Ищанов Хабибулла (Кабий) 1899 жылы БҚО Тайпақ ауданының №5 ауылында дүниеге келген. Ауыл старшыны, сопы-бай, діни қызметкердің баласы. Білімі орташа, Батыс Алашорданың белсенді мүшесі. Тұтқындалғанға дейін Қостанай облыстық прокуратурасының арнайы істер бойынша облыстық прокурорының орынбасары қызметін атқарған. Қостанай облысының ІІД арнайы мемлекеттік архивінің берген архив анықтамасында Х. Ищановтың осы қызметке 1940 жылы 11 сәуірде КСРО Прокурорының №849 бұйрығымен тағайындалғанын жазған. Анықтамада отбасы туралы мағлұматтар берілмеген. 1941 жылы 20 желтоқсанда Қостанай облыстық УНКВД тарапынан тұтқындалып, «антисоветтік, буржуазиялық-ұлтшыл ұйым құрған» деген айыппен РКФСР ҚК 58-10, 58-11-баптары бойынша сотталған. 1942 жылы 26 қазандағы «Айыптау қорытындысында»: «... 1918 жылы Алашорданың юнкерлік мектебін аяқтап, қызметінің алғашқы күндерінен бастап Кеңес үкіметіне қарсы күрес жолына түсті.
Х. Ищанов Қостанай облысының аудандарында бүлікші-ұлтшыл топтарды құру, зиянды-диверсиялық жұмыстарды жүргізу және ұйымға жаңа мүшелерді тарту жұмыстарымен айналысып, ұлтшыл ұйымның жетекші қатысушыларының бірі болған. Буржуазиялық-ұлтшыл ұйымның кеңестік-партиялық аппараттың жекелеген буындарын ұйымның мүддесі үшін пайдалану туралы нұсқауларын орындай отырып, айыпталушы Ищанов аудандық прокуратура қызметкерлерінің арасынан ұлтшыл топты ұйымдастыруға жаңа қатысушыларды үгіттеп, өзінің практикалық жұмысында революциялық заңдылықты бұзды...» деген айыптар тағылғаны айтылады. 1942 жылғы 9 желтоқсандағы КСРО Ішкі Істер Халық Комиссарының №99 Ерекше Кеңесінің хаттамасынан үзіндіге сәйкес: «Ищанов Хабибулла антисоветтік көтеріліс ұйымына қатысқаны үшін ең ауыр үкім – ату жазасына кесілген. Жеке өзіне тиесілі мүлкі тәркіленген. Үкім 1943 жылы 9 қаңтарда орындалған. Қылмыстық істің материалдарынан Х. Ищанов атылып, шамамен Алматы қаласында жерленгенін көруге болады. 1942 жылғы 18 сәуірдегі тергеу және қамауда ұстау мерзімін ұзарту туралы қаулыда бұл туралы мәліметтер бар». ...1942 жылдың ақпан айында Қостанай қаласынан айыпталушы Х. Ищанов Алматыға ҚазНКВД қарамағына әкелінген. Әрі қарай іс материалдарынан қылмыстық іс бойынша одан әрі тергеу НКВД-да жүргізілгені шығады. 1942 жылғы 2 қазанда РКФСР ҚК-ның 58-бабы 2-тармағы бойынша қосымша айып тағылады, РКФСРҚК-ның 58-бабы 7-тармағы алынып тасталады, өткізілетін орны Алматы қаласы деп көрсетіледі. Қылмыстық іс бойынша барлық басқа тергеу құжатында өткізу орны да Алматы қаласы болып табылады. Соңғы айыптау қорытындысы 1942 жылы 24 қазанда Қазақ КСР Алматы қаласында жасалды. Негіздеме: №2753 мұрағаттық қылмыстық іс №2 қор – Ищанов Х. және басқалардың айыптауы бойынша іс». (БҚО ПДА, 6-қор, №П529 іс, 7-п. Джазыкбаев Муслимнің ісінде, Выписка из протокола допроса – Айыпталушы Бармақбаев Мұхаметқалиды тергеу хаттамасынан көшірме, 9/ІХ-37 ж.). Бұрынғы алашордашы Жақанов Мизамғалимен және тағы басқа 10 адаммен бірге 6-қор, №П-563 іс бойынша да тіркелген. Сонымен бірге қайраткердің фотосуреті мен айыптау ісінен құжаттар көшірмелері Х. Ищановтың ұрпақтарынан алынды).