Әлниязұлы Тобанияз 1875 жылы дүниеге келген. Қоғам қайраткері. Діни мектепте бастауыш білім алған. 1915 жылы болыс басқарушысы болып сайланған. 1916 жылы патша жарлығына қарсы шыққаны үшін тұтқынға алынып, 1917 жылы патша үкіметі құлағаннан кейін абақтыдан босатылды. 1918-1923 жылдары Адай уездік ревкомның төрағасы. Алашорда үкіметі батыс бөлімшесінің жетекшілері – Халел және Жаһанша Досмұхамедовтермен тығыз байланыста болды. Әліби Жангелдин экспедициясына қолдау көрсетті. Қазақтар мен түрікмендердің достық қарым-қатынаста болуына күш салып, екі халық арасындағы келіспеушіліктерді бейбіт түрде шешуге қол жеткізді. Қылмыс жасағандарға құн төлету керектігін жақтап, мұны өзі басқарған уезде енгізбекші болды. Кеңестік билікке қарсы Қарақұм өңірінде жүріп жатқан қозғалысқа қолдау танытты. Кеңес билігі орнаған жылдары оған қарсы шығып, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі, дініндегі ерекшеліктердің сақталуын талап етті. 1923 жылы Тобаниязға «ұлтшыл», «діндар» деген айып тағылады. Соған орай ол уездік ревкомның төрағасы қызметінен босатылады. 1924-1928 жылдары уездік салық инспекторы болып еңбек етті. 1929 жылы желтоқсанда тұтқынға алынып, 1930 жылы ең ауыр үкім – ату жазасына кесілген. Тобанияз Әлниязұлы 1990 жылы 26 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы сотының шешімімен ақталды. (БҚО ПД архиві №П-3406 істе аталады.; Ижанов З. Тобанияз. – Алматы: «Өлке» баспасы, 2016. – 280-б.).
Әлниязұлы Тобанияз
- Аты-жөні: Әлниязұлы Тобанияз
- Жаза түрі: Ату
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ