Байшеркешев (Байшеркешов) Мұстафа 1890 жылы БҚО Тайпақ ауданы Базартөбе ауылында Мәулімберлі қонысында дүниеге келген. Ұлты – қазақ, білімі орташа, арабша сауатты, діни өкілдің ұрпағы, әкесі – атақты бай Серғали Байшеркешев. 1929 жылы 3 қаңтарда БҚО Тайпақ ауданының №9 ауылында сайлау комиссиясы отырысының шешімімен РКФСР ҚК 13 және 14-баптары бойынша «адам еңбегін қанаушы», «діншіл» деген айыптармен сайлау құқығынан айрылған (БҚО МА, сайлау құқығынан айрылғандар тізімінде берілген). 1931 жылы тұтқындалғанға дейін БҚО Чапаев ауданы №15 ауылында тұрып, мұғалім қызметін атқарған. 1931 жылы 27 тамызда істің қылмыстық құрамының болмауына байланысты босатылған. Кейін 1937 жылы 25 қарашада БҚО УНКВД тарапынан қайта тұтқындалып, Үштіктің шешімімен РКФСР ҚК 58-10, 58-11-баптары бойынша сотталып, 10 жылға ЕТЛ-ға қамалған. (БҚО ПДА 1-қор, №П-983 іс. Б. Джанкадамов қылмыстық ісі. Осы бір делода 8 адам ісі қаралып, бәрі 1 топ ретінде антисоветтік ұлтшыл, террористік қозғалыс ұйымдастырушылар деп айыпталып, түгелдей қылмыстық іс қозғалған. Қылмыстық істе: Жанқадамов Бижан, 1889 ж.т. (вет дәрігер), Таушанов Сейфіл, 1890 ж.т. (мектеп директоры), бұл екеуі ең ауыр үкім – ату жазасына кесілгендер. Қалғандары: Арстанов Яхон, 1904 ж.т. (землеустроитель), Байшеркешев Мұстафа, 1890 ж.т. (мұғалім); Ақбаев Рустем, 1896 ж.т., (мұғалім), Джармухамбетов Дабыс, 1897 ж.т., Джакубалиев Мухамеджан, 1892 ж.т., (педкурс директоры); Ажгиреев Валихан, 1903 ж.т., (мұғалім), бұлар 10 жылға бос бостандығынан айырылғандар, істері тіркелген).
Қосымша: 1936 жылы Казталов ауданына жұмыс бабымен көшіп келген кезінде Батыс Алашорда белсенділерінің бірі – Бижан Жанқадамов бұрыннан жақсы танитындықтан, осы М. Байшеркешевтің үйінде уақытша тұрған. Осы үйде Б. Жанқадамовтан басқа Китаров, халықтық судья Масақбаев, Хасан Садақбаев, Қарлығашев сияқты Алашорданың белді мүшелері үнемі жиналып, кездесіп отырған. (Мағлұматтар М. Байшеркешевтің 1937 жылғы қарашадағы Бижан Жанқадамов ісі бойынша да айыптау парағынан алынған. Дабыс Джармухамедовтің ісінде тіркелген. (БҚО ПДА, №3984 іс. 130-п.).