Асанов Дүйсембай Асанұлы 1890 жылы Батыс Қазақстан облысы Ілбішін ауданының Ораз ауылында дүниеге келген. Алаш қозғалысының мүшесі, Алаш әскери комиссары. Бастауыш білімі бар, орташа ауқатты. 1905-1911 жылдары Шалқар-Қарасу 2 кластық орыс-қырғыз училищесінде оқыған. 1911 жылы отбасының қаражаты болмай, 1913 жылға дейін үй шаруашылығында жұмыс жасаған. 1913 жылы қыстан бастап 1916 жылға дейін Ілбішінде народный судьяның хат тасушысы болып қызмет еткен. 1916 жылы жазда Нижне-Барбашевское болыстық басқармасына кіші хатшы (писарь) болып орналасады. Алайда 1917 жылы әкесінің науқастануы себепті үйдегі шаруашылығына қайта оралып, ағасына көмектеседі. 1918 жылы мамырда Алашорда әскерінің құрамына қосылып, қарапайым әскерден 3 айлық әскери-инструкторлық курсқа қатысып, одан әрі 6 айлық прапорщик курсында әскери білім алған. Әскери қызметте жүріп І жүздіктің взвод командирінен, 1919 жылдың желтоқсан айына дейін Алашорда әскерінің офицері шеніне дейін жетеді. Алашорда әскері 3-ші татар бригадасына қосылғаннан кейін 1920 жылы сәуірде Орынбордағы 3 Борисо-Глебской кавалериялық командалық курсына ауысады. Сонда эскадрон құрамында жүріп 1920 жылы 25 маусымнан қыркүйеккке дейінгі аралықта «Сапожников бүлігін» басуға қатысады. 1921 жылы 4 маусымда негізгі курсты аяқтағаннан кейін Түркістан майданының штабына жіберіледі. 1921 жылдың тамызына дейінгі уақытта Жымпитыға келіп, «Серов бандасын» талқандауға қатысады. Түркістан майданында жүріп, Ферғана және Бұқара басмачтарымен күреседі. 1920 жылдан БК(б)П мүшесі, екінші рет 1937 жылы БК(б)П мүшесі, 1937 жылдың 29 мамырына дейін Қарағанды облыстық жұмысшы-шаруа милициясы басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған. 1937 жылдың 30 шілдесінде 1918-1919 жылдары «Алаш отрядының офицері ретінде троцкийшіл оңшыл ұйымға қатысты және Кеңестердің қызыл әскеріне қарсы соғысты» деп Алматыда қамауға алынған, 1938 жылдың 13 наурызында КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясы шешімімен ең ауыр үкім – ату жазасына кесіліп, үкім 1938 жылы 18 наурызда орындалған. 1957 жылы 19 наурызда КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясының шешімімен істе қылмыс құрамының жоқтығына орай тоқтатылып, ақталған (БҚО ПД архиві, №П-562 іс.).
Асанов Дүйсембай Асанұлы
- Аты-жөні: Асанов Дүйсембай Асанұлы
- Туған жері: Батыс Қазақстан облысы Ілбішін ауданының Ораз ауылы
- Жаза түрі: Ату
- Алаш әскері: Иә
- Алаш басшылары: Жоқ