Әлібеков Әлиасқар (Ғалиасқар) 1893 жылы Орал облысы Ілбішін уезінің Өлеңті болыстығында дүниеге келген. 1918 жылы Жайық өңіріндегі «Алаш» партиясының мүшесі болып, Алаш қозғалысына қатысқан, кейін кеңестендіру ісіне қатысушы, қоғам қайраткері. Тегі – байұлына жататын алаша руы, оның шотқара бөлімі. Дәулетті отбасында туып-өскен. Ақпан революциясына дейін Мұхаммед-Хафи Мырзағалиевпен бірге Саратов түбіндегі Мапийнск ауыл шаруашылығы мектебін мелиорация мамандығы бойынша бітірді. 1910 жылы Орал реалдық әскери училищесінде білім алған.
1917 жылы қыркүйектен бастап М.-Х. Мырзағалиевпен, Е. Қасаболатов, А. Кенжиндермен бірге белгілі қайраткер, немере ағасы Ғұбайдолла Әлібековтің маңайына топтасқан зиялы топ құрамында революциялық қозғалысқа араласты. 1918 жылы ақпанда Қаратөбеде өткен III Қазақ Орал облыстық съезіне делегат ретінде қатысқан. Осы съезде зиялы топ арасына салық мәселесіне қатысты айтыс-тартыс барысында Жанша және Халел Досмұхамбетовтерге қарсы Ғ. Әлібеков бастаған 13 делегаттың қатарында болып, аталмыш топ құрған «Ақ жол» саяси ұйымына енеді. 1918 жылы наурыздағы Орал облыстық жұмысшы, шаруа, солдат және қазақ депутаттарының I съезіне қатысты. Самарада Құрылтай жиналысы мүшелерінің Уақытша комитеті (Комуч) құрылып, Батыс Алашорда үкіметі күшейген тұста Е. Қасаболатов, М.-Х. Мырзағалиев, Қ. Тәттібаевпен бірге Батыс Алашорда қызметіне араласты. 1919 жылы қаңтарда Қызыл армияның Чапаев дивизиясы Орал қаласын алғаннан кейін Қараоба болысы арқылы Жайық өзенінен өтіп, наурыздың басында Орал қаласына келген. М.-Х. Мырзағалиевпен бірге РК(б)П қатарына өтуге өтініш береді. Түркістан майданындағы 4-армияның Ерекше бөлім бастығы Федоровичтің құпия тапсырмаларын орындады. Орал Қазақ Әскери-революциялық комитетінің 1919 жылы 18 қарашадағы қаулысымен Жымпиты уездік ревкомының болашақ мүшелерін бастап, 4-армия 49-дивизиясының 1-бригадасы және Башқұрт кавалериялық бригадасымен бірге сол жылғы 21 қарашада Жымпитыға кірді. Б. Қаратаев, Лежава-Мюратпен бірге 21-22 қарашада Жымпиты қаласында митингтер өткізіп, түсінік жұмыстарын жүргізді. Жымпиты өкілдері мен Орал большевиктер тобының біріккен мәжілісінде құрамына Е. Қасаболатов, М.-Х. Мырзағалиев, М. Жолдыбаев, Ж. Шанин, Т. Өтеулиев, С. Коллонтай енген Жымпиты уездік революциялық комитетінің төрағасы болып тағайындалды. 4-армия РӘК-ның және Қазәсревкомның шешімімен Жымпиты бойынша Батыс Алашорда үкіметін Кеңес жағына шығару жөнінде келіссөз жүргізетін уәкілетті өкіл болып ұйғарылды. 1919 жылы желтоқсанда Жымпитыға жіберілген Батыс Алашорда үкіметінің делегаттары – Сағыз уездік сотының төрағасы Ш. Сейкетов және Ойыл уездік сотының мүшесі Ж. Тілеубергеновпен келіссөз жүргізуге қатысты.
1920 жылы қаңтарда Батыс Алашорда үкіметін тарату жөніндегі Қазәсревком мен 4-армия айрықша комиссиясының жұмысын ұйымдастырды. 1920 жылы сәуірде Орынборға шақырылды. Қазәсревкомның коммунистер фракциясы атынан мәжілістерге қатысып, ұйымдастыру бюросы Төралқасына мүше болып сайланды.
1920 жылдары аумақтық межелеу бойынша Мәскеу өкілдерінен бөлек айрықша пікір ұстанды, Торғай облысын революцияға дейінгі аумағында қалпына келтіруді табанды түрде жақтап, Қостанай және Ақтөбе губернияларын РКФСР құрамында Орынбор губерниясына қосу ұсынысына, БОАК комиссиясының төрағасы Сабыровтың Орал губерниясына қарасты Елек уезінің бір бөлігін Орынбор губерниясына қосу жөніндегі пікіріне батыл қарсы шықты. 1925-1928 жылдары Жетісу губерниялық атқару комитетінің төрағасы болып жұмыс жасаған. Принципті көзқарастары үшін Ф.И. Голощекин тарапынан қудаланып, Өзбекстанға қызмет ауыстыруға мәжбүр болады. 1928-1937 жылдары Ташкент мақта-ирригация институтының ректоры, ал 1937 жылы «халық жауы» деген айыппен БК(б)П қатарынан шығарылғаннан кейін өз-өзіне қол салып, дүниеден өткен (Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Құраст: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. ).