Әлжанов Батырбек 1892 жылы Орал облысы Орал уезі Караоба болыстығының Бұлақсай ауылында дүниеге келген. Қазақ, Батыс Алашорданы қолдаушы. Жайық өңірінде баспасөз ісін ұйымдастырушылардың бірі, Азамат соғысына қатысушы. Руы – төлеңгіт. Ауыл молдасынан хат танығаннан кейін орта діни медресе, болыстық орыс-қазақ мектебін бітірген. Ауылда шаруашылықпен айналысты. 1917 жылы Ақпан революциясынан соң болыстық кооператив ұйымдастыру ісімен шұғылданды, болыстық земство управасы жанындағы азық-түлік бөлімінде жұмыс істеді. Ә. Әйтиев, С. Арғыншиев, М. Ипмағамбетовтердің ықпалында болды. Осы топ Азамат соғысы кезінде ақ казактар мен большевиктер текетіресінің соңын баққан алмағайып кезеңде астыртын мәлімет жинау жұмысына қатысты. Орал медресесінде оқып жүрген бөкейлік төлеңгіт болып Ойыл уәлаяты аумағындағы Өлеңті, Тұздыкөл ауылдарында бала оқытты, нағашысын іздеген болып Батыс Алашорда үкіметі орналасқан Жымпиты атырабын аралап, мәлімет жинады. 1918 жылдың өзінде Бұлдырты, Кенащы, Өлеңті, Тұздыкөл, Қашарсойған бағытында әлденеше рет барлау мақсатында болып қайтты. 1919 жылдан бастап Түркістан майданындағы I Қызыл Армияның тапсырмаларын орындаған. Екі рет Алаш милиция отрядының қолына түсіп, қашып құтылды. Азамат соғысынан кейін Орал губерниялық «Қызыл ту» газетін бастап шығарушылардың бірі. 1920-1923 жылдары аталған газеттің жауапты хатшысы болып, 1923-1925 жылдары республикалық «Жас қайрат» («Лениншіл жас») журналында жауапты қызметтер атқарды. 1925 жылы Ембі-Доссор аудандық кәсіподақ комитетінің хатшысы болды. 30-шы жылдары Орал губерниясында, округінде аудандық деңгейдегі әртүрлі қызметтер атқарды. Жайық өңіріндегі революциялық қозғалыс, Азамат соғысы тарихынан естелік жазып қалдырды. Оның естелігі идеологиялық бұрмалаудан ада шынайылығымен, объективтілігімен ерекшеленеді. Атап айтқанда, 1918-1919 жылдары аумалы-төкпелі қысталаң шақтарда Меңдігерей Ипмағамбетовтермен бірге Батыс Алашордаға бейімділік танытқан кезі болғанын, бұл орайда Халел және Жанша Досмұхамбетовтармен арада немере інісі Н. Ипмағамбетов арқылы келіссөз жүргізгенін анық жазады. Оған «бұрынғы алашордашы, антисоветтік үгіт-насихат жүргізді, 1922-1925 жылдары сәдуақасовшыл антипартиялық топта болды» деген айып тағылып, 1938 жылы 26 қаңтарда БҚО УНКВД тарапынан тұтқындалып, КСРО Жоғары Сотының шешімімен РКФСР ҚК 58-8 , 58-11-баптары бойынша 1938 жылы 13 қарашада сотталып, 10 жылға еңбекпен түзету лагеріне қамалған. 1941 жылы 13 ақпанда БҚО УНКВД қаулысымен істе қылмыс құрамының жоқтығына орай ақталған. (ҚР ПА, 141-қор, 17а-тізбе, 98-іс – Список участников антипартийных группировок и Алаш-Орды (по Уральскому горкому ВКП,б).).
Әлжанов Батырбек
- Аты-жөні: Әлжанов Батырбек
- Туған жері: Орал облысы Орал уезі Караоба болыстығының Бұлақсай ауылы
- Жаза түрі: Бас бостандағынан айыру
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ