Әлібеков Ғұбайдолла 1870 жылы Жымпиты уезінде (қазіргі Сырым ауданы БҚО) Қарасу болысында дүниеге келген. Орал қаласындағы училищеде, Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын семинарияда білім алғаннан кейін ауылда мұғалім болып қызмет атқарған. Бастапқы кезде Орал уездік полиция басқармасында тілмаш, кейін Ойыл және Соналы болыстарының басқарушысы қызметін атқарған. 1917 жылы Ақпан революциясы тұсында ол Халел және Жаһанша Досмұхамедовтермен бірге Орал облыстық қазақ съезін өткізуге атсалысқан, Алаш қозғалысының белсенді мүшесі, заң қызметкері.
1917 жылдың көктемінде Орал облыстық қазақ комитетінің төрағасы болды. Орал қаласында өткен облыс қазақтарының бірінші съезінде Орал облыстық қазақ комитеті Жайық өзенінің сол жағалауын қоныстанған қазақ ауылдарын басқару мақсатында құрылады. Әлібеков Ғұбайдолла осы құрылған қазақ комитетінің төрағалығына сайланады. Комитетке мүше болып Ж. Досмұхамедов, Ы. Тоқберлиев, Х. Тасымов. Т. Сарбупиев, Е. Мұқанов, Д. Сәрсенбаев, Ғ. Әлібеков, Д. Күсепқалиев, Б. Жанқадамов, Р. Қаржаубаев, Д. Жұлдызов, Х. Досмұхамедов, Ы. Топаев, Е. Әбенов, К. Жәленов, Ғ. Есенғұлов, С. Қаратілеуов, Б. Жұмағалиев, С. Омаров және Б. Тлепин сайланады. Орал комитеті І Орал облыстық қазақ съезінің Жайық сырты бөлігіндегі бұрынғы төрешіл-бюрократтық басқару жүйесін коллегиалды халықтық басқару жүйесіне ауыстыру жөніндегі шешімінен туындаған барлық қаулы-қарарды жүзеге асырумен шұғылданды. Орал қаласындағы, уездегі қазақ қаржысына салынған жылжымайтын дүние-мүлікті есепке алып, қазақ пайдасына қызмет еткізу, елден ерікті жылу жинау, оқу орындарын ашу, жәрмеңкелер өткізу, азық-түлікпен қамтамасыз ету, басқа да қоғамдық ұйым-мекемелермен байланыс жасау ісімен айналысты. Әлібеков Ғұбайдолла съезді кіріспе сөзбен ашып, оның төрағасын, екі орынбасарын және 3 хатшысын сайлау жөнінде ұсыныс жасаған. Съезд төрағалығына Жаһанша Досмұхамедов сайланды. Ғ. Әлібеков Бүкілресейлік мұсылман съезіне делегат болып осы съезде сайланды (1917 ж. 17 сәуір). I Жалпықазақ съезінде (Орынбор, 1917 жылы 21-28 шілдеде) Орал облысы мен Маңғыстау уезі атынан Құрылтай жиналысы депутаттығына кандидат болып бекітілді. II Жалпықазақ съезінде (Орынбор, 1917 жылғы 5-13 желтоқсан) Алашорда автономиясын жедел жариялауға рұқсат бергенде Ғ. Әлібеков те атсалысады. 1919 жылы Алашорда таратылғаннан жазда басқа алаштықтармен бірге Кеңес өкіметі жағына шығады. 1920 жылы наурыздан бастап Қазәсревком мүшесі, Қазақ АКСР-ын құру жөніндегі істерді ұйымдастырушы бола отырып, қазақ халқының этникалық территориясын мүмкіндігінше түгелдей топтастыруға айтарлықтай үлес қосады. Кеңестердің бүкілқазақстандық құрылтай съезінде Қазақ АКСР үкіметінің құрамына сайланып, Қазақстанның тұңғыш Заң халкомы болады. Кейін Қазақ Республикасының прокуроры, 1922-1923 жылдары Орал облысы Жымпиты уезі АК-ның төрағасы қызметтерін атқарады. Осы қызметте жүрген шағында қайтыс болады. (Д. Сүлейменова Ж. Досмұхамедов ...115-б.)