Қараш Ғұмар (Қарашев Ғұмар) 1875 жылы дүниеге келген. Көрнекті ойшыл ақын, халқын өнер мен ғылымға, берекелі ел болуға үндеген қайраткер ағартушы, дін шариғат, имандық жолын, араб, парсы, түрік тілдерін жетік білген ғұлама, өз дәуіріндегі мерзімді баспасөзге қазақ елінің көкейкесті мәселелері хақында үзбей ой толғаған қаламгер. Ол 1875 жылы Бөкей Ордасындағы Құрқұдық елді мекенінде (қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы) кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Әкеден ерте айырылған Ғұмар Қараш жас кезінен өмірдің тауқыметін тартып өседі. Алайда жастайынан зерек Ғұмар ағаларының қамқорлығымен Жалпақтал ауылындағы Ғалекеев медресесінде оқып, мұсылманша білім алады. 1902-1910 жылдар аралығында өзі туып-өскен Тіленшісай, Борсы елді мекендерінде жәдид (жаңаша) тәсілімен бала оқытуды қолға алады. Мұнда құран иманшарт, әптиек сияқты ислам догмаларымен қатар оқушыларға қазақша, орысша, татарша оқуды үйретіп, жағрафия, тарих сияқты дүниәуи пәндерді оқытады. XX ғасыр басында Ғұмар Қараштың қазақ зиялыларымен бірлесе отырып, ағартушылық қызметке белсене кіріскенін Бөкей өлкесінде шығарылған мерзімді басылымдар дәлелдейді. Мәселен, ол 1911-1913 жылдары аралығында «Қазақстан», 1917 жылы «Ұран», 1918 жылы «Қазақ дұрыстығы», 1919 жылы «Дұрыстық жолы» газеттері және әдістемелік «Мұғалім» журналын шығарушылардың бірі. Ағартушы ақынның мерзімді басылымдарда жарияланған өлеңдері мен мақалаларының идеялық саяси бағыты қазақ халқын білімге шақыру, көшпелілік салтынан арылып, отырықшылық өмірге көшу, өнер мен ғылымды дамыту мәселелері төңірегінде болды. Ол «Қазақстан» газетінің алғашқы санында жариялаған «Газет деген не зат?» атты мақаласында баспасөздің маңызын «Бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат – газет! Сол себепті газет – біздің басшымыз! Газет – біздің достар алдында көркіміз! Дұшпандарға қарсы құралымыз! Газет – біздің білмегенді көрсететін ұстазымыз! Газет – біздің қаранғыда жарық беріп, тура жолға салатын шамшырағымыз!» ,деп түсіндірді. Тәуелсіздік жылдарында тарих, әдебиет, философия, дінтану ғылымы салалары бойынша жүргізілген терең зерттеулер нәтижесінде Алаш тұлғасы Ғұмар Қараштың өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми еңбектер жарияланды (Боранбаева Б.С. Ғұмар Қараш. Қоғамдық-саяси қызметі, - Алматы, 2014. -232-б.)
Қараш Ғұмар
- Аты-жөні: Қараш Ғұмар
- Туған жері: Бөкей Ордасындағы Құрқұдық елді мекенінде (қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы)
- Жаза түрі: Басқа
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ