Абылаев Айтқали,1898 жылы БҚО Жымпиты уезі Тайпақ ауданының №14 ауыл советінде дүниеге келген. Қазақ, орта білімді, кавалерист. Батыс Алашорда қозғалысының көрнекті өкілі. 1918 жылы жазда ІV Қазақ Орал облыстық съезінің қарарымен гимназияларда, реалдық училищеде, мұғалімдер мектебінде, уездік орыс-қазақ училищелерінде, болыстық орыс-қазақ мектептерінде орыс азаматтық білімін алған қазақ жастарының әскери командалық құрамын әзірлеу мақсатында бұрынғы орыс армиясының үлгісімен Ойыл уәлаяты үкіметі Жымпитыда ашқан қазақтың тұңғыш әскери мектебі – алты айлық Ойыл уәлаяты юнкерлік мектебінің алғашқы түлектерінің бірі. 1918 жылдың желтоқсан айында Жымпитыдағы Алаш гарнизонының бастығы болды. 1919 жылы Алаш милициясының құрамында прапорщик, хорунжий, кейін офицер болып, Алашорда үкіметіне адал қызмет жасайды. Әскер жасақтау мақсатында халықтан салық жинау ісімен шұғылданатын Батыс Алашорда милициясының арнаулы жүздігін басқарады. 1919 жылы Қызыл армияның Чапаев дивизиясының 443-бекініс батальонын қолға түсіру операциясына қатысады. 1920 жылы 5 маусымда Қызылқоғада қызметте жүрген жерінен тұтқындалады. 1920 жылдың ортасында Орал губерниясының несие беру мекемесінде, 1930 жылдары Түрксіб темір жолында бухгалтер қызметін атқарады. А. Абылаев 1934 жылы Алматыда тұтқындалып, 1936 жылы 8 жылға бас бостандығынан айырылады. Кейін Батыс Алашорданың офицері және қала гарнизонының бастығы болғаны үшін әскери трибуналға беріледі. (БҚО ПД архиві, №П-1220 А. Аблаев ісі) (ақталмаған).
Абылаев Айтқали
- Аты-жөні: Абылаев Айтқали
- Туған жері: БҚО Жымпиты уезі Тайпақ ауданының №14 ауыл советі
- Жаза түрі: Бас бостандағынан айыру
- Алаш әскері: Иә
- Алаш басшылары: Жоқ