Қаратаев Арон Ахметұлы 1874 жылы БҚО Жымпиты ауданының №24 ауылында бай отбасында дүниеге келген. Руы – төре. А.Қаратаев патшалық Ресей тұсында Орынбор гимназиясында білім алып, жоғары қызмет істеген зиялы азамат атанған. Ол қарапайым әскери қызметкерден бастап Орал қаласының полиция бастығы (обер-полицеймейстер) дәрежесіне дейін көтерілген. Ескі тәртіптің құлауына байланысты қызметтен кетіп, жеке меншік шаруашылығымен шұғылданған. Атақты бай және бұрынғы патшалықтың қызметкері ретінде өзінің тұрғылықты мекені – БҚО Жымпиты ауданының №24 ауылынан 1928 жылы тәркіленіп, Алматы округінің Ащыбұлақ (қазіргі Алматы қаласының маңы) деген жерге 5 жылға (1929 жылдың 2 ақпанынан бастап) жер аударылған (ПД архивінде КазЦИК-тың 1928 жылғы 27 тамыздағы декретіне сәйкес Алматы облысы Еңбекші Қазақ ауданы «Талды-Бұлақ» деген жерге жер аударылғаны жазылған). Ал оның жер аударылуы туралы егжей-тегжейлі мына құжатта жақсы берілген: Батыс Қазақстан облыстық мұрағатының №992 қорында «Хаттама №7, 26 қыркүйек 1928 ж Жергілікті қазақ халқының ірі байларынан мүлікті тәркілеу туралы ОАК және ХКК декретін өткізу жөніндегі Орал қалалық Атқару Комитеті комиссиясының отырысы. Тыңдалды: Бұрынғы полицмейстер Орал қаласынан Қаратаев Арунның шаруашылықтарын тәркілеуге және көшіруге жататын шаруашылықтардың тізіміне енгізуге қатысты жеделхаты. Қаулы етті: Басшылыққа алу. Қаратаев Арунның шаруашылығы жер аударылуға қолайлы деп есептелінеді» деп жазылса, осы қорда «Әлеуметтік шығу тегі жағынан қауіпті элемент. Жеке меншігі аумағында Каратаев Арон қызметшілер ұстайды. Шығу тегі бойынша қазақ-қырғыз. 56 жаста, төре руынан, бұрынғы сұлтандар тумасы. Қарашығанақ болысының №8 ауылында және Орал округінің Шалқар ауданының №24 ауылында тұрған. Үйленген, орта білімі бар. Революцияға дейін, патшалықтың кезінде Жетпісов Ғаббаспен және т.б. ұлтшылдармен бірігіп, рулық қақтығыста белсенді болды, түрлі лауазымдарға жету үшін өзінің барлық күш-жігерін салды, сол арқылы алдымен шаруашылық бастығының орынбасары болды. Кейін Ақпан төңкерісі кезінде А. Қаратаев қала полициясының басшысы болды. Орал өңірінде патшаға қызмет еткен кезінде ол 1916 жылы жігіттерді жалдау жұмыстарымен айналысқан. Архив құжатында патша жарлығына бағынудан бас тартқан соңғыларының көтерілісі кезінде А. Қаратаев әскерлерді атып өлтірді деген мағлұматтар берілген. Қазан төңкерісі кезінде өзін ақ пен қызылдан қорғау мақсатында ол екеуіне де көмектесті. Патша құлатылғаннан кейін қазақ интеллегенциясы Қазақ революциялық комитетін ұйымдастырғанда А. Қаратаев ұйымға қызу қатысты және белсенді қазақ қызметкері – интеллигент және сұлтандар әулетінің ұрпағы ретінде комитет құрамына кірді, бірақ сұлтандық рулармен араздықтың арқасында қара қазақ-қырғыздардан шеттетілді, өйткені соңғылардың тобы сан жағынан аз болды» деп жазылған, оның атақты бай және бұрынғы патшалықтың қызметкері болғаны үшін мал-мүлкі тәркіленіп, қоғамдық ортада көптеген қиыншылық пен шектеулерге тап болған. ПД архивінде сақталған П-4290 жеке ісінде оның отбасының мал-мүлкі тәркіленген кезінде 5 бас жылқысы, 8 бас мүйізді ірі қара, 2 қой, 1 үй, 1 жертөлесі және ауыл шаруашылығына қажетті бірнеше құралы бар деп тізім жасалған. Арон Қаратаевтың ісі бойынша оған алашордашылармен байланысты, олармен ымаралас болды деген айып тағылып, осы іске қатысты бірнеше адам тергеуге алынған. Атап айтқанда, Ғаббас Жетпісов, Сәлімгерей Қаратілеуов, Шайқы Жантілеуов, Батырбек Әлжанов, Молдагазиев, Уәли Забиров, Садық Қаратаев, Бурғали Бақтыгереев, Ғалиасқар Әлібековтер тергеліп, сотталған. Арон Ахметұлы Қаратаев 1993 жылы 14 сәуірде «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы жарлыққа» сәйкес, істің ешбір қылмыстық құрамы жоқ деп танылып, заңды түрде ақталған, (БҚО ПДА П-4290, А. Қаратаевтың ісі.).
Қаратаев Арон Ахметұлы
- Аты-жөні: Қаратаев Арон Ахметұлы
- Туған жері: БҚО Жымпиты ауданының №24 ауылы
- Жаза түрі: Бас бостандағынан айыру
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ