Арғыншиев Сахыпкерей 1887 жылы Орал облысы Орал уезі Қараоба болысы 3-ауылда (қазіргі Теректі ауданы) дүниеге келген. Батыс Қазақстандағы революциялық қозғалысқа белсене қатысушы, мемлекет қайраткері. Қараоба орыс-қазақ мектебін және Орал қолөнер мектебін бітірді (1904 ж). 1919 жылы Орал ревкомының ұлт істері бөлімі меңгерушісінің орынбасары, кейін ұйымдастыру-үгіт бөлімінің меңгерушісі болады. 1920 жылдан бастап ҚАКСР Халық шаруашылығы комиссариаты денсаулық сақтау бөлім меңгерушісі, қазан айынан әлеуметтік қамтамасыз ету халық комиссары, ІІ Бүкілқазақ (1921 ж.) кеңестер сьезінде ҚАКСР Жоғарғы революциялық трибуналының төрағасы болып сайланады. 1927-1937 жылдары Алматы зооветеринарлық институтының ректоры, «Қазақжүн» қоғамының төрағасы, Шымкент түйе шаруашылығы зауытының директоры, Ақтөбе облысы Темір аудандық Жұрын мал шаруашылығы-тәжірибе стансасының директоры.
1937 жылы 14 тамызда тұтқындалып, КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегиясы үштігінің қаулысымен 1938 жылы 15 ақпанда ең ауыр жаза –ату жазасына кесілген. Үкім орындалып, Ақтөбе қаласында атылды.
1957 жылы 13 шілдеде КСРО Жоғарғы сот алқасының шешімімен толық ақталады. (БҚО облыстық мемлекеттік архиві).