Әбдірахманов Бейсенғали 1888 жылы Орал облысы Ілбішін уезі Жұбанышкөл болыстығының Қаратөбе ауылында дүниеге келген. Батыс Алашорданың мүшесі. Алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, Қазақстанда денсаулық ісін ұйымдастырушы. Кедей шаруа отбасында туып-өсті. Болыстық орыс-қазақ мектебін бітіргеннен кейін мұғалім И.К. Мальковтың көмегімен Орал қаласындағы қолөнер училищесіне түсіп, ат-әбзел цехы бөлімін «әбзелшінің қолқанаты» мамандығымен бітірді (1902-1907 жж.). Орынбор мұғалімдер мектебіне түсе алмағаннан кейін Оралдағы әк зауытында жұмыс істеген. 1909 жылы облыстық денсаулық сақтау бөлімінің стипендиясымен Воронеж ер балалар фельдшерлік мектебіне түсті. Фельдшерлік мектепті 1911 жылы бітіріп, 1914-1917 жылдары II учаске аталған Қаратөбе елінде фельдшер болып істеді. Ақпан революциясынан соң М. Жолдыбаев, Ж. Нияров, Ү. Жаманов, О. Исаев, Х. Сағындықовтармен бірге Алаш қозғалысына қатысты, Ж. Досмұхамбетовтер және Әлібековтер тобынан бейтарап ауыл интеллигенциясы құрамында болды. Азамат соғысы кезінде Х. Сағындықовпен бірге елді ақ гвардияшылар топтарынан қорғайтын Қорғаныс комитетін құрды. 70 адамнан тұратын халық жасағын ұйымдастыруға қатысты. 1920 жылы қаңтарда Қызыл армияның 5-бригадасы Қаратөбеде ұйымдастырған учаскелік әскери-революциялық комитеттің хатшысы болған. Одан кейін Жымпиты уездік денсаулық сақтау бөлімінің санитарлық-эпидемологиялық бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. 1922-1930 жылдары Орал губерниялық, округтік денсаулық сақтау бөлімінің дәрі-дәрмекпен жабдықтау қосалқы бөлімінде қызмет еткен. 1930-1931 жылдары ҚАКСР Денсаулық сақтау халық комиссариатының төрағасы қызметінде жүріп республиканың медициналық жоғары оқу орындарының тұңғышы – Алматы медицина институтын ұйымдастыру ісіне қатысқан. Сонымен бірге өнеркәсіп орындарында, Успен кенішінде, Қоңыратта, Қарағанды облысында жаңадан ауруханалар ашу, жұмысшыларға дәрігерлік көмек көрсету ісін ұйымдастырған. 1960 жылы дүниеден озған. (Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Құраст: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 544-б.).
Әбдірахманов Бейсенғали
- Аты-жөні: Әбдірахманов Бейсенғали
- Туған жері: Орал облысы Ілбішін уезі Жұбанышкөл болыстығының Қаратөбе ауылы
- Жаза түрі: Ату
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ