Қаратілеуов Сәлімгерей 1887 жылы Гурьев уезінде дүниеге келген. Алаш партиясының, Батыс Алашорданың белсенді мүшесі, арнаулы білімді алғашқы қазақ аграномдарының бірі. Тегі – байұлына жататын шеркеш руы. Қазан революциясына дейін Саратов қаласы маңындағы Марийнск ауыл шаруашылығы мектебін бітірген. Саратов ауыл шаруашылығы иснтитутында оқыды. Ақпан революциясынан соң оқуын аяқтамастан, Орал қаласына келіп, Уақытша облыстық қазақ комитетін құруға атсалысты. 1917 жылы сәуірде өткен І Қазақ Орал облыстық сьезінде Орал облыстық Қазақ комитетіне мүше болып сайланған 20 адамның бірі. Сьезд шешімімен жергілікті басқару органы – Жайық сыртын басқару жөніндегі әлеуметтік комитет таратылғаннан кейін ауыл старшындарынан, учаскелік крестьян бастықтарынан тұратын бұрынғы бюрократтық басқару жүйесінің орнына алқалық халықтық басқару жүйесін енгізу ісіне белсене қатысты. І Облыстық сьездің осы жөніндегі қарарына орай сол жылғы маусымда Ойыл жәрмеңкесінде жиналған ІІ Қазақ Орал облыстық сьезі аясында өткен Облыстық қазақ комитеті мүшелері жиналысында Облыстық қазақ управасын сайлаушылардың бірі. Қазақ ауылдары мен қазақ станицалары арасындағы шиеленісті жер мәселесін шешу мақсатында құрылған, құрамына Войсколық қазақ үкіметінің төрағасы Фомичев, Облыстық қазақ Комитетінің мүшесі Х. Досмұхамедов, агроном, генерал Иванаев, бұрын әскери губернатор жағындағы айрықша тапсырмалар жөніндегі чиновник болған Блукет, агроном М.Х. Мырзағалиев енген Жер Одағы комитетінің мүшесі. Облыстық гласныйлар арасында осы сайлауда басталған жік Қаратөбеде өткен ІІ Қазақ Орал облыстық сьезінде салық мәселесіне орай ұлт зиялыларын екіге бөлген кезде Х. Досмұхамедовке наразы топ құрамында болды. Бірақ земство қызметі мен Алашорда саясатының негізгі бағытынан айныған жоқ. Е. Қасболатов, Ә. Әлібековтер құрған «Ақ жол» тобына қосылғанымен, олармен бірге Оралға қайтпастан, 1918 жылы наурызда Н. Ипмағамбетов, А. Кенжин үшеуі Темір қаласына келіп, уездік земство басқармасын құруға қатысты. Уездік земство гласныйлары жиналысында майданнан қайтқан орыс солдаттарының қысымымен Земство басқармасына қоса құрылған уездік атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. 1918 жылы жазда ақ казактардан қашып келген Ә. Әйтиевті паналатты, Мұстафа Шоқайды Жұрын, Темір арқылы Жымпитыға өткізу ісін ұйымдастырды. Соңғы қайраткерді дәнекер етіп, Досмұхамедовтармен ымыраласуға ниеттенді. Сол жылы жазда Темір уездік атқару комитетіндегі большевиктерге ниеттес топтың күш салуымен земство саясатын жүргізгені үшін уездік атком төрағалығынан босатылды. Большевиктердің Фогель басқарған «Тарбо» отряды земство қайраткерлерін қамауға ала бастаған кезде А. Кенжинмен бірге Алашорданың Торғай бөлімшесіне келді. Алашорда үкіметінің Ор қаласындағы Әскери кеңесіне мүше болды. А. Кенжин, А.-Х. Жүндібаевтармен бірге Торғай бөлімшесі әскеріне жігіт алатын комиссияда жұмыс істеді. 4-Торғай Алаш полкі құрамында отряд басқарып, Қостанай, Торғай даласындағы ұрыс қимылдарына қатысты. 1918 жылы желтоқсанда А. Байтұрсынов тобының Кеңес жағына өту әрекеттеріне, Торғай полкіндегі Сібір үкіметінің өкілі, генерал Дашков пен әскери нұсқаушыларды қамауға алу операциясына қатысты. 1919 жылы көктемде Торғай қаласындағы А. Иманов басқарған қызыл армия бөлімшесі мен Алаш полкінен құрылған біріккен отряд құрамында болды. Кейін Кеңес өкіметі тарапынан Торғай оқиғалары негізінде А. Иманов пен Таранды өлтіруге қатысты деген айып тағылды, бірақ С. Қаратілеуовтің бұл оқиғаға қатысқаны жөнінде нақты дерек жоқ. 1919 жылы күзде Батыс Алашорданың шақыруымен Орал жеріне қайтып, аз уақыт Ойыл түрмесінде отырды. Гурьевке айдалып бара жатқан Н. Ипмағамбетовпен бір абақтыда болды. Кешікпей босатылып, 1919 жылы аяғын ауылда өткізді. 1920 жылы басында Орал қаласына келіп, кеңес қызметіне араласты. Орал губкомының 1920 жылы ақпандағы шешімімен Кирпичников, Финогеновпен бірге Ойылға жіберіліп, Батыс Алашорда дүние-мүлкін, құжаттарын басып алу, Ойыл, Қызылқоға өңірін кеңестендіру ісімен айналысты. Ойыл уезіне Қазәсревком өкілі болып келген Ғ. Әлібековке жергілікті қазақ ауылдарымен арада байланыс орнатуда жәрдем көрсетті. 1920 жылы наурызда Ғ. Әлібеков Түркістан майданы РӘК-ының өкілетті өкілі Лежава-Мюратқа С. Қаратілеуовті «Мінезі қызуқанды, бірақ еті тірі, техникалық жағынан дайындығы мол» деген мінездеме бере отырып, Өлкелік комитетте қызметке пайдалану жөнінде ұсыныс жасады. 1920 жылы коммунистік партия мүшесі Лежава-Мюраттың кепілдемесімен 1920 жылы маусымда Орал губкомының құрамына енді. Осы жылдың аяқ шенінде Орал губерниялық жер басқармасының меңгерушілігіне тағайындалды. 1921-1922 жылдары ашаршылықта губернияның ұлан-ғайыр жерінде жаппай тұқым себу науқанын табыспен жүзеге асырды, ауыл шаруашылығы зиянкестерін жоюда қажырлы еңбектің үлгісін көрсетіп, зиянкестерге қарсы күресетін губерниялық «үштіктің» жұмысына белсене қатысты. 1922 жылы жазда Гурьев уезінде шегірткеге қарсы күрес ісін ұйымдастырды. Орал губерниясы бойынша агрожүйе жасақтау, учаскелік агрономия енгізу жөнінде бастама көтеріп, оны жүзеге асырды, өңірде агроучаскелер ашылып, тұқымдық дән несиеге сол учаскелер арқылы берілетін болды. Бұрынғы ауыл шаруашылығы училищесін, ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасын қалпына келтірді. 1922 жылы күзде РК(б)П Қазақ облыстық комитеті президиумы А. Кенжин екеуінің Алашорда құрамындағы қызметіне байланысты мәселе қарады. 1923 жылы Мәскеуде РК(б)П Орталық Комитеті ұлт республикалары мен облыстарындағы басшы қызметкерлерді жинап өткізген мәслихат-кеңеске қатысып, Қазақстандағы бөгде ұлт өкілдерінің қазақ тіліне менсінбей қарауы, ұлт тіліндегі мерзімді баспасөздің аз тарауы, қазақ мектептерінің тапшылығы жөнінде өткір мәселелерді көтерді. 1924 жылы жазда Қазақ облыстық партия комитеті қарамағына өлкелік деңгейде жұмыс істеуге жіберілді. Сол жылғы желтоқсаннан бастап Жер халық комиссариатында істеді және Қазақ өлкелік партия комитетіне мүше болып сайланды. 1925 жылы наурызда Өлкелік партия комитеті бюросында Қазақстанда жерге орналастырудың он жылдық жоспарын ұсынды. 1925 жылы жазда Каширин, Мырзағалиевпен бірге Қазақстанның солтүстік аумағын межелеу комиссиясына еніп, Орынбордағы киноқондырғыны, Орталық кітапхананы, жылқы зауыттарын Қазақстанға беру мәселелерімен шұғылданды. 1927 жылы наурызда Орталық жерге орналастыру басқармасының төрағасы қызметінен босатылып, Өлкелік партия комитеті бюросының шешімімен Халком кеңесі қарамағына Мемлекеттік Жоспарлау комитеті Су-мақта шаруашылығы секциясының меңгерушілігіне жіберілді, Мемлекеттік Жоспарлау Комитеті Президиумының мүшесі болды. 1928 жылы наурыздан Темір ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының директоры болды. 1929 жылы ІІХК тарапынан қамауға алынды. 1930-1937 жылдары аралығында Темір тәжірибе стансасында, Алматы облысындағы «Дегерес» асыл тұқымды жылқы зауытында директор қызметін атқарды. Ұлтшыл және Алашорда қызметіне қатысқанын жасырды деген айыппен партия қатарынан үш рет шығарылды. 1937 жылы Дегерестегі үйінде ауыл шаруашылығы комиссариатының мақта шаруашылығы бөлімінің бастығы Ғазиз Мұртазинмен бірге қазақша ән айтқаны үшін «Алашорда әнін шырқаушы ұлтшыл» деген айыппен ұсталды. КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясының қаулысымен 1938 жылы 26 ақпанда атылды. Зайыбы Анна Семеновна Қаратілеуова екеуінен Әлімхан және Сара есімді ұл-қыз қалды. Қазақ политехника институтын геолог-барлаушы мамандығымен бітірген Әлімхан 1942 жылы Мәскеу түбінде қаза тапты. Сара да айтылмыш оқу орнын геолог мамандығымен бітірген, Алматы қаласында тұрады (Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Құраст: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 544-б.).
Қаратілеуов Сәлімгерей
- Аты-жөні: Қаратілеуов Сәлімгерей
- Туған жері: Гурьев уезі
- Жаза түрі: Ату
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ