Күсепқалиев Дәулетшах (Дәулетше)1870 жылы 23 (25) тамызда Орал облысының Калмыково уезінде ақсүйектер отбасында дүниеге келген. Батыс Алашорда қайраткері, еуропалық үлгіде білім беретін Мәскеу императорлық университетінің түлегі, жоғары білімді дәрігер. Қазақ КСР Мемлекеттік Орталық мұрағатындағы Жымпитының құрылу тарихы және алғашқы профессор атағын алған қазақ Халел Досмұхамедов Дәулетшах Жүсіпұлы Күсепқалиев жөніндегі естелік мәліметтер жазған. Сол естеліктердегі жақын туыстарының айтуы бойынша, Дәулетшахтың әкесі Жүсіп Сібірге жер аударылады, сол жылы Дәулетшах дүниеге келген екен. Әкесі Жүсіп елге келгенде Дәулетшах 10 жасар бала болатын. Тегі – төре, соның ішінде Нұралы хан тұқымы. Атасы Нұралының Орманынан туған. Дәулетшах Күсепқалиев болыстық орыс-қазақ мектебіне оқуға түсіп, хат таныған. Одан кейін 1887 жылы Орынбор қаласындағы классикалық ерлер гимназиясын оқып, оны күміс медальмен 1895 жылдың 8 маусымында аяқтайды. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қорындағы Дәулетшах Күсепқалиевтің жеке іс-парағында Орынбор классикалық гимназиясының ғылым курсын күміс медальмен бітіргендігі туралы жазылған. 1895 жылы 1 шілдеде Дәулетшах Күсепқалиев Орынбор классикалық гимназиясының ғылым курсын күміс медальмен бітірген соң Мәскеу императорлық университетінің ректорына сол университеттің медициналық факультетіне қабылдауға өтініш жаза отырып, университеттің барлық ережесі мен қаулыларын қатаң ұстанатындығын айтады. 1895 жылдың 1 шілдесінде Император атындағы Мәскеу университетіне қабылданады. Дәрігер Дәулетшах Күсепқалиев 1900 жылы 12 маусымда осы оқу орнын тәмамдап, Мемлекеттік Кеңестің шешімі бойынша аса жоғары бағалауға ие болып, 1900 жылы 14 қазанда барлық артықшылық пен құқықтарға ие лекарь атағын алады. Қоғамда жеке тұлғалар маңызды рөл атқаратынын өз тағдырымен дәлелдеген Д. Күсепқалиев өңірдегі барша тарихи-саяси процеске белсенді атсалысты, мемлекеттік мәселелер көтеріліп жатқан кезде сол қоғамдық-саяси өзгерістерден шет қалмады. 1895 жылы Орал облысына қарасты Ілбішін уезіндегі 2-інші медицина-ауылдық учаскіге дәрігер болып бекітілді, Қарағаш, Өлеңті, Жымпиты, Соналы, Қалдығайты болыстарына дәрігерлік қызмет көрсетті. 1902 жылы өзінің туған жері Тайпақ ауылына крестянский начальникпен қатар дәрігер болып келіп, осы өңірде алғаш рет шағын аурухана ашуға ұйытқы болады. Алғашқы жылдары осы өзі ұйымдастырған ауруханада жемісті жұмыс жүргізеді. Бүкіл Тайпақ өңірінде жалғыз дәрігер атанады. 1903 жылдан Орал облысындағы Гурьев уезіне қарасты 2-учаскінің Өлеңті, Қызылқоға, Ойыл, Сүрелі, Есбол, Қарабау, Сламихын, Кермеқас, Қайығайшы, Жымпиты, Қиыл, тағы басқа болыстарға дәрігер етіп жұмысқа жіберіледі, әрі осы учаскіде крестьянский начальник, Кермеқастағы 1 кластық орыс-қазақ училищесінің қамқоршы-попечителі қызметін атқарады. Онда Дәулетшах тек дәрігерлік жұмысын атқарып қана қоймай, қара қазақтың сауатын ашуда үлкен үлес қосады. Ол Керімқаста 2 жылдық орыс-қырғыз мектебін ашуда белсенді қайраткердің бірі болады. Дәрігерлік қызметіне қоса, Дәулетшах қандастарының орыс тілін меңгеруіне үлкен күш салды. 1909-1910 жылдары қоныс аударушылардың жерге орналасулары бойынша мәселелерде қоныс аудару жұмысымен айналысушы шенеунік Зубердің тарапынан бірнеше рет қарсылыққа ұшырап отырды. Осы жағдайлардан кейін Орал облыстық басқармасының өзіне деген сенімсіздігін сезіп, 1911 жылы 4 тамызда бұл қызметтен өз еркімен босатуын сұрайды. Архив құжаттарында бұл туралы «Как бывший Крестянский начальник лишен был гражданского право, но после 8-летней Советской безпорочной службы Тайпакской волости Джамбейтинские уездные исполкомы вынесли в 1927 и 1928 гг. решение о предоставлении мне права гражданина; это мое дело без ответа поныне находится в Уральском Окружном исполнительном комитете» деп, өзіне сайлау құқығын қайтармай отырғандығы туралы Дәулетшахтың наразылық білдіргенін көруге болады.
1912 жылдан бастап Жымпиты земстволық ауруханасының меңгерушісі болумен қатар Д. Күсепқалиев өлкедегі қалыптасқан либералдық-демократиялық қозғалысқа белсенді араласа бастайды. Оның қоғамдық қызметтерді қатар атқарып, елдің саяси-экономикалық мәселелеріне араласа бастауы жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталады. Облыстық земство жиынының қаржысын пайдалана отырып, ауруханада жүйке сырқатына шалдыққандарды емдейтін бөлімше, перзентхана ашуға ұйытқы болады. 1912 жылы Жымпиты земстволық ауруханасының меңгерушісі бола отырып, ол дәрігер Н.А. Селезневпен бірге Жымпиты поселкасының төңірегінде пайда болған жұқпалы аурулардың алдын алу және таралуын жою жұмыстарына белсене қатысады. Сол 1912 жылы Жымпиты земстволық ауруханасын басқарып жүріп, дәрігер Н.А. Селезневпен бірге Жымпиты поселкасының төңірегіндегі оба ошақтарын жою және алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Ол үшін уақытша обаға қарсы лаборатория мен обаға қарсы дәрі-дәрмектер қоймасы ашылады. Әсіресе, оба, шешек ауруларымен күресте өте көп еңбек сіңірген. 1914 жылы Дәулетшах жаңадан салына бастаған Тайпақ ауруханасына меңгеруші етіп жіберіледі. Денсаулығының нашарлығына қарамастан, халыққа медициналық қызмет көрсетуде аянбай еңбек етеді. Қырғыз революциялық комитетінің құрамына енеді. Кейін біраз уақыт облыстық санэпидстансаны басқарады. Жаңадан салынған аурухананың жұмысқа қосылуынан кейін ол Жымпитыға қайтып оралады. Себебі 1915 жылы Батыс Қазақстанда оба ауруының 116, холераның 92 жағдайы тіркелген. Өзінің жазбасында дәрігер Д. Күсепқалиев былайша баяндайды: «С 1911 года, до и после революции, помимо очередной врачевной работы, все время боролся с чумными эпидемиями в Уральской губерний. Бывали случаи, когда один в чумном оцеплении лечил, хоронил чумных (1912 г.). Противочумные отряды из тогдашнего Петербурга прибывали нередко к ликвидации чумного очага.» Оның белсенді іс-қимылдарының арқасында 1915 жылы Жымпиты земстволық қырғыз ауруханасының қуаты 35 кереуетке ұлғаяды. Саратовтық эпидемиолог-дәрігер Г. Кольцовпен бірге қазақ даласында обаға қарсы тұңғыш зертхана ұйымдастырып, жұқпалы ауруларға қарсы егу жұмыстарын жүргізді. 1914 жылы Самара қаласында өткен облыстық обаға қарсы күрес съезіне қатысып, жан-жақты баяндама жасады. Бұл оқиғаға Міржақып Дулатов «Қазақ» газетінде мақала арнады. Дәулетшах Күсепқалиев – сондай-ақ «Қазақ» газетіне жиі-жиі мақалалар беріп, қолдау көрсеткендердің бірі. Д. Күсепқалиев Ішкі (Бөкей) қырғыз ордасының дәрігерлері сияқты бірнеше рет Ресейдің көрші губернияларындағы обаға қарсы сьездердің жұмысына қатысады. Ол «Орал облысындағы обаның шығуы» деп аталатын алғашқы баяндамасын (61-ші бет) 1910 жылы Астраханьдағы Астрахань губерниясы мен Орал облысындағы обаға қарсы шараларға қатысушылардың сьезінде жасады. Бұл сьезд жөнінде және сол кезеңдегі халық үшін өте қауіпті болып отырған оба мәселесі «Астрахань дәрігерлері қоғамының хабарламасы» журналының №2 санында жарияланады. Ал «Обаның алдын алу шаралары туралы» деп аталатын екінші баяндамасы 1914 жылы Самара қаласындағы сьезде жасалып, ол 1914 жылы «Самара қаласындағы обамен күрес жөніндегі сьезд еңбектері» деп аталатын жинақта жарияланады. Батыс Қазақстанмен көршілес Ресей губернияларының дәрігерлер Қоғамының обаға қарсы сьездері мен мәжілістеріне қатыса отырып, Н.Н. Клодницкий, И.А. Деминский, С.М. Никаноров т.б. сияқты көрнекті дәрігерлермен кездесіп, олармен ақылдасу, кеңес алуы оның эпидемиолог дәрігер ретінде қалыптасуына үлкен ықпал етті.
1915-1916 жылдары Жайық өңірінде сауда-кәсіпкерлік ісінің өркендеуіне үлес қосты. Мал тұқымын асылдандырумен айналысты, бір өркешті бактриян түйелері мен жергілікті тұқым арасынан төзімді де өнімді жаңа нар тұқымын шығарды, шағын несиемен жұмыс істейтін шаруашылықтар, несие беретін ұйымдар құру ісіне ұйытқы болды. Х. Тоқберлиновпен бірлесіп, 1916 жылы «Қазақ» газетінің №210 санында шағын қарыз ұйымдарына қатысуға шақырған «Қазақ халқына» атты мақала жариялады. Ақпан революциясынан кейін іле-шала әлеумет жұмысына араласты.
Д. Күсепқалиевтің қайраткерлігінің, елге қызметінің келесі кезеңі 1917 жылдан кейін басталады. Ол сол жылғы Ақпан төңкерісінен соң орын алған саяси оқиғаларға белсене араласады. 1917 жылғы 19-22 сәуір аралығында Орал қаласында өткен Жайық сырты қазақтарының 1-ші сьезінде құрылған Орал облыстық қазақ Комитетіне мүше болып енеді. Ал 1918 жылдың мамыр айының соңында Жымпитыда өткен ІV Орал облыстық қазақ съезінің қарарымен құрылған «Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметі құрамына енген 7 адамның бірі болып Дәулетше Күсепқалиев сайланады. Қазақ өлкесінде Кеңестік биліктің орнауынан кейін Д. Күсепқалиев 1920 жылғы наурыз – 1920 жылғы шілде аралығында Орынбор қаласындағы Революциялық комитеттің денсаулық сақтау саласының қырғыз өлкесін басқару жөніндегі бөлімінде санитариялық-эпидемиологиялық қосалқы бөлімнің меңгерушісі және Орал губревкомыныың төрағасы болады. Бұл саладағы іс-қызметтерді жүзеге асыруда ой-пікірі бір жерде шығып жүрген күйеу баласы Есенғали Қасаболатов екеуі Батыс Қазақстан аумағындағы денсаулық сақтау ісінде әріптес болады. Олар сол кездегі елдегі ауыр жағдайға қарамастан, халық арасында кең санитариялық-эпидемиологиялық және сауықтыру шараларын жүргізеді. 1920 жылы шілдеде Жымпиты уездік ауруханасына меңгеруші етіп жіберілді. Есенғали Қасаболатов Орынборға ауысқаннан кейін 1921 жылы Тайпақ дәрігерлік учаскесіне меңгеруші етіп жіберілді. 1923 жылы мамырда Саратовта болған обаға қарсы орталықты ұйымдастыру жөніндегі Өлкелік Кеңеске Орал облысының өкілдері де қатысып, орталығы Саратов қаласында болатын обаға қарсы комиссия құруға шешім шығарады. 1925 жылы қазанда Жымпиты қалалық ауруханасының меңгерушісі қызметіне қайта оралады. Дәрігер Дәулетшах Күсепқалиевтің айтуынша, 1925 жылдың қарашасынан 1926 жылдың қыркүйек айы аралығында Тайпақ учаскелік ауруханасында, 1926 жылдың қаңтар айында Жымпиты уезінде, 1926-1927 жылдары Тайпақ елді мекенінде дәрігерлік қызметін атқарады.
1928-1929 жылдары тәркілеу және ауылды күшпен отырықшыландыру басталған кезде осы науқанға батыл қарсы шығады. Сол үшін 1929 жылы қарашада «Меңдешов тобының құрамында жікшіл күреске қатысты» деген айыппен қызметтен босатылады және «жартылай феодал» әрі бұрынғы Алашорда қайраткері деген екі категориямен дүние-мүлкі тәркіленіп, Орал округінің 113 байы қатарында Жетісу округіне жер аударылады.
Інісі Сүлейменнен туған Әминаға үйленген, Алматыда республикалық венерологиялық диспансерде меңгеруші болып жасайтын Ахмет Мәметовтің шақыруымен 1929-1934 жылдары осы диспансерде дәрігер болып жасайды. Әрі Алматы ауыл шаруашылығы институтында оқытушы болды. 1934-1940 жылдар аралығында Алматы облысы Қаскелең аудандық ауруханасының, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Келес аудандық ауруханасының бас дәрігері, кейіннен Семей облысының Абай аудандық ауруханасының бас дәрігері болып қызмет атқарады. Бұл жылдары Дәулетшах денсаулық сақтау ісіне өзінің бар білім-жігерін жұмсаған білікті маман, көрнекті дәрігер ретінде көпшілікке танымал болады. 1944 жылы соңғы қызмет еткен жерінде – Семей облысында қайтыс болады. (ҚР ОМА №135 қор, 1-тізбе, 542-іс. Дело о выселении конфискации имущества и скота бая Кусябгалиева Давлетшу №2 аула Тайпакской волости и района Уральского округа, сонымен бірге Байбулсинова А.С. Дәулетшах Күсепқалиев: қоғамдық-саяси қызметі (монография). – Орал, 2022. 214-б).