Айсарыұлы (Айсариев) Дәулетияр, 1845 жылы БҚО Тайпақ ауданында дүниеге келген. Қазақ, білімі бастауыш. Өлкетанушы, діни тұлғаларды зерттеуші Қазыбек Құттымұратұлы Жымпиты аумағындағы көне зираттан табылған құлпытастағы жазу бойынша Д. Айсарыұлының туған жылын 1852 жыл деп көрсетеді. (Мына кітапта: «Қуғындалған хазіреттер», Орал, 2022. 49-бетте). Батыс Алашорданың рухани дем берушілерінің бірі, белсенді өкілі, дін қайраткері, Жайық бойында мешіт-медресе ұстаған танымал хазірет болған. Айсарыұлы Дәулетияр ишан мемлекет қайраткері Бақытжан Қаратаевпен бірге бірнеше ишан-хазіреттің арасында Петербургке, патша сарайына барған, 1917 жылы желтоқсанда өткен Орынбордағы екінші жалпықазақ сьезінде Орал облысы қазақтарының атынан делегат ретінде қатысып, Алашорда үкіметін құруды, жаңа үкіметті жариялауды қолдаушылардың бірі. Осы жылдары Хасан Нұрмұхамбетовпен бірге «Алаш» қозғалысын, қазақ мемлекеттілігін құруды қуаттап, уездік, облыстық және Бүкілресейлік мұсылман қауымдастықтарының тарихи жиындарына қатысқан, бүкіл қазақ даласы бойынша аса беделді, сауатты діндарлардың, саяси қайраткерлердің санатында болған. 1929 жылы 15 қарашада Орал облыстық ОГПУ тарапынан тұтқындалып, істе қылмыс құрамының жоқтығына байланысты тоқтатылған. 1935 жылы наурыз айында Дәулетияр Айсарыұлы Сайқұдықтан Жымпитыға келіп, інісі Ғабдолла Ахметовтың қолында дүние салған. Сол жердегі Жымпиты ауылында үлкен қорымға жерленген. (Қабжан Қ. Қуғындалған хазіреттер. - Орал, 2022. -49-74-бб.; БҚОМА №24 қор, 4-тізбе, №567 іс. Тайпақ болыстығы бойынша сайлау құқынан айырылғандар тізімі.).
Айсарыұлы (Айсариев) Дәулетияр
- Аты-жөні: Айсарыұлы (Айсариев) Дәулетияр
- Туған жері: БҚО Тайпақ ауданы
- Жаза түрі: Ату
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ