Қалменов Алпысбай1863 жылы дүниеге келген. Жас кезінде Орынбордағы орыс мектебінің 4 класын бітірген. Сол кезеңнің өлшемімен бағалағанда бұл білім деңгейі азаматтық тек қана сауаттылығы емес, үлкен жетістігі болып саналатын еді және өзі өмір сүрген ортада үлкен құрмет көрсетілетін болған. Ақтөбе облыстық архивінде сақталған деректерге қарағанда, Алпысбай Қалменов Орынбор гимназиясын толық бітірмей, 1885 жылы Темір қаласындағы орыс-қазақ кәсіптік мектепте оқытушылық қызмет атқарып, 2 жылдан соң осы өңірдегі Қонжар мектебінде мұғалім болып жұмыс жасаған. Осы мектепте 4 жыл бала оқытып жүргенде мұғалімдік куәлігі жоқ деген сылтаумен жұмыстан шығарылады. Осыдан соң Алпысбай Қалменов Темір – Ақтөбе аралығында жәмшік-почтальон болып қызмет атқарған. 1900 жылы Алпысбай Қалменов Темір уездік басқармасына жалдамалы аудармашы (тілмаш) болып қызметке орналасады. Осы қызметте екі жыл болып, 1902 жылы Алпысбай Қалменов Темір уезінің Ембі-Байсары болысының управителі болып сайланған. 1906 жылы Алпысбай Қалменов Орал облысы сайлаушыларының атынан Ресейдің І Мемлекеттік Думасына депутат болып сайланады. Думада Алпысбай Қалменов «Еңбек» тобына жазылған, бірақ Думаның таратылуына байланысты аса белсенді қызмет көрсете алмай, өз жазғанына қарағанда, тек 28 күн ғана жұмыс жасап, елге оралуға мәжбүр болды. Ресей Мемлекеттік Думасында А. Қалменов, А. Бірімжаров т.б. депутаттармен бірге Ресейдің тиісті үкімет орындарына Қазақстанға қоныс аударушыларды жерге орналастырушы комиссиялардың қазақ даласында жасап жатқан заңсыз әрекеттері жөнінде депутаттық сұрау салған. Сөйтіп, А. Қалменов қазақ қауымы үшін саяси-экономикалық мәселелерді шешуге өз мүмкіншілігінің деңгейінде атсалысқан.
А. Қалменовтың саяси белсенді қызметі елге оралғаннан соң да жалғасын тапты. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Петербург қаласында құрылған «Әскерлерге және олардың үйде қалған бала-шағаларына жәрдем көрсету» деп аталған мұсылмандардың орталық комитетінің тапсырмасы бойынша Алпысбай Қалменов 1915 жылы Орал облысының Темір уезіндегі Темір (Қарақамыс) жәрмеңкесінде мұқтаж отбасылар үшін 1097 сом 12 тиын жинап, осы қаржыны тиісті орындарға жұмсаған. 1916 жылы Ресей патшасы ІІ Николайдың «25 маусым жарлығы» бойынша Орал облысының Темір уезінен 14 539 адам майданның қара жұмысына алынатын болды. Осыған байланысты Алпысбай Қалменов 1916 жылы өз еркімен Темір уезінен тізімге ілінген жігіттерді майданның қара жұмысына бастап апарып, басшылық қызмет атқарды. Ерекше атап көрсететін нәрсенің бірі – Алпысбай Қалменовтің 1916 жылғы көтеріліске көзқарасы Алаш зиялылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтың көзқарастарымен толық сәйкес келеді. Саяси сауатты болуының нәтижесінде Алпысбай Қалменов Ресейдегі саяси-экономикалық жағдайлардан толық хабардар болғандықтан, Темір уезінде көтерілген елді қырылып қалудан сақтау ісінде Алаш зиялыларымен тізе қосып, жанқиярлық іс атқарды. Алпысбай Қалменов халқымыздың ардақты азаматы Әлихан Бөкейхановтың шақыруына үн қосып, Темір уезінен майданның қара жұмысына еріксіз алынып, елден алыс жерлерге аттанған қазақ жігіттерінің басы-қасында болып, кейін олардың аман-есен елге оралуына қамқорлық жасады. 1917 жылы Ақпан революциясының нәтижесінде Ресей патшасы ІІ Николай (патша) тақтан түскен соң нағыз ұрымтал шақты пайдаланып, қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіруге ұмтылған ұлт зиялыларының алдыңғы тобында болды. 1917 жылы 2-8 сәуірде Орынбор қаласында өткен Торғай облысы қырғыздарының (қазақтарының) съезінде Алпысбай Қалменов белсенді жұмыс атқарды. Осы съезд президиумының төрағасы Ахмет Байтұрсыновтың көмекшілігіне Алпысбай Қалменов сайланды. Торғай қазақтарының осы жиналысының президиумына Алпысбай Қалменовпен бірге Уалитхан Танашев, Сейдазым Қадірбаев, Омар Алмасов, Шавкат Бекмукамбетовтер сайланған болатын. Барлығы 300-ден астам адам қатысқан Торғай съезінің делегаттары Ақпан (1917) революциясын куаттап, болашақ Алашорда үкіметінің бағдарламасына бағыттас басты құжаттар қабылдады. Торғай съезінен соң 19-22 сәуір (1917) аралығында Орал қаласында Орал облысы қырғыздарының (қазақтарының) съезі өткізіліп, оған облыстың барлық облысынан 800-ден астам адам қатысты. Алпысбай Қалменов Орал облыстық уақытша қырғыз (қазақ) комитетінің председателі Ғабдолла Әлібеков, Том округтік сотының Орал облысы (қырғыздарының) прокуроры Жаһанша Досмұхамедовтермен бірге Орал қазақтарының съезін өткізу ісін ұйымдастырып, басқарды. Орал қазақтарының съезі мемлекеттік басқару формасы, уақытша үкімет пен соғысқа көзқарас, дін, азық-түлік, жол қатынастары, баспахана, жәрмеңке т.б. мәселелерді күн тәртібіне қойып, талқылады. Осы съезде талқылап қабылданған барлық құжатқа съезд председателі Ж. Досмұхамедов, хатшылары Ғ. Жетпісов және Қ. Ахметжановтармен бірге Алпысбай Қалменов те өз қолын қойған болатын. 1918 жылы Темір уезінде земство құрылған кезде Алпысбай Қалменов осы басшылық орын төрағасының орынбасарлығына сайланған. Осы жолы Алпысбай Қалменов Темір қаласы басқармасының (правление) бастығы қызметіне сайланып, осы екі басқару органының орнына жұмысшылар, шаруалар және солдаттар мен қырғыз (қазақ) депутаттары Кеңесінің Темір қалалық революциялық атқару комитеті құрылған кезде өз қызметінен большевиктердің пайдасына бас тартқан. Бұл кезде А. Қалменовтің жасы 55-ке келген болатын. Кеңес үкіметінің билікті өз қолына алған соң жүргізген саяси-экономикалық реформаларына ұлттық мүдде тұрғысынан көңілі толмаған Алпысбай Қалменов белсенді саяси жұмыстан бойын аулақ салып, өзін бейтарап ұстады.
Алпысбай Қалменов ер жеткен балаларын заман талабына сай оқуға беріп, мамандық алуларына жағдай жасады. Кейінірек А.Қалменовтің үлкен баласы Алпысбайұлы Қалменов Қызылорда қаласында қаржы халық комиссариаты коллегия мүшесі болып қызмет атқарды. Алпысбай саяси жұмыстан қалғанымен, еңбектен қалған жоқ. Ол үлкен Қарағандының Темір өзеніне құяр сағасында ағаш өсірген. Ол өсірген ағашты халық «Алпысбай тоғайы» деп атап кеткен, осы атау халық жадында осы күнге дейін сақталған.
Кеңес үкіметі елдің зиялы азаматтарын қуғын-сүргінге ұшырату арқылы халықтың тәуелсіздік жолындағы күресін әлсіретуге қол жеткізді. Сондай мақсатпен Қазақстанда «Кіші революция» – ірі байларды конфискациялау жоспары 1928 жылы жүзеге асырылды. Ақтөбе округтік конфискациялау комиссиясының бекіткен тізімі бойынша 9 қазақ ауданынан 60 бай-феодал тәркіленуге тиіс болды. Соның ішінде Алпысбай Қалменов тұрған Темір ауданынан тізімге 6 адам ілінді: Ембі-Темір болысынан (№4 ауыл) Аманов Жантөре, Темір-Орқаш болысынан (№5 ауыл) Бәжібаев Күзембай, Ембі-Байсары болысынан (№2 ауыл) Шошин Намазбай және оның інісі Шошин Әбіш, Ембі-Темір болысынан (№5 ауыл) Қалменов Алпысбай. Тәркілеу барысында ағайынды Намазбай және Әбіш шаруашылықтары біріктіріліп, конфискацияға Шошин Намазбай ілінді. Темір аудандық тәркілеу комиссиясы және жергілікті жерлердегі қолқабыс (жәрдем) комиссиялары құрамындағы белсенділердің көмегімен Темір ауданында байлардан барлығы ірі қара есебімен 2 511 мал тартып алынды, оның ішінде жылқы – 1901, сиыр – 658, түйе – 431, қой – 1875, ешкі – 268 бас. Алпысбай Қалменов меншігіндегі мал саны 1928 жылы 28 тамызда қабылданған Қазақстан Орталық комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінің «Байлардың шаруашылықтарын конфискациялау туралы» қаулысында белгіленген нормаға сәйкес келмесе де, конфискацияға ұшырап, отбасымен жер аударылды. Темір аудандық байларды конфискациялау комиссиясының деректеріне қарағанда, Қалменов Алпысбайдан бар болғаны 2 жылқы, 2 сиыр, 4 түйе, 13 қой тәркіленген. Сонымен қатар оның иелігіндегі құны 375 сом тұратын 2 зілмәнке (землянка), 1 арба (12 сом), 1 тарантас (60 сом), 2 жүк таситын арба (415 сом), қаңылтыр шатырлы үй (2500 сом), 1 астық тазалағыш машина (200 сом), 1 соқа (15 сом), 4 қамыт (18 сом) тартып алынып, ортақ меншікке өткізілген. Ақтөбе округтік атқару комитетінің 1928 жылы 4 қазандағы №62 қаулысымен әйелі Дүсни және өзімен тұратын 4 баласымен Алпысбай Қалменов Қарқаралы округіне жер аударылуға тиіс болды. Ақтөбе округіндегі байларды конфискациялау тұсында Алпысбай Қалменов өзінің (65 жаста) және әйелі Дүсни (59 жаста) қартайғандықтары, меншігіндегі мал санына сәйкес ірі байлардың қатарына жатпайтындығын көрсетіп, Темір аудандық тәркілеу комиссиясына 19.09.1928 жылы өтініш, Ақтөбе округтік комиссиясына арыз жазып, оған өзінің толық өмірбаянын қосып жолдаған. Бірақ Темір аудандық тәркілеу комиссиясы өзінің мәжілісінде (9.10.1928 ж.) Алпысбай Қалменовтың арызын оның патша заманында ірі саяси қайраткерлігін ескере отырып, қанағаттандырусыз қалдырады. Темір аудандық және Ақтөбе округтік байларды конфискациялау комиссияларының Алпысбай Қалменовке таққан айыбының бәрі оның ағасы Мұқаш Қалменов елдегі «Жекей-Назар» тобына мүше болып, Кеңес үкіметіне қарсы күрес жүргізді» деген ойдан шығарылған саяси жаламен сот үкімі бойынша 3 жылға бас бостандығынан айырылып, Қазақстаннан тыс жерге аударылған еді. Кеңес үкіметінің жергілікті «оппозицияға» қарсы өрістеткен күресінің нәтижесінде 1926 жылы Ақтөбе округінің Темір уезі бойынша «Жекей-Назар» рушылдық тобында болды» деген саяси жаламен 17 адам сотталып, олардың ішінде Мұқаш Қалменовпен бірге Мағжан Сафимолдин, Абылхан және Ибраш Жолбатыровтар, Елтай Қаналин т.б. жер аударылған болатын. 1928 жылы тәркілеу науқанында Алпысбай Қалменовті рулық және туыстық жағынан «Жекей-Назар» тобына көңілі болды, солармен сыбайлас болды деген желеумен саяси қауіпті, елде қалдыруға болмайды деген тәркілеу комиссияларының шешімдері қабылданды. Елден жер аударылу жазасынан құтылу үшін Алпысбай Қалменов балалары Атлаш, Мырзаш, Нұраш, Абдулхамит, Ысмағұл, Жүсіп, Мырзағұл (16 жаста), Бижан (11 жаста), Бибіқатша (22 жаста – екінші әйелден туған) Кеңес үкіметін шын көңілден қорғайды деп көрсеткен. Балалары Атлаш пен Мырзаш коммунист, Нұраш, Абдулхамит кеңес орындарында жауапты қызмет атқарды, Ысмағұл, Жүсіп комсомол, ал қызы Бибіқатша ауылдық кеңес пен «Қосшы» ұйымының мүшесі екендігін көлденең тартып, өзінің Кеңес үкіметіне зиян келтірмегендігін, әйелі екеуінің жастары ұлғайғандығын ескере отырып, елде қалдыруды өтінген. Бірақ тәркілеу науқанының басында: «Кеңес жұмысына қарсылығын қоймай келген бұрынғы ақсүйек, сұлтан, хан тұқымдары, болыстық өмірі қолынан шығармай, патшадан шен алып келген ескі болыстар осы қаулының 1-бабына сәйкес келмесе де ( қарамағындағы мал басы ірі қараға шаққанда көшпелі аудандарда 400 бас, жартылай көшпелі аудандарда 300 бас, отырықшы ауданда 150 бас малы бар байлар конфискацияға жатқызылады), кәмпескеленіп, өзі бұрынғы конысынан қуылады» деген ерекше нұсқау алған Темір аудандық және Ақтөбе облыстық комиссиялары Алпысбай Қалменовті конфискациядан құтқармады. (Д. Сүлейменова, Жаһанша Досмұхамедов һәм Қазақ автономиясы, 209-212-бб.)