Атшыбаев Беркінғали Мұқашұлы 1897 жылы бұрынғы Гурьев уезі Қазыбек болысы Миялы ауылында дүниеге келген. Батыс Алашорданың мүшесі. Тегі – он екі ата байұлына жататын шеркеш руының жауғашты бөлімі. Бабасы Қазыбек (1760-1824 ж.ж) – Кіші жүздегі белгілі билердің бірі, атасы Атшыбай – 1869-1870 жылғы «Ел ауа» аталған Кіші жүз қазақтары көтерілісінде қол бастаған батыр, осы күнге дейін Қызылқоғада «Атшыбайдың көңі» деп аталатын атажұрты әлі сақталған. Өз әкесі Мұқаш Атырау-Орал өңірінің көзі ашық, сауатты әрі сауда капиталымен айналысқан дәулетті, белгілі адамдарының бірі болған. Оның әкесі қазақша-орысша сауатты, үйінде бай кітапханасы болған. Балалары Беркінғалиды, Құсайын мен Әжіғалиды Гурьев, Орал қалаларында арнайы оқытқан. Беркінғали Атшыбаев 1905 жылы Гурьев уезі Есбол болысына қарасты Қаракөл бір кластық орыс-қазақ мектебін («Қызылүй мектеп»), Гурьевтегі екі кластық Романов орыс-қазақ училищесін (1908 жылы) бітіріп, мұнан соң Орал әскери-реалды училищесіне 1909 жылы оқуға түсіп, оны 1916 жылы аяқтаған. 1917-1918 жылдары әкесінің жанында болып, шаруашылық жүргізуді, сауда ісін үйренді. Оспанов, Домаланов, Абылаев, Балғымбаев, Қаржаубаев, Күсепқалиевтер сияқты реалды училищенің, мұғалімдер семинариясының түлектерімен бірге ІV Орал облысы қазақ съезінің қарары мен 1918 жылы жазда Жымпитыда ашылған Ойыл облысы жігіттерінен офицерлер даярлайтын 6 айлық юнкерлер (кейін прапорщиктер) мектебіне түседі. Мектепті бітіріп, прапорщик шенінде Алашорданың Батыс бөлімін басқару жөніндегі бөлімшесінің Бас интенданты болып тағайындалады. 1918 жылғы желтоқсандағы Жымпиты Алаш гарнизонының бас көтеруі кезінде Батыс Алашорда үкіметі қаржысының бір бөлігін аман алып қалып, Ойылға жеткізді. Орал казак-орыстарының әскери үкіметін күш-көлік, майдан шығынын көтеріп отырған елдің күші мен халық әскерін ұстау қиын болатынын түсінген Батыс Алашорда басшылары Сібір Уақытша үкіметі мен ағылшындардың көмегіне сүйенуді ойластырды.
Беркінғали Атшыбаев 1919 жылдың аяқ шенінде Форт-Александровск порты, Гурьевтегі Толстов әскері арқылы жаңадан жасақталған халықтық әскерді ағылшын құрал-жабдығымен жабдықтауды ұйымдастырып, екі арада кіре тарту, барлау жүргізу ісімен айналысты. Қызылқоға және Сағыз уездік земство управалары арқылы Сібірдің оңтүстік-батыс астықты аудандарындағы кооперативтер мен жергілікті қазақтардың (Ойыл, Ілбішін, Қаратөбе базарларында) айырбас саудасын жолға қойды. 1919 жылы күзде Батыс Алашорда үкіметінің негізгі құрамында Ойылға, сонан соң Қызылқоғаға ығысып келеді. Сол жылы желтоқсанда Қызыл армия бөлімшелері мен ақ казактардың осы өңірдегі соңғы шайқастарының ортасында болды. Бұрынғы Комуч Халық армиясының Орал казактары құрамындағы полковник Горшков басқарған отрядын қызылдар жағына шығарған Жаһанша Досмұхамедовтің операциясына қатысты.
Беркінғали Атшыбаев – Батыс Алашорда үкіметі тізе бүккеннен кейін Түркістан майданы басшылығының кепілі ретінде ұстап, Орынборға жөнелту жөніндегі құпия нұсқауына сәйкес оқшаулатылған бес Батыс Алашорда қайраткерлерінің бірі. 1920 жылдың ақпанында осы топ құрамында Мәскеуге әкетілді. Осы күндері Жаһанша және Халел Досмұхамедовтермен бірге Кеңес басшылығына Батыс Алашорда қызметі жөніндегі белгілі хат-баяндаманы әзірлеуге қатысты. Сол жылы мамырда бестіктің алғашқысы болып Орынборға оралып, Қазәсревком Ішкі істер бөлімінің меңгерушісі Ә. Әйтиевтің қолдауымен аталмыш бөлімге іс жүргізуші болып орналасты. Кейінірек осында Азаматтық халық актілерін тіркеу бөлімінің меңгерушісі болды, комиссариаттың қаржы-есеп бөлімінде А. Затаевичпен бірге істеді. А. Затаевич Беркінғали Атшыбаевтың айтуынан жазып алған, Мұхит Мерәліұлының «Паң көйлек» әнін (3-нұсқасы) өзінің 1925 жылы жарық көрген «Қазақ халқының 1000 әні» кітабында жариялады. 1920 жылдың аяқ шенінде Ішкі істер комиссариатының хатшысы болды, іс басқарушысы қызметін атқарды. 1921 жылы күзге қарай ҚАКСР халық ағарту комиссары, ҚАКСР ОАК Балалар өмірін жақсарту жөніндегі орталық комиссиясының төрағасы А. Кенжиннің ұсынуымен осы комиссияның Түркістандағы азық-түлік сатып алу жөніндегі төтенше өкілі болып тағайындалды. Ташкентке келіп, ашығып жатқан қазақ бауырларына Түркістан Республикасы тарапынан көмек ісін ұйымдастырды. Жаһанша Досмұхамедовпен бірге Қарақол, Тоқмақтан азық-түлік іздеді. 1921 жылы қарашада Самарқандқа панасыз 400 қазақ баласын алып келген №303 санитарлық пойызбен Қазақстанның солтүстік өлкесіне 5000 пұт бидай жеткізді. Кейін ҚАКСР Халық ағарту комиссариатында социалистік тәрбие кадрларын даярлайтын курстардың аймақтық меңгерушісі болды.
1922 жылдың қыркүйегінен 1923 жылдың тамыз аралығында Мәскеудегі «Сантонин» тресінде іс жүргізу бөлімінің меңгерушісі, екі дүркін «АРОСПО» акционерлік қоғамы тіркеу комиссиясының мүшесі, «Казкрай союздың» Мәскеу өкілдігінде экономикалық тексеруші болып 1924-1926 жылдары істеді. Мұнан соң 1926-1928 жылдары РКФСР Жоғарғы сотында аудармашы болды. 1928 жылы Мәскеудегі Тау-кен академиясына (қазіргі Губкин атындағы мұнай инситутына) мұнай факультетінің геология бөлімшесіне оқуға түсті. А. Затаевичпен Арбат ауданында бір үйде тұрды. Оның 1930 жылы қыркүйекте сыртына Беркінғали Атшыбаевқа тілек-қолтаңба жазып берген ескерткіш суреті ҚР Мемлекеттік орталық музейінде сақтаулы.
Беркінғали Атшыбаев 1930 жылы «Алашордашы, жат элемент» деген айыппен Тау-кен академиясынан шығарылды. Сол жылы Гурьев қаласына келіп, «Эмбанефть» тресіне қатысты геологиялық-барлау конторында геолог, сонан соң далалық геологиялық-картировка секциясының меңгерушісі болып істеді. Осы саладағы еңбек жолы бұрын жете зерттелмей келген Жем (Ембі) мұнай алыбының Каспий маңы ойпатына кіретін байтақ аумағында мұнай іздестіру жұмысының етек ала бастауына тұспа-тұс келді. Беркінғали Атшыбаев аз уақытта білімімен, тындырымдылығымен П. Авров, С. Горкин, И.Г. Пермяков секілді тәжірибелі геологтардың құрметіне ие болды. Осы қызметте мұнай іздестірудің геофизикалық тәсілдерінен бастап микропалеонтологиялық талдау сияқты жаңашыл әдістерін қолдана отырып, ықтимал кен көздерінің геологиялық картасын жасады.
Ел аузында «Мосы-ағаш» аталатын бұл белгі-бағандар, олардың түбінде сақтаулы ақпараттық-мәлімет, есептеулер әлі күнгі геолог-барлаушылар кәдесіне жарап келеді.
Беркінғали Атшыбаев басқарған геологиялық-физикалық іздестіру жұмыстары нәтижесінде 1931 жылы Мұнайлы, Алтыкөл, Ескене мұнай көздері ашылды, 1933 жылы алғаш рет Қондыбай кен орнының геологиялық картасы жасалды. 1934 жылы Жолдыбайда мұнайдың жүлгелі құрылымы бар екендігі анықталды. 1935-1936 жылдары Құлсары, Дүйсеке, Шонай, Қарашүңгіл, Төлес нүктелерінде кешенді жүргізілген геофизикалық барлау жұмыстары да Беркінғали Атшыбаев есімімен байланысты. 1931 жылы Адай көтерілісі кезінде Мұнайлы нүктесі маңында жүрген Пермяковтың экспедициялық партиясындағы орыс ұлты өкілдерін Құрмаш жасағының жазалауынан алып қалды.
1935 жылы Беркінғали Атшыбаев Гурьев тау-кен техникумының түлегі, техник-геолог Л. Софенрейтерге үйленді. 1937 жылы қазан айында «Эмбанефть» тресі бойынша Х. Ақботин, Т. Иманғазиевпен бірге «І. Құрамысовтың алашордашыл, контрреволюциялық ұйымына қатысты» деген айыппен тұтқындалды, сол жылдың аяқ шенінде Орал қаласына айдалып, хабарсыз кетті.
1937 жылы 8 мамырдағы БҚО полиция департаментінің архивінде №2368 Нұрмұхамедов Хасанның ісі бойынша тергеу кезінде тергеуші Хасан Нұрмұхамедовке: «Сіз Беркінғали Атшыбаев деген қазақты білесіз бе? Ол адаммен қашан, қалай кездестіңіз, неше рет?» деген сұрақтар берген. Хасан Нұрмұхамедовтің жауабы: «Иә, мен Беркінғали Атшыбаевты танимын, бұрынғы алашордашы. Онымен Алашорда съездерінде бірнеше рет бірге болдым, делегат болып, Алашорда тараған соң көп уақыт кездеспей, тек 1933 жылы Гурьев округіне барғанда «Ойыл» ауданының «Қандыбай» жерінде кездестім. Біздер сол жерде машина күтіп қондық, Беркінғали Атшыбаев геология экспедиция партиясының басшысы екен. Ертеңіне Ойыл ауданының «Тандыкөл» территориясын қарадық. Тандыкөлде Жалмағамбет деген қазақтың үйінен шай іштік, мен Ойылға кетіп қалдым, ал Беркінғали Атшыбаев сол үйде қалды», – дейді және 1937 жылы Беркінғали Атшыбаевты Доссорда кездестірдім, мен көшеде отырған едім, өтіп бара жатқан Беркінғали Атшыбаев келіп менімен қол алып амандасты. Ештеңе айтып сөйлеспестен кетіп қалды, бұл кездесулер жөнінде мен ешкімге ештеңе айтқан жоқпын, – деп жауап берген.
1937 жылы қазан айында Беркінғали Атшыбаев тұтқындалып, Орал қаласына қысастықтан түрме ауруханасына түсіп, қиналып жан тапсырған. Алғашқы зайыбы – Мария Сергеевна Анзимирова ұзақ жыл Мәскеу қаласындағы Жазушылар одағының әдебиетшілер үйінде хатшы болып қызмет істеп, 1952 жылы қайтыс болды. Алғашқы некеден көрген ұлы Георгий Атшыбаев – «Огонек» журналында қызмет істеген журналист, 1981 жылы 56 жасында көз жұмды. Соңғы некеден Беркін есімді ұлы қалды. Ол 1959 жылы Волгоград автомобиль тас жолдары институтын бітіріп, Қазақстан Автомобиль жолдары министрлігінде, «Каздорпроект» ғылыми-зерттеу институтында істеді. Анасы Лидия Георгиевна екеуі Алматы қаласында тұрады. (БҚО ПД архиві №П-1047 іс – Дәулетқали Жәнібеков ісінде аталады. Негізгі мағлұматтар мына кітаптан алынды: Сүлейменова Д.Д. Жаһанша Досмұхамедов һәм қазақ автономиясы. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2018. -111-114-б.).