сотни 20 жигитов рода тана т.е. рода хана Досмуханбедова. Я остался в запасе части юнкеров, находился в общежитие» деп түсініктеме берген. Демек, алдыңғы деректе айтылған тұтқындар үйінің коменданты қызметін де атқарғанын растайды. 1938 жылдың 7 ақпанында тұтқындалып, 15 ақпанда РСФСР ҚК 58-7, 58-8, 58-11-бабымен контрреволюциялық, ұлтшыл, бүлікшіл, зиянды-террористік ұйымда белсенді қызмет атқарды деп айыпталып, ең ауыр үкім – ату жазасына кесілген. Үкім 1938 жылдың 17 ақпаны күні орындалған. Қылмыстық ісі Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің архивінде №П-2526 нөмірімен сақталған. Әлмұхамбет Исеналиннің ұлы Бәйімбеттен тараған ұрпақтары Батыс Қазақстан облысында, Алматы қаласында, қызы Тазадан тараған ұрпақтары Ақтөбе облысында тұрады. (БҚО ПД архиві №П-1220 іс А. Аблаев ісінде аталады, сонымен бірге қайраткердің ұрпағы, тарихшы Ақылбек Есеналиннен алынды).
Исеналин (Есеналин) Әлмұхамбет
- Аты-жөні: Исеналин (Есеналин) Әлмұхамбет
- Туған жері: Сырым ауданы Қособа ауылы
- Жаза түрі: Ату
- Алаш әскері: Иә
- Алаш басшылары: Жоқ