Кенжин Аспандияр 1887 жылдың 22 желтоқсанында Орал облысындағы Гурьев уезінің қазақшаруа отбасында дүниеге келген. «Алаш» партиясының, Батыс Алашорданың белсенді мүшелерінің бірі. Жастайынан қызмет жасап, әкесіне казак-орыстарының малын бағуға көмектескен. Алдымен Аспендияр Кенжин арабша (қазақша) хат танып, орыс тілін үйренуге қызығушылығы артады. Осы тілегі, мүмкін, әкесіне көмектесу қажеттілігінде пайда болған да шығар, себебі мал иелері–казактарөз малдарын көру үшін келгенде әкесі орыс тілін білмегендіктен, қатты қиналатынын ол көріп өсті. Ол әкесінен оқуға рұқсатын беру туралы үнемі өтініш білдірді, бірақ өз еркімен жібермесе, бәрібір қашып кететіндігін айтып жүріп, Гурьев қаласынан 100 шақты қашықтықта орналасқан Гурьев уезінің Испуль болысындағы орыс-қазақ мектебіне оқуға баруға әкесінен рұқсатын алды. Өте арық жылқысынан басқа көлік құралы болмағандықтан, әкесі екеуі сол жылқыға мініп, әрең дегенде аталған мектепке жетеді. Мектеп меңгерушісі Үтеген Тұрымов Аспендиярдың әкесінің өтініші арқылы мектепке қабылдайды, бірақ оған ескерту жасалады: «Мектепте тек жақсы оқуға тиіс екені» жөнінде. Себебі кедейлердің балаларына патша заманында оқуға түсу қиын еді, бұл 1897 жылы болатын. Аспендияр Кенжин әкесінің үмітін толық ақтады, ол 3 жылдан кейін Испуль болысындағы орыс-қазақ мектебін өте жақсы аяқтаған соң қабылдау емтихандарын жақсы тапсырып, Гурьев қаласындағы екі кластық орыс-қазақ училищесіне оқуға қабылданады. Осы оқу орнында оқып жүріп, мектеп жанындағы шеберханаларында слесарлық қолөнерін үйренді. Ал жазда малға күтім жасап, шөп шауып және т.б. істерде әкесіне көмек көрсетті. 1902 жылы Гурьевтағы екі кластық орыс-қазақ училищесін сәтті аяқтады. Содан кейін оқуын жалғастырамын деген ұсынысы әкесінің тарапынан үлкен қарсылыққа ұшырады. Әкесі оның кез келген крестьяндық (земстволық) начальникке немесе уездік начальниктің басқаруындағы канцелярлық қызметке түсуін қалады. Бірақ Аспендияр Кенжин ата-анасынан оқуын жалғастыруын сұрады, бұл өтініші орындалмады. А. Кенжин ата-анасына «Егер жібермесеңіз, үйден кетіп қаламын» деген өз талабын нақты қояды. Осыдан соң ата-анасы оны орта мектепте оқуын жалғастыру үшін Орынборға жіберуге келіседі. Әкесі оны оқуға жіберу үшін бір қазақтан жолға 10 рубль ақшаны қарызға алып, өзінің қымбат шапанын баласына жолға береді. Егер жол шығындарына ақша жетпей қалса,осы шапанды сатуға болатынын айтады. Әкесі оны өз шаруаларымен Гурьевке бара жатқан бір қазақтың қасына ілестіреді, ол кісі Аспендиярды Гурьевке жеткізіп, Орынборға пароходқа отырғызуы қажет болатын. Бірақ бірге аттанған қазақ Гурьевке шейін жеткізіп салмады. Аспендияр бірде жаяу, бірде басқа жолаушылармен жол жүріп, Гурьевке жеткенше үлкен қиындықкөреді. Содан пароходқа отырып, Каспий арқылы Астраханьға, кейін Волга арқылы Самараға жетіп, теміржолмен Орынборға жетеді. Жолшыбай әкесінің шапанын сатып, ақшалайды. Ол түндерді керуен сарайда түнеп, күндіз қабылдау сынақтарына дайындалып жүріп, өте үлкен конкурстық емтиханнан өтіп, Орынбордағы мұғалімдік мектепке оқуға қабылданады. Мектепте әрдайым ынталылықпен ерекшеленіп, жаратылыстану және әлеуметтік ғылымдарға қызығушылық танытты. Мектептегі жүйелі білім, соның ішінде жаратылыстану ғылымы оның көзін ашып, соның нәтижесінде ежелден қазақ халқының бойындағы әртүрлі ескішілдіктерден арылып, дін жолындағы қателіктерді түсініп, атеиске айналды. Орынбор мектебіндегі білім оның ой-өрісінің дамуына ерекше әсер етті. Орынбор қаласында оқып жүрген кезде басқа мектептердің оқушы-студенттерімен байланыс орнатып, үймелерге қатысы, елдегі саяси жағдайлардан мағлұматтар ала бастады. А. Кенжин қаладағы жастар үйірмесіне қатысты, бұл үйірмелер революциялық сипаттағы жасырын ұйымдарға айналды. 1905 жылдың қыркүйек-қазан айларында Орынбор қаласы мен басқа губерниялардың білім алып жүрген жастары арасында байланыс орнап, революция туралы мәліметтер таратылды. Жастар ұйымы революциялық жұмысшылар қозғалысымен байланыстар орнатты. Осы іс-шаралардың ішінде Аспендияр Кенжин белсене қатысып жүрді. Осылайша, жастар үйірмесі Ресейдің Социал-Демократиялық жұмысшы партиясының қызметтерімен араласып кетті. А. Кенжиннің революциялық ұйымдардың қозғалысына қатысқандығы оған кері әсерін тигізіп, мектеп әкімшілігі оны оқудан шығаруға әрекет етеді. Бірақ елдегі саяси жағдайдың қатты шиелісінен олардың ойы жүзеге аспай, тек ескертумен шектеледі. Осы жөнінде А. Кенжин өзіне ара түсіп, оқуда алып қалған мұғалімдеріне ризашылығын білдіреді. Сол ұстаздарының бірі жаратылыстану пәнін жүргізген А.И. Богомолов болды. Сонымен қатар А.И. Богомолов – әлеуметтанушы. А. Кенжин оның пәтеріне жиі-жиі барып тұрды, ұстазы оған өзінің кітапханасынан ғылыми-жаратылыстану және саяси мазмұнды кітаптарды оқуға беріп отырды. Сол кітаптардан және ұстазының онымен сөйлескен әңгімелерінен кейін ол сол кездегі (самодержавиелік-полицейлік) режимнің мәнін түсіне бастады және өзінің өмірін революциялық әрекеттерге арнайтыны туралы ойланды. Өкінішке орай, 2 жылдан кейін бұл ұстазды Самарадағы гимназияға ауыстырады. Бірақ А. Кенжин мен ұстазы арасындағы байланыс жалғасын табады. Кейіннен Аспендиярдың ұстазы Самарада тұтқындалып, революциялық әрекеттері үшін Астрахань губерниясына айдауға жіберіледі. 1906 жылдың мамыр айында А. Кенжин Орынбордағы орыс-қазақ мұғалімдік мектебіндегі оқуын бітіреді. Осы жылдың жаз айын ол далада өткізеді, ол үгіт-насихат жұмыстарымен айналысып, революциялық мазмұндағы брошюраларды таратады. Осы жылдың мамыр айының аяғында А. Кенжин І Мемлекеттік Дума төрағасының атына үлкен ашықхат жолдайды. Бұл хатта ол қазақ әйелдерінің қиын жағдайын баяндайды (көп әйелдік, теңсіз неке, жасы келген қария адамдарға жас қыздарды беру, яғни сату, сатып алу және т.б.). Онымен қоса қорытындысында көп әйелдікті, қалың мал төлеуді жою, тұрмыс құру үшін қыздардың нақты жасын белгілеу, ал ерлерге келетін болсақ, теңсіз некелерді болдырмау мақсатында олар үшін жасты шектеу, сол жастан асқандарға қыз-келіншектермен некеге тұруға тыйым салуды талап еткен. Екінші ашықхатында ол аграрлық мәселе бойынша қазақтар пайдаланатын жерлерін қалайша патша үкіметі талан-таражға салып отырғандығы туралы мәселенің мазмұнын түсіндіруді талап етеді. Оның бұл хаттары Ойылдағы полицияның қолына түседі. І Мемлекеттік Думаның таратылуы, солшыл Дума мүшелерінің Выборг үндеуіне қатысуы елдегі саяси жағдайды шиеленістіре түсті. Осы кезде қазақ даласындағы саяси жағдай да қиындай түседі. Аспендиярдың бұл хаты Темір уезі полициясының қолына түседі. Елдегі саяси жағдайдың қиындығын А. Кенжин өз көзімен көріп, мемлекеттік ұйымдарды хабардар етуге тырысады, бірақ оның әрекеті сәтсіз аяқталады.
1906 жылдың тамыз айының соңында Қалмақ-Қырған 2 жылдық орыс-қазақ училищесінде Орал облысы ұстаздарының съезі болатыны жайлы хабар алады. Бұл Темір қаласынан 35 шақырым қашықтықта еді. Күн тәртібінде тұрған басты мәселелерге қызығушылық танытып, А. Кенжин де осы съезге қатысуға келеді. Съезд өткізуге Орынбор оқу округінің округтік инспекторы (бұрынғы Торғай облыстық үкіметінің кеңесшісі) Васильев, атақты миссионер Н. Ильминскийдің мұрагері және Қазандық рухани академиясының профессоры, әйгілі Орал-Алтай жерінен Н. Катанов келіп қатысады. Күн тәртібінің басты мәселесі қазақ-қырғыз жазуының орнына әріптерге орыс транскрипциясын еңгізу болатын. Әрине, бұл миссионерлік мақсаттың қызметі еді. Осы съезде И. Васильев пен Н. Катановтың қазақ-қырғыз әріптерін орыстандыру идеясына қарсы шыққан тек қана А. Кенжин болды. Басқа қатысушылардың (қатысқан мұғалімдердің) арасынан қолдау таппаған А. Кенжин қазақ-қырғыз әріптерін орысшаға ауыстыру туралы мәселеде ерекше пікірде қалып, осы жөнінде солшылдар газетіне мақала береді. Осы қылығы үшін Орал облысының Лбищенск уезінің алыстағы дала мектептерінің біріне жұмысқа жіберіледі. Бірақ та осы кезге дейін Қалмақ-Қырғандағы орталық мектепке мұғалім болып тағайындалады. Орынбор оқу округіне бастауыш мектептің мұғалімдерін дайындаумен айналысу керек болды. Осы мектепке келгенде ол полицияның құпия бақылауына алынады. Лбищенск қаласындағы мектебінің жанында Колостовпен бірге екі социал-демократты тауып алады. Сонда жіберілген біреуі – Украинадан мал дәрігері Голяховский, ал екіншісі – мұғалім Капустин, қазіргі Черповецк губерниясынан өзінің саяси көзқарасына байланысты жер ауып келген. Ол Социал-демократиялық партияның мүшесі болатын, жазаны өтеу үшін сарбаздар қатарына еңгізілді. Олар барлығы 5 адамды құрады. Олардың ұйымына бір орыс-казак акушер әйел, Питердің шаруалар ұйымында жұмыс істеген және сонда оқыған, осы ұйымға қосылды. Аталған адамдардан басқа, осы ұйымға өте ақылды етікші мен оның ұлы (Китаев), ұста шебері тартылады, бұлардың лақап аты «философ-етікші» деп аталған. А. Кенжинмен олар жасырын жұмыс жасаған. Олардың араларындағы қызмет былай таратылды: А. Кенжин қазақ халқы арасында жұмыс жүргізді, Колостов бұратана халық арасында, мұғалім Капустин сарбаздар арасында, мал дәрігері Голяховский ауыл халықтарының арасында, акушер-әйел орыс-казактардың арасында, сонымен қоса ауылдық интеллегенция араларында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. А. Кенжин мен Колостов өздерінің мақалаларын «Уральский листок» газетінде жариялап отырды. Газетте олар жоғары басшылардың /уездегі крестияндық начальниктерді, халық училищелерінің инспекторларын/ іс-әрекеттері мен теріс пайдалануларды әшкереледі. Жазба жұмыстарына орыс транскрипциясын еңгізуге қарсылық білдірді. Басшылардың жүргізген миссионерлік мақсатына білдірген қарсылықтары ізсіз қалмады. Орыс-қырғыз училищелеріне еңгізілген «Ереже» 1906 жылы 31 наурыздағы Қырғыз жазба үлгісіне орыс транскрипциясын енгізу бұл миссионерлік бағыт деп танылды, 1907 жылы бұл «Ереже» жойылып, жаңа «Ережеге» ауыстырылды. Бұл «Ереже» алғашқыға қарағанда анағұрлым қырғыз әрпіне сәйкес болды.
1906 жылдың қарашасында А. Кенжин мен ұйым мүшесі Колостов Орал облысына және Бөкей губерниясының Ішкі ордасына, Торғай облысына үндеу жариялады. Бұл үндеуде Жымпитыда өтетін съезге кәсіптік-саяси бағытта бірігуді ұсынды, оған оңтүстік-шығыс одақты «Бүкілресейлік мұғалімдер одағының» филиалы ретінде қатысуға шақырды. Бірақ, өкінішке орай, кейбіреулер келетіні туралы хатпен жауап қайтарғанмен, мүмкін «Басшылардан» қорыққаннан шығар, мұғалімдердің бірде-біреуі осы съезге қатыспады деп өз мінездемесінде Аспендияр Кенжин жазады. Осылайша, олардың құрған жоспары орындалмады, съезд өтпеді. Дегенмен Кенжин мен Колостов қысқы борандарға қарамай, қаражаттарының аздығына қарамастан, атты жалдап, Жымпитыға келді. Сонда 8 күн болып, ешбір нәтиже шығара алмай, кері өз мектептеріне қайтып кетеді. Оның үстіне, олардың үндеуінің бір данасы белгісіз жағдайда халық училищесі инспекциясының қолына түседі. Бұдан кейін А. Кенжин мен Колостов жергілікті халықпен байланыс ұстау үшін кооперация ұйымын құрады. Колостов несие кооперациясында жұмыс істеді, ал А. Кенжин Илек қаласындағы тұтыну кооперациясында жұмыс істейді. Сонымен қатар А. Кенжин өзінің мұғалімдік қызметін тастамай, өзінің мамандығын жетілдіру бағытында қызмет жасайды.
1906 жылы Орынбор мектебін аяқтағаннан кейін А. Кенжин педагогикалық қызметті тастаған жоқ. 1911 жылы өз білімін көтеру мақсатында оқып, 1912 жылы қыркүйек айында емтихан тапсырып, уездік училищеде математика пәнінің мұғалімі деген атақ алды. 1913 жылы емтихан тапсырып, география және жаратылыстану пәндерінен үй мұғалімі деген атақ алып, Жоғарғы бастауыш училищесінің мұғалімі деген курсқа оқуға түседі. А. Кенжин 1917 жылғы Ақпан революциясына дейін математика, физика, география, жаратылыстану пәндерінен Илек қаласындағы 2 жылдық педагогикалық курстарға сабақ береді. Өзінің қызметі мен ішкі сенімінің арқасында оқуды бітіріп жатқан жас мұғалімдерге революциялық бағыттағы тәлім-тәрбие бере алды. 1915 жылдан бастап Илек қаласындағы қайтадан ашылған жоғарғы бастауыш училищесінде мұғалім міндетін атқарды. Самодержаниеның құлауы туралы жаңалықтар енген кезден бастап сол сәтте Илек қаласындағы барлық билік үкіметі, патша чиновниктері қуылды және бұрынғы билікті алмастырған Атқару Комитеті құрылды. Кенжин сол Комитеттің жауапты хатшысы болып тағайындалды. Оның басшылығымен Илек қаласында аудандық Революциялық Комитет құрылады. А. Кенжин аудандарға іссапармен жіберіледі. Іссапардың мақсаты халыққа саяси жағдайларды түсіндіру, жаңа құрылған Атқару Комитетінің жұмысымен таныстыру және аудандық Революциялық Комиттеттер құру, оның төрағасын сайлау т.б. жұмыстарды атқару тапсырылады. 1917 жылы наурыздың аяғында А. Кенжин майдандағы бұратана жұмысшыларға келеді. Ол Батыс майданға 1916 жылғы 25 маусымдағы патша үкіметінің жарлығымен «реквизицияланған» қырғыз (қазақ) және басқа бұратана жұмысшылар арасына келіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, олардың жағдайларымен танысып, елдегі болып жатқан революциялық ахуалдарды түсіндірді. Жұмысшылардың арасында еңбек етіп жүрген кезінде олардан жергілікті билік, болыстық басшылар, крестияндық начальниктер қара жұмысқа жалдаған кезде байдың балаларынан пара алғандары, соның арқасында «байдың балаларын» кедейлердің ұлдарымен алмастырғандары туралы және басқа да теріс бағыттағы істері туралы мәліметтер алады. Осы аталған жайсыз істер жайында Кенжин жұмысшылардың атынан бұл істі тексеріп, барлық кінәлі адамды жазалау туралы Оралдағы Азаматтық облыстық комитетке наразы хат жібереді. Бірақ Комитет мүшелерінің көпшілігі мұны құптамайды және оның наразылығы «шөлдегі жанжалды дауыс» ретінде ескерілмей қалады.
А. Кенжин 1917 жылдың тамызында Темір қаласындағы Жоғарғы бастауыш училищенің меңгерушісі болып тағайындалады. Осы кезде оны Орал қаласының облыстық комитетіне басшылық қызметке шақырады, бірақ ол өз мамандығы бойынша қызмет істеуді орынды санады. Тамыз айының соңында Темір қаласына көшіп, аталған училищеде 1917 жылдың желтоқсан айының 2-ші жартысына дейін меңгеруші болып қызмет атқарды. Желтоқсан айында А. Кенжинді Темір уезі жер басқармасының халықтық білім беру басқармасының төрағалық қызметіне сайлайды.
1918 жылдың қаңтарында сол кездегі Орал губерниясының Қаратөбе ауылында болыстық делегаттардың облыстық қазақ съезі өтті. Соның ішінде Темір уезінен келген делегаттарының бірі А. Кенжин болды. Осы аталған съезде Орал облысындағы қырғыздардың (қазақтардың) қоғамдық өмірін ұйымдастыру туралы мәселе қаралды. Соның алғашқысы – қырғыз (қазақ) әскери бөлімдерін құру, ұйымдардан салық жинау мәселесі және т.б. Съездің барысында қаралған мәселеге байланысты жиналған халықтың пікірі екіге бөлінді. Бір бөлігі әскер құрамасын ұстау үшін халықтан 100 рубль көлемінде салық жинау мәселесін көтерді, ал екінші топ «салық байға байша, кедейге кедейше салынсын» деген пікірде болды. Бұл мәселе съезде қатты шиеленісті, соның нәтижесінде бір топ съезд жұмысын тастап кетіп қалды. Олар Орал қаласына келіп, «Ақ Жол» деп аталатын ұйымды құрды. Бұл ұйымның басшысы А. Кенжин болды. Олар Орал қаласына келіп, большевиктердің Революциялық Комитетімен бірігеді. Орал жұмысшы, солдат және шаруа депутаттарының Кеңесі А. Кенжинді Темір уезіне Революциялық Комитет жұмысын жандандыруға жібереді. Осылайша Темір уезінде Революциялық Комитет құрылады. Темір уезінен Мәскеу қаласында өтетін Бүкілресейлік съезге өкілдер сайланады. 1918 ж. ақпандағы съезде Брест бейбіт бітім шартына қол қойылады. Олар Ленинге Орал жұмысшы, солдат және шаруа депутаттарының Кеңесі атынан құттықтау телеграмма жібереді.
А. Кенжиннің Темір уезіндегі жұмысы сәттілік табады. 1918 жылы Орал қаласында казак әскери үкіметі құрылады. 1918 жылы 18 мамырда Орал қазақтарының төртінші съезінде «Ойыл Уәлаяты» атты Уақытша үкімет құрылады. 1918 жылы қыркүйек айында «Ойыл Уәлаяты» атты Уақытша үкімет таратылып, «Алашорданың Батыс бөлімі» атты үкімет құрылды. Бұл үкімет Темір уезінде құрылған Кеңес өкіметімен соғысып, Темір, Ойыл аудандарындағы Кеңес өкіметін құлатты. Темірдегі жұмыстың маңызы болмағандықтан, қалыптасқан жағдайлардың арқасында А. Кенжин Темірді қалдырып, «Ақ Жол» ұйымының мүшелерімен хабарласуды жөн көреді. Олардың ұйымдарының жиналысын немесе конференциясын ұйымдастыру мүмкін болмады. Оларға кішігірім жиналыспен шектелуге тура келген болатын. Осы жиналыста оларға бөлінген қызмет Торғай облысына барып, халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, Алашорда Батыс бөлімінің газеттерде жариялаған мақалаларын сынап, Батыс Алашорда үкіметінің қызметтерін халық алдында қаралап, халықты Кеңес билігі жағына шығару әрекеттерін жүзеге асыру болатын. «Ақ Жол» ұйымының тапсырыстары біртіндеп орындалып, нәтижесінде Алашорданың Торғай бөлімі кеңестік биліктің жағына 1919 жылы шығып кетеді.
1919 жылдың тамызында А. Кенжин Орал облысына келіп, «Ақ Жол» ұйымының мүшелерімен кездесуді көздеді. 1919 жылдың аяғында А. Кенжин Алашорданың Батыс бөлімін Кеңес өкіметін мойындауға көндіру мақсатында жұмыс жасайды. 1919 жылы желтоқсанның аяғында А. Кенжин Ревкомның бұйрығымен Қырғыз-Қазақ жерін басқару және Туркфронт І әскерінің мүшесі ретінде майданның Қызыл-Қоға деген жеріне келеді. Кейін уездік ревком құрылып, оның төрағасы ретінде А. Кенжинді тағайындайды. 1920 жылы 3 наурызда Алашорданың Батыс бөлімі Ж. Досмұхамедовтің басшылығымен өз еркімен Кеңес өкіметін мойындайды. Үкімет басшылары Қырғыз (Қазақ) Әскери Комитетінің шешімімен Орынбор қаласына жіберіледі.
1920 жылдың сәуірінде қажеті болмағандықтан, Орал ревкомының жұмысы тоқтатылып, А. Кенжин Кирревкомның қарауына Орынборға аттанады. Алдымен 1920 жылы мамырдың басында А. Кенжин халыққа білім беру туралы өлкелік бөлімнің коллегия мүшесі және Мектептен тыс оқыту бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Кейіннен А. Кенжин Халыққа білім беру туралы өлкелік бөлім меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалады. Үш аптадан кейін Қырғыз-Қазақ өлкесінің НКВД коллегиясының мүшесі болып тағайындалады. 1920 жылы маусымның ортасынан қазан айының 2-ші жартысына дейін барлық баспа басылым ұйымының Бірыңғай Редакциялық Коллегиясының мүшесі болады. Осыдан басқа маусымның соңынан бастап Кеңестердің І Өлкелік құрылтай съезін шақыру және болашақ АКССР-дың шекарасын белгілеу Өлкелік комиссия мүшесі болады. Өлкелік комиссариаттарды құрғаннан кейін 1920 жылдың қазанында А. Кенжин Наркомпростың мектептен тыс оқыту секторын басқарумен айналысатын Наркомпрос КССР коллегиясының мүшесі және Қырғыз (Қазақ) Орталық Атқару Комитетінің Өлкелік әкімшілік комиссиясының мүшесі болып тағайындалады. 1920 жылдың маусымынан Кирревкомның Бірыңғай коммунистік ұйымы Президиумының төрағасы, 1921 жылдың шілдесіне дейін Наркопростың және Главполитпросветтің коммунистік ұйымы Президиумының төрағасы болады. Кейін Мектептен тыс сектор мен Қырғыз (Қазақ) Әскери Комитетінің саяси басшылығының бірігуі нәтижесінде Наркомпрос Коллегиясының мүшесі қызметін қалдырып, Қырғыз (Қазақ) партиялық бюросы Орталық Комитетінің бұйрығымен Қырғыз (Қазақ) бас саяси ағарту Кеңесінің төрағасы болып тағайындалады. 1921 жылдың маусымынан бастап Кеңестердің 2-ші Өлкелік съезіне дейін Наркомпростың орынбасарлық қызметін атқарды. 1921 жылдың қазанынан 1922 жылдың қазан айына дейін Қырғыз (Қазақ) республикасының ағартушылық саласы бойынша нарком және балалардың өмірін жақсарту бойынша Орталық комиссияның төрағасы болады. 1921 жылдың ақпанынан бастап 2-ші Қырғыз (Қазақ) партия конференциясына дейін Орталық Комитеттің Президиум мүшесі. 1923 жылдың сәуір айына дейін Қырғыз (Қазақ) облыстық Комитетінің РКП (б) мүшесі болады. 1922 жылдың желтоқсанынан бастап 1924 жылдың наурызына дейін Үгіт-насихат бөлімінің Қырғыз (Қазақ) облыстық Комитеті РКП (б) меңгерушісінің орынбасары, 1924 жылдың наурызынан бастап маусымына дейін АКССР Наркомның орынбасары болып жұмыс істеді. 1924 жылдың 1 маусымынан бастап Қырғыз (Қазақ) Наркомының ішкі сауда бөлімі басшысына тағайындалады. Осы кезеңде Қазақстан Халкомкеңесінің астананы Қызылордағы көшіру жөніндегі комиссиясын басқарды.
Алашордадағы қызметі үшін қамауға алынып, 1926 жылы қаңтарда БК(б)П қатарынан шығарылды. Өлкелік партия комитеті бюросының шешімімен «Казторг» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы болып тағайындалады, кейін Мәскеуге жіберіледі. Мәскеуде РКФСР Статистика Халық комиссарының орынбасары, ҚАКСР Халық шаруашылығы Орталық кеңесінің төрағасы, 1929-1930 жылдары Алматы шұға фабрикасының директоры, тағы басқа да бірнеше мекемеде қызмет жасап, соңғы Елтірі тері әзірлеу одағының Орынбор облыстық конторы директорының орынбасары қызметінде жүргенде 1937 жылы қаңтарда НКВД тарапынан тұтқындалып, Алматы қаласында 1938 жылдың 26 ақпанында атылған. 1990 жылы қаңтарда КСРО Жоғарғы соты пленумының қаулысымен ақталған. (Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Құраст: Ғ.Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. 195-199 -бб.).