Қасаболатов Есенғали Керейұлы1889 жылы БҚО облысы Калмыков уезі Антоновка селосында мал өсіруші отбасында дүниеге келген.
Қасаболатов Есенғали Керейұлы 1889 жылы Орал облысы Калмыков уезі Антоновка селосында (қазіргі Ақжайық ауд.) дүниеге келген. Жастайынан еңбекке ерте араласып, қазақ жастарының ішінде саяси сауатты әрі белсенділігімен көзге түсіп, еңбекқорлығының, табандылығының арқасында жоғары білім алып, өмірінің соңына дейін, яғни 1938 жылы жазалау науқаны кезінде атылғанға дейін қоғамның зиялы қайраткеріне айналды.
Қасаболатов Есенғали Керейұлы – Батыс Алашорда қайраткері, алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі. Әкесі Антоновка стансасындағы бай қазақтарға жалшылықта жүріп, еті тірілігінің арқасында Калмыков уезіне қарасты 3-ауыл маңынан енші жер алып, шаруашылықпен айналысады. Мал бағумен қатар шөп шабатын, балық аулайтын, егін егетін дамыған шаруашылығы бар ауқатты шаруа дәрежесіне жетеді. «Керейдің Оры» деп аталатын атажұртының орны әлі де бар. Деректеге сүйенсек, Е. Қасаболатов 1901 жылы Калмыковтағы орыс-қазақ мектебін бітірген. Содан кейін Орал реальдық әскери училищесін (1909 ж), училище жанындағы жоғары оқу орнына түсуге даярлайтын 1 жылдық курсты тәмамдаған (1910). Сол жылы Саратов университетінің медицина факультетіне қабылданады. Студент кезінде қоғамдық ортадағы маңызды мәселелерге араласып, мерзімді басылымдарға бірнеше мақала жазған. Сол еңбекқорлығы үшін ХХ ғасырдың басындағы көрнекті белді баспасөздің бірі – «Қазақ» газетінің басқармасы 1914 жылы газеттің 1-нөмірінде белсене атсалысқаны үшін алғыс айтқан 16 автордың бірі болған.
1915 жылы Есенғали Қасаболатов университеттің толық курсын аяқтап, дәрігер мамандығын алып, елге оралды. Калмыков уезінде Жылықоныс ауылдық-дәрігерлік учаскесінде дәрігер болып қызмет етті. Бұл жөнінде «Қазақ» газетінің 1915 жылы 25 маусымдағы нөмірінде «Жас доктор» деген шағын мақалада жарияланған. 1916 жылы қазақтан тыл жұмысына адам алуға байланысты туындаған толқуға қатысып, алғашқы кезде еріктілер жасағын құруға атсалысқан. Кейін «Қазақ» газеті бетіндегі түсінік жұмысынан соң Алаш қайраткерлерінің соғыс жағдайындағы уақытша үкіметке көмектесу жөніндегі үндеуін қолдайды, майдандағы қазақ жасақтарына бас-көз болып, дәрігерлік көмек ұйымдастыруға шақыруын қабыл алады. Алашорда қайраткерлерінің бірі – М. Дулатов 1917 жылы наурызда «Қазақ» газетінде майданға шақырылған дәрігерлерден Ә. Алдияров пен Е. Қасаболатовтың Минскіге келетінін хабарлаған. 1917 жылы шілдедегі жас қайраткер Есенғали Қасаболатов І Жалпықазақ Съезіндегі құрылтай жиналысына депутаттыққа қосымша ұсынылған 43 кандидаттың тізіміне енді. Сол жылы жазда елде Земство съезін шақыру жөніндегі уездік ұйымдастыру комитетінің жұмысына қатысты, осы орайда И. Қашқынбаев, М. Балтанов бастаған топпен арада ру алакөздігінен туған қақтығысқа араласқан деген дерек те бар. Сол жылы қыркүйектен бастап Ғ. Әлібеков тобына қосылған. 1917 жылы желтоқсандағы ІІ Жалпықазақ съезінде Алаш автономиясының Уақытша Ұлт Кеңесі (Алашорда) мүшесіне кандидат (мүше орынбасары) болып сайланды. 1918 жылы қаңтарда Қаратөбеде өткен ІІІ Орал облысының Қазақ съезіндегі идеялық емес, топтық жікке бөліну тұсында Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер жақтастарына қарсы шықты. Съезден соң құрылған, құрамына 13 мүше енген «Ақ жол» саяси ұйымының төрағасы болады. 1918 жылы наурызда өткен Орал облысында жұмысшы, шаруа, солдат және қазақ депутаттарының І съезіне қатысты. Сол жылы 29 наурызға қараған түні Мұфтах Меңдіғалиевтің пәтерінде заңсыз қару сақтағаны үшін Мырзағалиев, Әлібековпен бірге жергілікті казактар үкіметі тарапынан тұтқындалады. Көп ұзамай Жайық сырты қазақтары Земство управасы төрағасының орынбасары К. Жәленовтің көмегімен босатылды. 1918 жылы күзде Самарадағы Құрылтай жиналысы мүшелері комитет (Комуч) тарапынан мойындалып, күшейе бастаған Батыс Алашорда үкіметінің қызметіне араласты. 1919 жылы қаңтарда Қаратөбе ауданында өткен Ойыл облысы земство управасы төрағасы Б. Жаңқадамовтың орынбасары болып сайланды. Сол жылы тамыз айындағы Қызыл армияның шабуылы тұсында Алаш әскери құрамаларын толықтыру үшін құрылған комиссияны және жүзбасы Балғымбаевтың конвой командасын бастап, Жымпиты, Калмыков, Тайпақ өңірінде әскерге жігіт алу жұмысын жүргізеді. Батыс Алашорданы тарату кезінде Жымпитыда болған. Батыс Алашорданы тарату жөніндегі комиссияның мүшесі Қазәсревком өкілі С.Меңдешевке кейін «Қасаболатов тобының мәлімдемесі» деп аталған мәлімдеме тапсырылады. Онда Батыс Алашорда қызметі жөніндегі алғашқылардың бірі болып неғұрлым толық мәлімет берген. 1920 жылдың басында Мырзағалиев, Жолдыбаевпен бірге Әлібеков төрағалық еткен Жымпиты уездік ревкомының құрамына кірді. Сол жылғы 20 қаңтарда РКП(б) қатарына қабылданды. 1920 жылы көктемнен Орал губерниясы денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі. Қазәсревкомның 1920 жылы 24 маусымдағы шешімімен құрамына Чеботаров (орынбасар), Почиталин, Қаратілеуов, Импағамбетов және т.б. кірген губатком құқындағы Орал губревкомның төрағасы болып тағайындалады. Орал облысындағы қазақ интеллигенттерін Кеңес мекемелеріне жұмысқа тарту жөніндегі Струппе төрағалық еткен айрықша комиссияға Қаратілеуовпен бірге мүше болады. Алайда сол 24 маусым күнгі мәжілісінде Қазәсревком шешімімен өзгеше шешім қабылдап, Орал губкомының және оның төралқасының төрағасы қызметін атқарып, екі шешім бірқатар уақытқа шейін қосарланып келді. Сондықтан көптеген құжатта және әдебиетте Е. Қасаболатов Орал губревкомы төрағасы деп көрсетіліп жүр. 1920 жылы шілдеде айтылмыш төралқа шешімімен Бүкілқазақ Кеңестерінің Құрылтай съезіне дайындық комиссиясына губревком тарапынан мүше болып кірді. Осы съезде Орал облысы делегациясының ұсынуымен ҚАКСР ОАК мүшелігіне сайланды.
Бүкілқазақ съезінің қаулысында Алашорданың Уақытша халықтық кеңесі 25 мүшеден тұрады, оның 10 орны орыстарға және қазақтар арасында тұратын басқа халықтарға беріледі деп көрсетілген. Съезде Алашорда үкіметінің құрамы бекітіліп, оған төмендегідей қайраткерлер мүшелікке енді: Бөкей ордасынан – У. Танашев, Орал облысынан – Х. Досмұхамедов, Торғай облысынан – А. Бірімжанов т.б., ал кандидаттыққа И. Қашқынбаев, Ж. Жақыпбаев, Е. Итбаев, Е. Қасаболатов т.б сайланды.
Қазақ РКП (б) облысы комитеті бюросының 1921 жылы 3 мамырдағы шешімімен Орынборға қызметке шақырылды. 1921-1922 жылы Қазақ РКП(б) облысы комитетінде жауапты қызметте. Осы жылдары зайыбы қайтыс болғаннан кейін белгілі дәрігер, Батыс Алашорда қайраткері Д. Күсепқалиевтің қызы Ғайни-Жамалға үйленеді. 1922 жылы бұрынғы алашордашыларға қарсы науқан тұсында ІІІ Қазақ өлкелік Кеңестер съезінің қаулысымен қызметтен босатылады. Қазақ РКП (б) облысы комитеті төралқасының 1922 жылғы 19 қазандағы шешімімен, Бақылау комиссиясының мақұлдауымен ІІХК-ға жұмысқа жіберілді.
1922-1923 жылы ҚАКСР Еңбек Халық комиссариатының алқа мүшесі, 1923-1924 жылдары Қазақ кәсіпшілік бюросы президиумының мүшесі (Орынбор қаласы), 1924 жылдың ақпанынан 1925 жылдың маусымына дейін ҚАКСР қаржы халкомының орынбасары, Қаржы комиссариаты салық басқармасының меңгерушісі. 1925-1926 жылы «Қазсауда», 1926-1928 жылдары «Қазмедсауда» бірлестігінің төрағасы (Қызылорда қаласы). 1928 жылы БК(б)П ОК қарауына жіберілген. 1928-1929 жылы округтік денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі (Балашов қ).
1925-1928 жылдары тәркілеу және ауылды күшпен отырықшыландыру науқанына батыл қарсы шықты. Сол үшін 1929 жылы қарашада «Меңдешев тобы кұрамында жікшіл күреске қатысты» деген айыппен Ф.И. Голощекин жетекшілік еткен оны Қазақ өлкелік РКП (б) комитетінің бюросы осы қызметтен босатады. Сол жылғы желтоқсандағы мәжіліс Е. Қасаболатовтың өзімен келісе отырып, Қазақстаннан тыс жерге жіберу жөнінде шешім қабылдайды. Көп ұзамай РК(б) ПОК-ының қарауына шақыртылып, әуелі Саратов, соңынан Астрахан қаласына жіберіледі. 1930-1931 жылдары Астрахан қаласындағы РКП(б) ауданы комитетінің хатшысы, Астрахан округтік атқару комитеті төрағасының орынбасары болады. Негізінен, ұлтаралық қатынас, ұлт мәселесімен айналысады.
1931 жылы маусым айында жаңадан ұйымдастырылып жатқан Алматы медицина институтына қызметке шақырылып, қыркүйекте осы оқу орнының тұңғыш директоры болып тағайындалады. Қазақстанда аталған оқу орны арқылы маман дәрігерлер даярлауды жүйелі жолға қою ісі Есенғали Қасаболатов есімімен байланысты. Ол директор болған кезеңде әзірленген кадрлар арасынан кейін академик эпидемиолог И. Қарақұлов, академик-вирусолог Ж. Жұматов, профессор-хирург Е. Өмірзақов тәрізді білікті мамандар шыққан. Алайда оның барлық зиялы қызметі мен саяси белсенділігі, ұлт ісі үшін атқарған қызметі бұрмаланып, басқа да қазақ зиялы қауымымен бірге саяси-қуғын сүргінге ұшырайды. 1933 жылы оған да түрлі айыптар тағылып, ол «Студент жастардан ұлтшыл-контрреволюциялық топ құрды» деген желеумен директорлықтан босатылады.
1933-1935 жылдары Алматы облысындағы «Қызыл қайың» кеңшарының директоры қызметін атқарған, ал 1935 жылы қазан айында РКП(б) қатарынан шығарылады. 1936-1937 жылдары Қазақ КСР Денсаулық сақтау халкомында экономикалық жоспарлау бөлімінің меңгерушісі, «Главнефть» тресі өлкелік конторы басқаушысының 2-орынбасары, «Нефтьторг» қоғамының Қазақстандағы уәкілетті өкілінің орынбасары болып жүріп, 1937 жылы 29 тамызда Алматы қаласында ІІХҚ органдары тарапынан тұтқындалды. 1938 жылы 26 ақпанда «Мемлекеттік қылмыс жасады» деген айыппен ең ауыр үкім – ату жазасына кесілді.
Кейін Кеңес өкіметі тұсында КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясының 1957 жылғы 7 желтоқсандағы ұйғарымымен ақталған. Соңында Хүпби-Жамал, Шафхат, Мара, Шәміл, Бану, Нинель, Нәзір, Раиса есімді ұл-қыздары қалған. Республикалық опера және балет театрының бұрынғы әншісі Хүпби-Жамал Есенғалиқызы 2001 жылы Алматы қаласында қайтыс болды. Жиен немерелері Ғалия мен Клара ата жолын қуып, дәрігер мамандығын игерді. Ең кіші қызы Райса қазір Мәскеу қаласында тұрады.
Аласапыран күн туып, алмағайып заман болғанда елі үшін тер төгіп, төнген қауіп пен қатерден сескенбеген, қайтсем, алты алаштың жоғын жоқтап, кемдігін толтырып, жақсы күнге жеткізем деп, от пен суға түскен, небір зобалаңды бастан өткерген Алаш алыптарының отаншыл, елін сүйген ерлігін жас ұрпақ үлгі ете білсе, қазақ елінің болашағы бүгіннен де нұрлы болар еді. Осындай ұлы тұлғалардың ішінде Батыс Алашорда қайраткері Қасаболатов Есенғалидың да орны ерекше. (фотосурет ҚР Президенті архивінен алынған, негізгі мағлұматтар мына кітаптан алынған: Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Құраст: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 544-б.)