Кенжалиев Алпан, дүниеге келген жылы белгісіз, 1934 жылы қайтыс болған. Батыс Алашорда әскери далалық сотының мүшесі. 1919 жылы 15 қаңтарда Орал қаласын Қызылдар әскері басып алғаннан кейін 1919 жылдың 24 қаңтарында Орал түрмесіндегі 37 саяси тұтқынды Орынбор түрмесіне жеткізу үшін алдымен Елек қаласына көшіреді. Бұл шара Орал әскери өкіметінің Алашордамен бірлесіп Жайық өзені бойындағы Қызыл-қоға ауылына, одан әрі Гурьев қаласына Алашорданың халықтық милициясының әскери конвойымен апарылуы үшін жүргізіледі. Бұл әскери конвойды Батыс Алашорданың Қызылқоғадағы милициясының басшысы Алпан Кенжалиев басқарған. Олар жолда қашуға талпынған большевик тұтқындарды, барлығы 34 адамды Гурьевке жақын жерде Қызылқоға мен Гурьевтің ортасында атуға бұйырған деп айыпталған. Алайда аталған оқиғаның анық-қанығы толық жазылмаған, атылған адамдардың да тізімі еш жерде кездеспейді. Батыс Алашорда таратылғаннан кейін А. Кенжалиев Компартияның мүшелігіне қабылданып, кеңестік билікпен бірлесіп жұмыс атқарған. Ақтөбе губерниялық сотының төрағасы, Ақтөбе аймақтық сотының төрағасы қызметтерін атқарады. Бірақ ВКП(б) құрамынан шығарылып, бұрынғы Алашордаға қызметі үшін қудаланады. Үлкен қиындықтармен қарсыласа жүріп, Темір қаласындағы Ембі-мұнай (Эмба-нефть) мекемесіне жұмысқа орналасады. Ал 1934 жылы Ақтөбе облыстық атқару комитетінің хатшысы қызметінде жүріп, осы 1934 жылдың көктемінде өз кабинетінде мезгілінен бұрын көз жұмған. Қайраткерді Ақтөбе қалалық және облыстық мекемелерінің коммунистері салтанатты түрде бауырластар зиратына жерлеген. (БҚО ПД архиві, Үштіктің хаттамалары, сонымен бірге Б. Қаратаев. Очерки Алашорды... 83-85-парақтар. )
Кенжалиев Алпан
- Аты-жөні: Кенжалиев Алпан
- Жаза түрі: Басқа
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ