Абдрашитов Хажиахмет, туған-өлген жылы белгісіз. БҚО Жаңақала ауданында дүниеге келген. Қазақ, ірі саудагер байдың ұлы. Батыс Алашорда мүшесі, байдың ұрпағы ретінде Кеңес үкіметінің бақылауында болған. 1938 жылы 9 тамызда Орда аудандық НКВД басшысы Зотов қол қойған мәлімдемеде Жаңақала ауданының тумасы Х. Абдрашитовтың Жәнібектегі түрмеде Ж. Рахметовпен бірге отырғаны, оның Ж. Рахметовті айыбын мойындамауға үгіттегені айтылған. 1938 жылы 10 тамызда айыпталушы Жанғазы Рахметовті жауаптау парағында Абдрашитов Хажиахметті бұрыннан танитынын, оның Жаңақала ауданында туғанын, түрмеге өзі сияқты антисоветтік, террористік, ұлтшыл ұйымның мүшесі ретінде қамалғанын айтады. Х. Абдрашитов НКВД тарапынан тұтқындалып, РКФСР ҚК 58-7, 58-10-баптары бойынша сотталған. Бірақ ол өзінің кінәсін мойындамаған, Ж. Рахметовке де сондай кеңес берген, «...егер мұндай кінәні мойнына алса, арты жақсы болмайды, сондықтан ешқандай қатысым жоқ деп шындығын айту керек» деген кеңес береді. Бұдан кейінгі тағдыры белгісіз. (БҚО ПД архиві, №П2209 іс, 33-33-пп.)
Абдрашитов Хажиахмет
- Аты-жөні: Абдрашитов Хажиахмет
- Туған жері: БҚО Жаңақала ауданы
- Жаза түрі: Ату
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ