Күсепқалиев Шайқы Дәулетшахұлы 1900 жылы БҚО Тайпақ ауданында дүниеге келген, қазақ. Білімі жоғары, агроном. Тұтқындалған кездегі қызметі – Алматы облысындағы Наркомсовхозда агроном. Тұтқындалған кездегі тұрған жері – Алматы қаласы Лагерная көшесі, 44-үй. «Саратов ауыл шаруашылығы институтында оқыған Ш.Д. Күсепқалиев те «жат элементтің баласы» ретінде оқудан қуылды. Оның әкесі Дәулетшах Күсепқалиев – жоғары білімді алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, Батыс Алашорда қайраткері. Атақты Нұралы ханның тұқымы болатын. 1928 жылы күз айында «жартылай феодал» ретінде тәркіленіп, отбасымен бірге Алматы облысына жер аударылған. Дәулетшахтың баласы Шайқы Күсепқалиев Саратов ауыл шаруашылығы университетінде оқып, агроном мамандығын алған. Қазақ даласында топырақ құнарлығы мен дәрілік өсімдіктерді зерттеуге арналған бірнеше экспедияция құрамында болып, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысқан. Өзінің мамандығы бойынша өңірлерді зерттеп, әкесі Д. Күсепқалиевтің жұқпалы аурулардың алдын-алу және емдеу шараларына зор үлес қосқан. Алайда Сталиндік қуғын-сүргін белең алған 1937-1938 жылдары Дәулетшахтың екі ұлы да Шайхы мен Гафар Күсепқалиевтер «Халық жауының балалары» деп ұсталып, тұтқындалған. 1937 жылы 5 желтоқсанда Алматы облысының НКВД 4-бөлімі тұтқындалған. 1937 жылы 10 желтоқсанда Алматы облысының УНКВД Үштігінің шешімімен РКФСР ҚК 58-10, 58-11-баптары бойынша ең ауыр үкім – ату жазасына үкім шығарылып, үкім орындалған. 1957 жылы 20 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Сотының қаулысымен істе қылмыс құрамының жоғына орай іс тоқтатылып, ақталған (БҚО ПД архиві, Байбулсинова А.С. Дәулетшах Күсепқалиев: қоғамдық-саяси қызметі (монография). – Орал, 2022. – 214-б.).
Күсепқалиев Шайқы Дәулетшахұлы
- Аты-жөні: Күсепқалиев Шайқы Дәулетшахұлы
- Туған жері: БҚО Тайпақ ауданы
- Жаза түрі: Ату
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ