Ажгереев Валихан Сейтханұлы 1903 жылы Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылында дүниеге келген. Қазақ, қарабай руынан, атақты бай, Алашорданы қолдаушы, Батыс Алашорда әскерінің Жаңақала ауданы бойынша Жаңақазандағы қорғаныс комитетін басқарған Ажгереев Сейітханның ұлы. 1919-1920 жылдары В. Ажгереев Алашорданың белсенді мүшесі Мулкашев Ибрагим және басқалармен тығыз байланыс жасаған. Алашорда таратылғаннан кейін Жаңақазан ауылындағы Приход мектебінде, 2 кластық училищеде, 1922 жылы Орынбор қаласындағы Ағарту институтында оқыған. Кейін Қаратөбе, Жымпиты, Тасқала, Казталов аудандарындағы ұжымдық шаруашылықтарда қызмет атқарған. 1929-1930 жылдары Ажгереев Валихан Жымпиты аудандық атқару бөлімінде төраға қызметінде жүрген жылдары «үш колхозды құру кезінде үкіметке қарсы әрекеттерге барып, қателік жіберді» деген айыппен 3 жылға бас бостандығынан айырылған. Түрмеден жазасын өтеп келіп, Таловка (Казталов) ауылында бұрынғы Жымпитыдағы қызметтесі Тоқсановтың көмегімен аудандық атқару комитетіне хатшылық қызметке орналасады. Ал 1936 жылдары Казталовка ауылында орта мектепте оқытушы, кейін директор болып жұмыс жасаған. БҚО ПД архивінің айыптау құжаттарында «Казталов ауданындағы орта мектепте бұрынғы алашордашылар М. Байшеркешев және Пендеевтермен бірігіп, мектеп ұжымында наразылықтарға орын берген. В. Ажгереевтің мектеп директоры болған жылдары мектеп ұжымы екіге бөлінген. Куәгер Нұрқаш Сәрсекеновтің айтуы бойынша, мектепте «тәжірибелі мұғалімдер – Байшеркешев, Таушанов, Сахипов т.б. бұрынғы алашордашылар жұмыс жасап, оның (директордың – автор) қамқорлығында болған» деген айыптар келтірілген. Осы қызметте жүрген кезінде 1937 жылы 30 тамызда Казталов ауданында контрреволюциялық ұлттық ұйым құрып, бұрынғы алашордашы Байтұрсыновпен бірігіп, Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізген; КСРО-ға қарсы пиғылда; бұрынғы Алашорда үкіметі басшыларын мақтаған, соларды жақтаған деп айыпталып, қайта тұтқындалған. БҚО ПД архивінде сақталған №П-3984 істе куәгер Әди Шайдуллиннің айтуы бойынша (110 парақ), 1937 жылы жазда В. Ажгереев пен Китаровтың Алматыға жиналысқа барған іссапарында бұл екеуі Қазақ мемлекеттік драма театрында қызмет жасайтын Махамбет және Наушанғали Бөкейхановтардың үйіне тоқтағанын айтады. М. Бөкейханов 1928 жылы Орда ауылынан байлардың бірі ретінде мал-мүлкі тәркіленіп, Жетісуға жер аударылған болатын. 1937 жылы 25 қарашада РКФСР ҚК 58-10-бап 2-тармағы, 58-11-баптар бойынша 10 жылға ЕТЛ-ға қамалған. Жазасын өтеп шыққаннан кейін 1950 жылы 18 мамырда Саратов облысының Революция Маягі совхозында жұмыс жасап жүрген жерінен қайтадан айыпталып, тұтқындалады. 1950 жылы 7 қазанда КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің Ерекше Кеңесінің шешімімен (Особое Совещание МГБ СССР – автор) РКФСР ҚК 58-10-бабымен тағы бұрынғы айыптары қайта жамалып, жаңа шешім шығарылған. Шешім бойынша Ресейдің Новосибирск қаласына жер аударылады. 1955 жылы 14 мамырда қылмыс құрамының жоғына орай БҚО сотының қаулысымен қылмыстық іс тоқтатылып, ақталған (БҚО ПД архиві, №П-3984 іс).
Ажгереев Валихан Сейтханұлы
- Аты-жөні: Ажгереев Валихан Сейтханұлы
- Туған жері: Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылы
- Жаза түрі: Бас бостандағынан айыру
- Алаш әскері: Иә
- Алаш басшылары: Жоқ