Көзеев Қарабай Есетұлы 1894 жылы Орал губерниясы Ілбішін уезінің Соналы болысындағы Үштаған ауылында дүниеге келген. Жайық өңіріндегі Алаш қозғалысына және ауылды кеңестендіру ісіне қатысқан қайраткер. Тегі – байұлына жататын қызылқұрт руы. Қарабай Көзеев ауыл молдасынан хат танып, болыстық орыс-қазақ мектебін бітіргеннен кейін 1906-1916 жылдар аралығында Соналы болысының 3-ауылында Тұраш байға жалданып еңбек етті. 1916 жылы қазақтан тыл жұмысына адам алынған кезде Батыс майданында, Минск губерниясында қара жұмыста болды. 1917 жылы көктемде елге оралып, ауылда жұмыс істеді. 1918 жылы Ойыл уәлаятының Халық милициясына (әскеріне) жазылды. 1920 жылы Қаратөбе учаскелік ревкомының учаскелік милициясында қызмет етті. 1921-1923 жылдары ЧОН отрядының құрамында қызмет атқарды. 1924 жылы РК(б)П мүшелігіне кандидат, 1925 жылы мүшелігіне сайланып, ал 1924 жылы Сабынкөл болыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған. ІІХК өкілі Щитовтың басқаруымен «банды» Құныскерей Қожахметұлын ұстамақшы болған операцияға қатысты. Алайда іштей Құныскерейді жақтаған ол Щитовты райынан қайтарады. 1926-1928 жылдары Ащысай болыстық атқару комитетінің төрағасы, Жымпиты және Ілбішін уездерін ықшамдау мақсатында 1928 жылдары жаңадан Шалқар ауданы құрылғанда Көзеев аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Есенаңқаты өзенің Шалқар көліне құяр сағалығынан жаңа аудан орталығы салынатын жерді таңдап, өз қолымен қадасын қақты. 1930 жылы Жаңақала аудандық кеңесі атқару комитетінің, 1931 жылы Семей облысындағы Абыралы ауданы Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, 1932-1934 жылдары Гурьев облысына қарасты Жылой аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1934 жылы Тайпақ ауданындағы «Есенсай» совхозының, 1935-1938 жылдары Қаратөбе ауданындағы «Қаратөбе» ет кеңшарының жұмысшылар комитетінің төрағасы, Қ. Көзеев 30-жылдардағы асыра сілтеу саясаты тұсында, 1937 жылы қуғын-сүргін кезінде бірнеше адамды жөнсіз жазадан арашалап қалды. 1937 жылы зейнет демалысына шығып, туған жері Үшағашқа көшіп барды. 1938 жылы 20 шілдеде ауырып қайтыс болады. Қаратөбе ауданындағы Шөптікөл өндірістік кооперативінің 1-бөлімшесі маңындағы қорымға жерленді. Соңында Жайылхан, Нұртай есімді екі ұл қалды. Жайылхан Алматы қаласында қайтыс болды, Нұртай Қарабаев Қаратөбе ауылында тұрады. Қ. Көзеев бейнесі Х. Есенжановтың «Ағайынды Жүнісовтер» романында сомдалған (Қаратөбе аудандық тарихи-өлкетану музейінен алынған.).
Көзеев Қарабай Есетұлы
- Аты-жөні: Көзеев Қарабай Есетұлы
- Туған жері: Орал губерниясы Ілбішін уезінің Соналы болысындағы Үштаған ауылы
- Жаза түрі: Басқа
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ