Қарабалин Ғабдолкәрім (Габдулкарим) 1891 жылы Қызылқоға ауданының Қарабау деген жерінде дүниеге келді. Оның әкесі – Есенұлы Қарабала. Ғабдолкәрім – әкесінің үшінші ұлы, ағасы Қабдырахман мешіт ұстанған молда болған, олар Кеңес үкіметі тарапынан қудаланып, мешіті жабылып, қонысынан да аластатылған. Ғабдолкәрім – елге беделді, ауқатты адамның баласы, жоқшылық көрмей, еркін өскен, жастайынан оқу, өнерге бейім болған. Ол Қарғалыда, Орынборда, 1916-1918 жылдары Уфадағы
«Ғалия медресесінде» оқыған.Бұлмедресе «Жадид» әдісімендінисабақтарменқатарматематика, физика, химия, тарихжәнебірнешетілденжан-жақтыбілімберетін. Медресе 1872 жылы Башқұртстанның Уфа қаласында ашылған болатын. Оның ұйымдастырушысы әрі директоры түркі зиялысы Зия Камали еді. Сол кезде медреседе 500-ден астам шәкірт оқыған. «Ғалия» медресесі Уфада 1906 жылы ашылып, 1918 жылы Кеңес үкіметінің пәрменімен жабылды.
Ғабдолкәрім әртүрлі қалаларда оқи жүре, орыс тілін біршама меңгерген. Сонымен қатар білімге сусындап, оқу іздеп келген заманының алдыңғы қатарлы жастарымен, зиялыларымен таныс болып, олармен тығыз байланыс жасаған. Тартысқа толы дүбірлі заманда қалаларда болып, әртүрлі ұлт өкілдерімен араласып, пікір алмасуы оның рухани, саяси өсуіне ықпал етіп, халқына шексіз қызмет ету құштарлығын арттырады. Медреседе кейін «Қазақ тілі» газетінің тұңғыш редакторы болған Мәннан Тұрғанбаев, Мәншүктің әкесі Ахмет Мәметов секілді айтулы тұлғалармен қатар оқыған. Бұл күндер оның рухани өсуіне оң ықпал еткенімен, кейін шаталған кезде өзіне қарсы қызмет еткені көпке аян. Ғабдолкәрім 1917 жылғы Ақпан төңкерісін өзге зиялылар қауым өкілдері сияқты аса зор қуанышпен қарсы алды. Ол жас шағынан бастап қазақ халқының болашағы жөнінде қызмет еткен Алаш зиялыларымен бірге қызметтес болып, олардың идеяларын жақтады. Алашорда қайраткерлерімен бірге елдегі саяси күрес науқанына қатысты, бірге қызметтес болды. Ол 1918-1937 жылдары Қызылқоға ауданы Қарабау, Қаракөл, Кермақас, Қоғам, Тасшағыл деген жерлерінде ұстаздық еткен. Қазақ тілі, тарих, жағырапия пәндерінен дәріс берген. Білімді, мәдениетті, мінезі жұмсақ, жағымды жас жігіт халықтың сауатын ашуда құлшына еңбек етеді. Мектептегі жұмысымен қатар ол ересектерді сауаттандыру үшін қызыл отау, қызыл бұрыш, ересектер курсы, оқу үйлері, қосшы одағы және көптеген мәдени шара белсене араласқан. Сөйтіп, ол 1924 жылы кәсіпшілер одағына мүше болады және қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады.
Қарабалин Ғабдолкәрім ұзын бойлы, ажарлы кісі болған. Сол кездегі зиялылар секілді ол Сәкен Сейфуллинге еліктеп кербез киініп, сұлу ат мініп, сәнді тұрмыс ұстау ниетінде мәдениетті киіне білген. Зиялы қауым өкілі ретінде ол білімділігімен қатар қайырымды, бауырмал, ұстамды, кішіпейіл бола білген. Жас кезінен бастап ағайындарының, таныстарының жүрегінде тек жағымды қылығымен есте қалған. 1937 жылы ол мектептен аластатылып, біраз мезгіл бос жүрген. Оның үйіне өзі жоқта УНКВД қызметкерлері келіп, үйін тінтіп, күдікті ештеңе таба алмай, бірақ «келген бойда ауданға жетсін» деп хабар салып кетеді. Үйіне келген Ғабдолкәрім тез жиналып, мектептен келген үлкен қызы Үмітке және інісі Сүлейменге қысқаша мән-жайды айтып, олармен қоштасып, шақырған аудан орталығына жүріп кетеді. Бұл 1937 жылдың 22 желтоқсаны болатын. Бұл естеліктер Қарабалин Ғабдолкәрімнің ұлының жазбаларынан алынды.
Қарабалин Ғабдолкәрім келген бойда оны НКВД тұтқындап, Калмыков түрмесіне қамаған (ол кезде Қызылқоға ауданы Батыс Қазақстан облысының құрамында болатын, Калмыков аудан орталығы еді. Авт). Сол жылы оның туған ағасы Есенов Қабдырахман Қарабалаұлы да ұсталған. Ол 1938 жылы Свердловск қаласының түрмесінде қаза болған. Ол кісі аңғал, бірыңғай таза интеллигент болған. Көп ұзамай Қарабалин Ғабдолкәрімді этаппен Орал қаласына жеткізген. Әуелі оған үштіктің шешімімен 10 жыл еңбекпен түзету лагеріне жіберілуге кесілсе, кейін кенеттен бұл шешім қайта қаралып, оған ең ауыр үкім – ату жазасы және дүние-мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарылған. Оған тағылған айып: «Орынбор,Уфа қалаларында діни мектептерде оқығаны, әкесінің мешіт ұстаған молда болғаны үшін, діни, буржуазиялық, ұлтшылдық, үгіт тараттың, Қазақстанды СССР-дан бөліп алып, Қытайдың көмегімен ескі байлық құрылысты орнатуға астыртын жұмыстандың» деген айып тағылған. Ату жазасы 1938 жылы 19-шы ақпан күні Орал қаласында орындалған.
Қарабалин Ғабдолкәрімнің қудалануына себепші болған Ғұмар Мұхамедрахимов, Әбу Далбанов деген адамдардың арыз-шағымдары және Қажығали Женетов инспекторлық тексерісінің қорытындысы негізінде жүзеге асқан. Ол жөнінде Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің тарих ғылымдарының докторы Хисмет Табылдиев ағамыз өзінің еңбегінде мынандай мәліметтер береді: «Ғабдолкәрім Қарабалиннің сабағына қатысқан аудандық оқу инспекторы, партия мүшесі Қажығали Женетов «Архитектура саласының дамуы» деген тақырыпты түсіндірген кезде Ғабдолкәрім мешіт пен шіркеудің құрылысынан сабақ үстінде мысалдар келтіріп, жас ұрпақтарға коммунистік тағылым берудің орнына діни бағытқа назар аударды» деп сынап, оған жала жабады. Осындай қате, тайыз түсініктегі адамдар кезінде көзі ашық, оқыған адамдарды халықтың ортасынан аластатып, оның отбасын ойрандағаны тарихта белгілі. Ең өкініштісі, бұл тек бір отбасының зобалаңы емес. Ғабдолкәрімнің әйелі Қадишаның айтуынша, «тек өзі білетін Тайпақ ауданынан сол жылдары 25 оқытушы тұтқындалады. Ол адамдар жөнінде сол кезде анамыз олардың есімдерін айтып отыратын, солардың ішінде менің есімде қалғаны – аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Ноғаев Құсайын мен орыс тілінің оқытушысы Анайысов Сисеннің есімдері ғана» деп, Ғабдолкәрімнің баласы еске алады. Бұлар да елге оралмаған адамдар.
1939 жылы Тайпақ ауданының Мәулімберлі деген жерге ағайындарының қасына көшіп келіп, малының жартысын салып, «Чапаев» атындағы колхозға мүше болып кірген. Карабалиндер әулетінің басына түскен зобалаң сол кездегі тоталитаризм құрсауындағы үкімет жүргізген солақай саясаттың, дәлірек айтқанда, қылышынан қан тамған қызыл озбырлықтың тікелей нәтижесі десек, бұл саясат жасанды тап күресін қоздыру, онсыз да рухани деңгейі төмен қалың бұқараны дінге қарсы қою, сауатсыз, әпербақан, ұр да жық, белсенділерді «сен кедейсің, заман сенікі» деп еліктіріп, байларға, ел жақсыларына айдап салған. Халық жауларына қарсы революциялық қырағылықты күшейту, сын мен өзара сынды дамыту деген секілді қағидаларды желеу етіп, адамдарды бір-біріне қарсы қою, ағайын арасына, әке мен бала арасына сенімсіздік туғызу арқылы іске асып отырған. Осының салдарынан «домалақ арыз» жаңбырдан кейінгі шөптей қаулап кеткені жөнінде мәліметтер көптеген басылымда жазылды. Соның бірі «Үш қиян» газетінде толықтай басылған.
Соғыс жылдарында Ғабдолкәрімнің әйелі Хадиша шиеттей төрт баламен (Үміт, Мүгілсін, Сабыр, Ғалымжан) көп ауыртпашылықты басынан кешіреді. Әкесі сотталған кезде Қадишаның балаларының үлкені он үште, кішісі әлі жасқа да толмаған еді. Қадишаға «халық жауының» балаларын асырап бағу, білім беру оңайға түспеді. Хадиша 1944 жылы қоныс аударып, «Киров» атындағы колхозға, Кәрішеген, Аққұдық деген мекенге көшіп келеді. Бұл жақта да ағайындары болған. Бұл елде біраз тұрып, соғыс ауыртпашылығын бастан өткеріп, жеңісті осы арада қарсы алады, көп жыл сауыншы болып еңбек етті. Содан кейін 1951 жылдың күзінде Ғабдолкәрім Қарабалиннің отбасы Атырау облысы Жылыой ауданы Қосшағыл кентіне көшіп келіп, қоныс аударады. Осылайша қасиетті Жылыой топырағы Қарабалиндер әулетінің тұрақты, құтты мекені айналады.
Қарабалин Ғабдолкәрім 09.06.1989 жылы үкімет қаулысымен толықтай ақталады. (БҚО ПД архиві №4923-іс., (Д. Сүлейменова, Жаһанша Досмұхамедов һәм Қазақ автономиясы, 213-215 бб.).