Қарабаев Мұхамед-Рақым Абдолұлы 1888 жылы БҚО Казталов ауылында дүниеге келген. Бұрынғы Алашорда мүшесі, қазақ, партияда жоқ, үйленген. Қарақалпақ облыстық халық ағарту бөлімінің инспекторы қызметінде жүргенде 1931 жылы 4 тамызда Қарақалпақ ОППУ облыстық бөлімінің тарапынан тұтқындалған. 1932 жылы 31 наурыздағы ОГПУ Үштігінің шешімімен РКФСР ҚК 58-2, 58-13-баптары бойынша сотталып, бүкіл мал-мүлкін тәркілеумен қатар 10 жылға концлагерьге қамалған. М. Қарабаевқа «1917-1918 жылдары БҚО Казталов ауылында ақ гвардиямен бірігіп, кеңестік қызылдар әскеріне қарсы қарулы қақтығыстар ұйымдастырып, жергілікті жерлерде Кеңес үкіметінің өкілдерін тұтқынға алған. Таловка (Казталовка-А.Б.) ауылына келген Кеңес үкіметінің белсенді өкілі, Шығыс майданның басқарушысы Панасюк Порфирий Герасимовичті тұтқындауды ұйымдастырып, артынан оның өліміне қатысы бар. Алғай стансасынан Бредихин Степанмен бірігіп, помещик Овчинников басқарған ақ казактар отрядын шақыртып, Кеңестер жағына шыққан ауылдарды қиратқан, аталған өңірдегі Кеңестердің төрағасы Панченко Иванды тұтқындап, оны Алғайға аттандырып, артынан өлтірген т.б. қылмыстық істерге қатысы бар» деген айып тағылған. Таловка ауылында ақтардың қорғаныс комитеті құрылғанда оның төрағасы болып М. Қарабаев сайланған. Ақ гвардияшылар дружинасы құрылып, оның басшылық құрамына Бредихин кірген. Қылмыстық іс бойынша М. Қарабаев пен С. Бредихин бірігіп, Таловка мен Алғайдағы қанды қырғынға қатысты деп (қызыл әскер құрамында болғандармен қақтығыстар) айыпталып, күні бүгінге дейін ақталмаған. Куәгер В.П. Рысин М. Қарабаевтың революцияға дейін ірі бай әрі білімді болғанын жазады. Қылмыстық істе УНКВД тергеушілері М. Қарабаевқа қатысты «1918-1919 жылдары Далалық соттың мүшесі ретінде тұтқындалған Кеңестер үкіметінің мүшелері мен қызылдар әскерлеріне қатысты қатал жаза қолданып отырған» деп пікір білдірген. (БҚО ПД архиві, №1 қор, №2192, Қарабаев пен Бредихиннің істері). Ақталмаған.
Қарабаев Мұхамед-Рақым Абдолұлы
- Аты-жөні: Қарабаев Мұхамед-Рақым Абдолұлы
- Туған жері: БҚО Казталов ауылы
- Жаза түрі: Бас бостандағынан айыру
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ