Асанов Қалдыбай 1892 жылы Жымпиты уезі 4-інші ауылда дүниеге келген. Батыс Алашорда қайраткері, қазақтың алғашқы жоғары білімді экономисі. Тегі – қожа. Кедей шаруа отбасында туып-өскен. Әкесі ерте қайтыс болып, ағаларының қолында тәрбиеленген. Жымпиты ауылындағы бір кластық орыс-қазақ мектебінде, кейін екі кластық орыс-қазақ училищесінде оқыған. Саратов университетінің экономика факультетіне 1909 жылы оқуға түсіп, оны 1914 жылы бітіріп шығады. 1916 жылы тыл жұмысына алынады. 1917 жылы жазда елге оралысымен Жымпиты уездік атқару комитетінде, кейін уездік земство басқармасында жұмыс істеп, білімдарлығымен көзге түседі. 1918 жылы мамырда өткен 4-інші Орал облыстық қазақ съезінің төралқасына Кәрім Жәленовпен бірге хатшы болып сайланады. Осы съезде құрылған Жайық сырты қазақтары облысының – «Ойыл уәлаятының» Уақытша үкіметі құрамына сайланады. Аталған съездің қаулысына орай 2-інші жалпықазақ съезінің шешімі негізінде «Ойыл уәлаяты» жігіттерінен халық әскерін құруға белсене қатысушы. «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметінің және әскери бөлім бастығы Жаһанша Досмұхамедовтің шешімімен Халық әскерін құру кезінде ауыл-болыстардың халық милициясы жігіттерінің атпен, ат әбзелімен, ер-тоқыммен жабдықталуына жауап берді. Уездік атқару комитетіндегі, земство басқармасындағы қызмет тәжірибесін пайдалана отырып, осы мекемелер қарамағындағы қоғамдық азық-түлік қорын, қосалқы астық мөлшерін және астық сақтайтын дүкендерді әскер қажетіне жарату, сондай-ақ уәлаят шегіндегі Сарығожин, Көпжасаров, Төбетов, Есенаманов, Ығылманов, Омаров, Ермұхамед Қоқанов, Құмай Байтөлеков, Нұрым Қабашев, Сатыбалды Асанов, Мұқаш Атшыбаев тәрізді малмен әрі сауда капиталымен айналысқан ауқаттылармен келісімшарттар жасап, сауда байланыстарын орнату міндеттерін шешті, олардан, негізінен, астық және жылқы сатып алуды жолға қойды.
Ақпан революциясынан соң құрылып, кейінірек тоқтап қалған аудан кооперативтері жұмысын жандандыруға атсалысты. Жымпитыға Орынбордан, Самарадан ығысып келген ақ гвардиялық офицерлерден қойылған интенданттардың тікбақай іс-әрекеттерімен, азық-түлік, құрал-жабдықпен жабдықтау ісіне салғырт қарауы салдарынан 1918 жылы желтоқсанда халық әскерінің Жымпиты гарнизонында орын алған баскөтерулерден соң Батыс Алашорда әскерінің интенданты болып тағайындалады. Әскери шені – прапорщик. Батыс Алашорда үкіметі таратылғанға дейін халық әскерін Сібір Уақытша үкіметі тарапынан және 1919 жылы жаздан бастап Деникиннің ерікті армиясы есебінен жабдықтау ісіне қатысты. 1920 жылы қаңтарда Қызылқоғадағы Батыс Алашорда үкіметі мүшелерімен бірге тұтқындалды. Қазақ әскери революциялық комитеті мүшесі С. Меңдешов пен әскери инспектор Г. Ивановқа Батыс Алашорда қызметі жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет тапсырды.
1920 жылы ауылды кеңестендіру жұмысына араласып, Жымпиты уездік атқару комитетінің мүшесі, лекторы болды. Сол жылы Жымпиты уревкомы төрағасы М.Х. Мырзағалиевтың кепілдік етуімен Коммунистік партия қатарына өтті.
1920 жылы Батыс Алашорда қызметіне байланысты істі болып, Салық Омаровпен бірге Орал қаласындағы концлагерьге қамалып, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Жаза мерзімін өтегеннен кейін, 1921 жылы БК(б)П қатарынан шығарылды.
1930 жылдары губерниялық қаржы саласының бөлімінде бас экономист болып қызмет атқарады. Орал педагогикалық техникумында орыс тілінен сабақ береді. Осында жүргенде «Алашордашы» деген айыппен қызметтен шығарылады. «Орал қаласындағы Кожевенная көшесіндегі үйінде қонақтарының алдында КСРО-ның жаңа Конституциясын ұлтшылдық ыңғайда бұрмалады, кеңестік демократия, жеке бас бостандығы принциптерін сынға алды және кейінірек жер органдары одағы клубында партия ұйымдарын, Сталинді тілдеді» деген айыптар тағылып, 1937 жылы ІІХК округтік басқармасы тарапынан тұтқындалады.
Тергеу барысында Оралда С. Тұрымтаев, Ғ. Манкеев, Х. Ищанов, Б. Жанқадамов секілді бұрынғы Батыс Алашорда қайраткерлерімен араласып тұрғаны да қосымша айып болып тіркеледі. 1937 жылы маусым айында Батыс Қазақстан облыстық сотының арнаулы коллегиясы 3 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
1937 жылы тамызда Қазақ КСР Жоғарғы соты үкімін қайта қарап, күшін жойды. 1937 жылы қазанда облыстық соты 5 жылға азаматтық құқын жоя отырып, оны 6 жылға бас бостандығынан айыру жөнінде қайтадан үкім шығарады. Қазақ КСР Жоғарғы сотының арнаулы коллегиясы үкімді күшінде қалдырғанымен, ІІХК басқармасы Үштігінің қаулысымен 1937 жылы 15 қарашада атылды.
Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы соты Президиумының 1957 жылғы 15 шілдедегі қаулысымен ақталады.
Асанов Қалдыбайдың зайыбы – Жібек Асанова қолында 7 жасар Альфия, 5 айлық Гүлнар есімді екі қызымен қалған. Альфия Асанованы Қалдыбай Асановтың бауыры Дуанабек асырап алған. Дуанабек Асанов Батыс Қазақстан облысы Каменка кеңшарында қызмет істеген. Альфия Асанова 16 жасында Орал қаласына келіп, ФЗО-ға оқуға түсіп, ет комбинатына жұмысқа кіріп, еңбек ете жүріп, 1949 жылы Мұқан Құрманғазиевқа тұрмысқа шығады. Альфия Орал қаласы маңындағы Желаев стансасында тұрған, 7 баланың анасы. (БҚО ПД архиві, №562 іс және №П-696 іс.).